Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен еліміздің бірнеше өңіріне ат басын тіреді. Нақтырақ айтсақ, Президент Түркістан, Шымкент, Абай, Қарағанды облыстарының жұртшылығымен кездесіп, халықтың тыныс-тіршілігімен таныс болды.
Алғашқы жұмысын киелі шаһар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етумен бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолы да бабалар рухына құран бағыштап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі руханиятымыздың мызғымас діңгегі екендігін атап өтті. Президенттің киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы бастамасы Түркістанға ықыласы ерекше екенінің айқын дәлелі. Мемлекет басшысы сонымен қатар әлемде болып жатқан өзгерістер туралы айтып, Ресейден келіп жатқан көш туралы да баяндады. Бұл тұрғыда азаматтардың бейтараптық позициясын ұстану қажет екендігін ескертті. Бұл еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етері анық.
Қазақылықтың қаймағы атанған шырайлы шаһар Шымкент жұртшылығымен бас қосқан жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы стадиондағы төтенше жағдай кезінде еліміздің туын аман алып қалған оқиғаны еске алып, бұл істі атқарған жігіттерге алғысын айтты. Ерекше жылылықпен ерекшеленген миллионды қаланың тұрғындарын рухани жомарт деп атағаны тағы бар. Бұл салт-дәстүр толық сақталған оңтүстік өңірлеріне берілген үлкен мәртебе десем, артық болмас.
Қазақ әдебиеті мен тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Абай Құнанбайұлының атымен аталған Абай облысына бұл Мемлекет басшысының жасаған алғашқы сапары. Өңірдің бірқатар мәдени-білім беру ошағында болған Президент халқымыздың бірегей тұлғалары – Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Өткенге тағзым, хакім Абайды ұлықтау – баршамыздың перзенттік парызымыз екендігін атап өтті. Ақын өлеңдерін тілге тиек етіп, адамзат дамуына кедергі болған бес дұшпанды жеңсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айтты.
Қазыналы Қарағандыға барып, облыс жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшасы өңірді Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер, деді өз сөзінде. Өнеркәсіп саласы ілгерілеп тұрғанын атап, өндірістің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрап отырғанына тоқталды.
Жалпы, Қазастан жері кең-байтақ әрі әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі мен маңызы бар. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз үшін алдағы президент сайлау үлкен жауапкершілікті арқалаған тарихи кезең болғалы тұр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси көшбасшы ретінде Қазақстан халқы үшін бастаған игі бастамалары еліміздің өркендеуі жолындағы шамшырақ іспеттес. Ал біздің борышымыз егемендігімізді көз қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау. Бұл орайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елдегі қолға алынған реформаларды қолдап, жүзеге асуына бір кісідей атсалысайық.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Amanat» фракциясының мүшесі