Қала маңындағы қоқыс және тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның ахуалы тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жергілікті халық осы мәселе бойынша Семей қаласының әкімдігіне жүгінген. Олардың айтуынша қала сыртында орналасқан полигондағы қоқыс желді күні тұрғын-үйлер мен көшелерге ұшып келеді. Осыған орай қандай шара қолданылатыны жайлы әкімдіктің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Полигон аумағынан тыс жерге қоқыс желмен таралмас үшін қоршау биіктігін екі есе арттыра отырып, бөлінген учаскенің айналасына торлы қоршау орнатылады», деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар қаланың кварталішілік аумақтарынан қатты тұрмыстық қалдықты шығару мәселесін шешу үшін қала әкімі Н. Нұрсағатов контейнерлік алаңдарды, жаңа форматтағы контейнерлер санын ұлғайтуды тапсырған.
Айта кетейік, қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін қосымша техника сатып алу қажеттігі де бар.