«Amanat» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы делегаттарының қатарында партияның ХХІV съезіне және халықтық коалиция қолдаушыларының форумына қатысып, ауылға үлкен әсер алып оралдым. Әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумда сөйлеген сөзі қазіргі өміріміздің шындығын айтып отырғандығының куәсі болдым.
«Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана ұлт болып, ел болып отыра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қала алады», деді Президент сөзінде. Шынында тәуелсіздіктің арқасында ғана қазақ халқы биік асуларға жетіп отыр, қазір бізді әлем таныды, қазақтың өнеріне ғалам қол соқты. Егер біз әлі де біреуге селбесіп жүрген болсақ ұлттық құндылықтарымыз ешкімге білінбей, өзіміз де оны қорғай алмай, жылдан-жалға жоғалып кетер еді. Ондайды біз бастан өткіздік. Қазір сол жоғалтқандарымызды жаңғыртудамыз.
Президент айтқандай «Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз». Барлық Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне қолымыздан келген көмегімізді жасауымыз керек. Біздің шаруашылығымызда жүзден артық адам жұмыс істейді. Шаруашылықтың орталығы – Ноғайбай ауылы, біз оған шаруашылығы тұралап, жағдайлары жүдеп қалған Бірлік, Дүйсеке, Надежка секілді ауылдардың да жерін тұрғындардың өтініштерімен қосып, барлығы 25 мың гектардай жерге дән егеміз. Биылғы табысымыз да мол болды. Халыққа тиесілі пайларын уақытында беріп жатырмыз. Жерді табыс көзі екен деп сора беруге болмайды, оны үнемі тыңайтып, жасаңғыратып отыру керек. Біз парға қалдырған жерге үнемі минералды тыңайтқыштар сеуіп, жерді тыңайтып отырамыз. Жер күтуде білімнің жетістіктерін пайдалануға тырысамыз. Ғылымның жетістіктерін қолданбасақ, жаңа амал-тәсілдерді енгізбесек, білікті мамандарды шаруашылыққа тартпасақ, бәрібір артта қалған болар едік. Сондықтан біз осы іске қатты мән беріп, алдыңғы қатарлы техникалар мен технологияларды өндіріске енгізіп келеміз. Президент те осыны айтып, «Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты əкеліп, өндіріске қосатын жаңа əрі білікті мамандар керек», деді.
Кешегі сөзінде Президент Қ.Тоқаев «Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық əр азаматқа тəн қасиет болуға тиіс», деді. Біз де туған елге жанашырлық жасап, ауылдың әрбір тұрғынына су тартып бердік. Жылу да орталықтандырылған. Қазір біздің шаруашылықтағы ауыл үйлері қаланікінен кем емес. Үйге су келіп тұрған соң су жылытқышты да, жылы әжетхананы да бәрі орнатып алған. Ауылдың жолы да жарқыраған тасжол. Қысы-жазы ауылға жете алмай қалу сияқты проблемалар артта қалған. Елге жасаған жанашырлығымыз да көзге ілінбей қалған жоқ. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша берілген «Жомарт жүрек» сыйлығын, 2020 жылы «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығын және сол жылы «Жылдың үздік фермері» аталымы бойынша республикалық сыйлық алдық. «Құрмет» орденін де лайықты деп танылдық. Өз басым осындай жетістіктермен Қасым-Жомарт Кемелұлы талап еткен үрдіске сай боламыз ғой деп санаймын. Алдағы сайлауға мен өз кандидатымды нақты белгіледім. Ол бізді тура жолға бастаушы нағыз көшбасшымыз екені даусыз.
Алтынбек САПАРОВ,
«Ноғайбай» ЖШС бас директоры,
облыстық мәслихат депутаты
Солтүстік Қазақстан облысы