Жуырда қазақ киноөндірісіне тағы бір фильм қосылды. Жаңа туынды хакім Абай туралы. Жалпы, бұған дейін де ақын туралы бірнеше көркем һәм деректі фильм түсірілген. Бұл да сол данышпан Абайға қол созған кезекті тың туынды. Күні кеше ғана ел астанасында «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Ойшылдың ақырғы күндері туралы бір сериялы тарихи кино «Хабар» агенттігі» АҚ тапсырысымен түсіріліп отыр.
Ақын өмірінде ұлы Мағауияның қазасы сұмдық ауыр болғанын білеміз. Бауыр еті баласының өлімінен кейінгі ақырғы қырық күнін Абай қалай өткізді? Не күй кешті? Не айтты? Фильм және сценарий авторлары – жазушы-журналист Қанат Тілеухан мен әдебиетші Бағашар Тұрсынбайұлы осы сұрақтарға жауап іздеп, хакімнің соңғы қырық күндегі бейнесі мен рухани ахуалын көрсетеді.
«Біз ақын өмірінің бір кезеңіне ғана тоқталдық. 1904 жылы Балашақпақ жайлауынан Абайдың сүйегі қайтты. Уәсилә Мағауияқызының айтуынша, хакімнің демі Балашақпақтағы Қырықошақ деген жерде үзілген. Осы Қырықошақта болған қайғылы оқиғаға дейінгі ақынның қырық күні фильмде қамтылған. Абайдың данышпан екенін бәріміз білеміз де, қарапайым адам екенін қаперге ала бермейтін сияқтымыз. Өмірінде жасып көрмеген, ғажайып қайрат, кемел ақыл иесі Оспан, Әбіш қайтыс болғанда қатты күйзелді. Бірақ Мағауия тірі болатын. Бар сүйеніші, үміт артқаны қасында болды. Алайда жасынан жабысқан дерт ақыры Мағашты да алып тынады. Бұл қаза Абай өміріндегі ең ауыр соққы болды. Көрермен қауым ақын бейнесін жаңа қырынан көріп, өмірінің соңғы күндеріндегі рухани халін тани түседі деп үміт етеміз», дейді Қанат Тілеухан.
Деректі фильм кейіпкерлерімен құнды болмақ. Олардың бәрі Абай елінде туған, ақын өмірінің шежірелі қатпарларынан хабары бар адамдар. Мысалы, Нәстілек Сәменбетов – Абайдың шәкірті, Уәйіс Шондыбайұлының жиені, Шағжан Исабаев – әйгілі Бекен Исабаевтың ұлы, шежіреші, Құсман Берлешов – Тәңірберді Құнанбайұлының ұрпағы, Манатай Балтақайұлы – Ырғызбай тұқымы. Айта кетейік, фильмнің режиссері – Бекзат Смадияр, продюсері – ақын Серік Қалиев.
«Абайдың соңғы күндері» – «Хабар» агенттігі биылғы жаңа телемаусымда көрерменге ұсынып отырған түрлі жанрдағы жүзге тарта жобаның бірі және бірегейі. Агенттіктің тапсырысымен аталған жобаны қолға алған белгілі журналист, жазушы Қанат Тілеухан бұл туынды арқылы бүкіл қазақтың қайғысын арқалаған ұлы ақынның соңғы 40 күндегі ішкі дүниесіндегі арпалысқа, терең күйзеліске негіз болған оқиғалар арқылы үңіледі. Кейіпкерлердің айтуымен кейбір тың деректерді ашып, көрерменге ой салады», деді «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли.
Тың туындыны көрермендер Республика күніне орай «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады.