• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Қазан, 2022

Халық мүддесі – бәрімізге ортақ

113 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы делегаттарының қатарында партияның ХХІV съезіне және халықтық коалиция қолдаушыларының форумына қа­ты­сып, ауылға үлкен әсер алып оралдым. Әсіресе Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумда сөйлеген сөзі қазіргі өміріміздің шындығын айтып отырғандығының куәсі болдым.

«Біз егемендігімізді сақтай ал­сақ қана ұлт болып, ел болып оты­ра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қала алады», деді Президент сөзінде. Шы­­нын­­да тәуелсіздіктің арқа­сын­­да ғана қазақ халқы биік асулар­ға жетіп отыр, қазір бізді әлем та­ныды, қазақтың өнеріне ғалам қол соқты. Егер біз әлі де біреуге сел­бесіп жүрген болсақ ұлттық құн­ды­лықтары­мыз еш­кімге білінбей, өзіміз де оны қорғай алмай, жылдан-жал­ға жоғалып кетер еді. Ондай­ды біз бастан өткіздік. Қазір сол жо­ғалт­қандарымызды жаңғыртудамыз.

Президент айтқандай «Тә­уел­­сіздік – біздің ең бас­ты құн­­д­ы­лығымыз». Барлық Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Тәуел­сіздігіміздің нығая түсуі­не қолымыздан келген көмегі­мізді жасауымыз керек. Біздің шаруашылығымызда жүз­­ден артық адам жұмыс іс­тей­ді. Шаруашылықтың орта­лы­ғы – Ноғайбай ауылы, біз оған шаруашылығы тұра­лап, жағ­­дайлары жүдеп қалған Бір­лік, Дүйсеке, Надежка секіл­ді ауылдардың да жерін тұрғындардың өтініштерімен қосып, барлығы 25 мың гектардай жерге дән егеміз. Биылғы табысымыз да мол болды. Халыққа тиесілі пайларын уақытында беріп жатырмыз. Жерді табыс көзі екен деп сора беруге болмайды, оны үнемі тыңайтып, жасаңғыратып отыру керек. Біз парға қалдырған жерге үнемі мине­ралды тыңайтқыштар сеуіп, жерді тыңайтып отыра­мыз. Жер күтуде білімнің жетіс­тік­терін пайдалануға тырысамыз. Ғылымның жетістіктерін қол­дан­басақ, жаңа амал-тәсіл­дерді енгізбесек, білікті мамандар­ды шаруашылыққа тарт­пасақ, бәрібір артта қалған болар едік. Сон­дықтан біз осы іске қатты мән беріп, алдыңғы қатарлы тех­­ни­калар мен технология­лар­­ды өндіріске енгізіп келе­міз. Пре­зидент те осыны айтып, «Қазақ­стан жаһандық эконо­микадағы үрдіс­терге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-тех­но­ло­гиялық жаңашылдықты əкеліп, өндіріске қосатын жаңа əрі білікті мамандар керек», деді.

Кешегі сөзінде Президент Қ.Тоқаев «Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жоба­лар, заңдар мен жарғылар ел мүд­десін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық əр азаматқа тəн қасиет болуға тиіс», деді. Біз де туған елге жана­шырлық жасап, ауылдың әрбір тұрғы­ны­на су тартып бердік. Жылу да орталықтандырылған. Қазір біздің шаруашылықтағы ауыл үйлері қаланікінен кем емес. Үйге су келіп тұрған соң су жылытқышты да, жылы әжет­хананы да бәрі орнатып алған. Ауылдың жолы да жарқы­раған тасжол. Қысы-жазы ауылға жете алмай қалу сияқты проблемалар артта қалған. Елге жаса­ған жанашырлығымыз да көзге ілінбей қалған жоқ. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша берілген «Жомарт жүрек» сыйлығын, 2020 жылы «Халықтың сүйік­тісі» ұлттық сыйлығын және сол жылы «Жылдың үздік фер­мері» аталымы бойынша респуб­ликалық сыйлық алдық. «Құр­мет» орденін де лайықты деп танылдық. Өз басым осындай жетістіктермен Қасым-Жомарт Кемелұлы талап еткен үрдіске сай боламыз ғой деп санаймын. Алдағы сайлауға мен өз кандидатымды нақты бел­гі­ледім. Ол бізді тура жолға бас­тау­шы нағыз көшбасшымыз екені даусыз.

 

Алтынбек САПАРОВ,

«Ноғайбай» ЖШС бас директоры,

облыстық мәслихат депутаты

 

Солтүстік Қазақстан облысы