• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2022

Бәрінен де биік бақыт

175 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Тәуелсіз ел болғалы балаларға арнайы ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы болар.

Бірін ескереміз, бірін ескермейміз, жыл сайын балаларға қатысты қанша­ма құқық бұзушылық, қылмыс, оқыс оқиғалар болып жатады. Шын мәнін­де, соның барлығы терең зерделеуді, тегеурінді тәртіпті қажет етеді. Бүгін балаға мән бермеу – елінің ертеңіне тоңтеріс қараумен бірдей. Мемлекет басшысы өзінің жаңажылдық құттық­тауында балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтты. «Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты бола­шағының сенімді кепілі. Сондықтан осы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деген Президент бұл жерде әңгіме ұрандар мен мерекелік іс-шаралар туралы емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, балалық шақты қорғау бойынша нақты шаралар туралы болып отырғанын атап өтті.

Тұңғыш Президенттің тарихи-мә­дени орталығы Балалар жылы аясында көптеген қаладағы балабақша мен мектептегі балалармен көктем мен жаз айларында мәдени іс-шараларды бірлесе атқардық. Атап өтер болсақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» атты квест-ойындары балалар­дың жазғы демалысы кезінде айлық­тар мен апталықтар түрінде үздіксіз ұйымдастырылды. Каникулдағы мек­тепішілік лагерь балалары үшін орта­лықта қазақтың ұлттық ойындарын үйрету мақсатында экскурсиялық-ұлттық ойындар топтамасы өтті. Мәселен, 1 маусым күні «Барлығы балалар үшін!» республикалық акциясы аясында Теміртау қаласының білім бөлімі, «Шаңырақ» еріктілер орталығы мен Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қолдауымен «Көңілді жаз-2022» атты мерекелік іс-шара өткізді. Мерекелік концертке Теміртау қаласының 10 мектебінен және 10 балабақшасынан 150-ге тарта оқушы келіп, «Астана» алаңында танымдық ойын стансаларында спорттық (ұлттық ойындар, эстафеталар, спорттық ойындар), зияткерлік станса (үстел ойындары: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, басқатырғыштар, «Интеллектум» және т.б.), «Әдеби қонақжай» стансасы (мә­нерлеп оқу сайысы, викториналар), «Шы­ғармашылық шеберхана» стансасы (саздан, ермексаздан, оригамиден жа­салған суреттер, қолдан жасалған бұ­йымдар конкурсы), ЖЖЕ («ақылды бағдаршамшы») секілді танымдық ойындарға қатысты. Ал Ұлттық домбыра күніне орай Теміртау қаласы «Әлем» балалар-жасөспірімдер шығармашы­лық орталығы мен «Мирас» вокалды-аспапты ансамблінің тәрбиеленушілері орталықтың шаңырағында ұйым­дас­тырылған мерекелік іс-шараға үлес қосты. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы балаларды спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтына шақыру мақсатымен түрлі спорттық жарыстар мен сайыстарды жиі өткізіп отырады.

«Спорт – тәрбие негізі» іс-шарасы бала­лардың жазғы демалысын көңіл­ді өткізуіне, олардың спортпен шұғыл­дануына және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сайысқа Теміртау қаласының №2 орта мектебінің оқушылары қатысты. Тағылымды іс-шараны орталықтың басшысы Саида Саргизова ашты. Іс-шараның құрметті қонағы ауыр атлетикадан спорт шебері, кәсіби пауэрлифтингтен әлем және республиканың бірнеше дүркін чемпионы, ардагер-металлург Айтжан Исақов ақсақал жастарға спортпен шұғылдану арқылы көптеген жеңіске жетуге болатыны жайлы ақыл-кеңесін айтты. Мұнан әрі ­жастар екі командаға бөлініп, қол күресі мен дойбыдан сайысқа түсті.

Бала лайықты тәрбие алсын, бала ұлттық тамырынан ажырамасын, за­манға бейім болсын, бос уақытын пай­далы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедер­гісіз алсын, арман-қиялының шын­дыққа айналарына сенсін. 2022 жыл – бала құқығына қатысты мемлекеттің батыл қимылдары жүзеге асатын берекелі, тиімді жыл болады деген сенім басым.

 

Құрманшәді ОРАЗЫМБЕТОВ,

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері

 

Қарағанды облысы