• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2022

Түрленген Тоғыс

323 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының іргесіндегі Тоғыс тұрғын алабында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аталған елді мекенде 7 500-ге жуық халық тұрады. Тұрғын алабында мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, спорт және балалар ойын алаңшасы, тағы да басқа әлеуметтік нысандар қарастырылған.

Дегенмен атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстың бірі – ұңғыма қазу. Сол арқылы Тоғыс, Айнатас, Елтай елді мекеніндегі 11 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қазіргі таң­да құрылыс жұмыстары қарқын алған. Тоғыстан 73 метрлік су ұңғымасы қа­зы­лып, болат құбырлар салынуда. Ол қосымша ұңғыма ретінде жаз айларында қолдану үшін керек. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов жұмыстың белгіленген мерзімінен ке­шікпей, сапалы орындалуына күш салу керектігін айтып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.

Негізінен Тоғыс елді мекенінің тұр­ғындары ауыз судан тарыққан емес. Бүгінгі таңда тіршілік нәрімен қамтылу көрсеткіші 98 пайыздан асқан. Сапалы электр жарығымен қамтылу көрсеткіші де 99 пайызға жетіп отыр. Биыл тұрғындарды жарықпен қамту үшін жаңадан бағаналар орнатылып, электр желілері тартылды. Сондай-ақ Тоғыс жұртының 98 пайызы көгілдір отын тұтынады. Тек жаңақұрылыс аума­ғындағы 31 тұтынушының мәсе­лесін шешу үшін келесі жылы жобалық сметалық құжаты әзірленбек. Елді мекен жолдарына да әкімдік тарапынан жіті назар аударылып келеді. Мәселен, былтыр Ақмая мен Айыршық көшелері орташа жөндеу көрсе, биыл 4 көше асфальтталды. Тоғыстағы көшелер саны – 18. Бұдан өзге С.Оспанов пен Мұнайбарлаушылар көшесіне де осы жылы жарықшамдар орнатылды.

Сондай-ақ Тоғыс елді мекенінде 15 мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін жеке инвестиция есебінен Togus-med медицина орталығы ашыл­мақ. Соның нәтижесінде Тоғыс, Елтай, Жыланбұзған, Маятас, Айнатас елді мекендері толық медициналық қызмет­пен қамтылады. Орталықтың бір ауы­сым­дағы сыйымдылығы 200 адам құ­рай­ды. Мұнда бастапқы әлеуметтік-медициналық көмекпен бірге (ересектер мен балаларға), ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология, медициналық реабилитация, физиотерапия және емдік физкультура мен массаж сынды емдік шаралар бо­йынша қызметтер көрсетіледі. Сонымен бірге орталық рентген, флюорография, УДЗ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирография секілді диагностикалық қызметтер ұсыну үшін зертханамен және рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирограф секілді заманауи аппараттармен жабдықталады. Мұнда күндізгі стационар да жұмыс істейтін болады. Медициналық орталықтың сапалы қызметінің нәтижесінде санитарлық көмектің тиімділігі жақсарып, пациенттер уақтылы, толық және сапалы тек­серіліп, амбулаториялық немесе күндізгі стационар жағдайында ем қабыл­дайды.

– Медициналық орталық бұл елді мекендерге жақын орналасқан. Сондықтан қалаға келіп әуре болмай-ақ қызметтің басым бөлігін осында алуға болады. Бұл өз кезегінде халыққа сапалы меди­циналық қызметтің қолжетімділігін арттырады, – деді шаhар басшысы.

Тоғыс елді мекенінің жанындағы Маятас ауылында да ирригациялық жүйе­лер жаңғыртылуда. Мәселен, тұр­ғын алабының Қ.Нысанбайұлы көше­сі бойына ирригациялық науалар орнатылды. Бұл екі елді мекен де қаланың Еңбекші ауданына қарайды. Сондай-ақ Тоғыс пен Маятасты қосқанда осы аудандағы Бадам-1 тұрғын алабы мен Шаңырақ шағын ауданында 1,6 шақы­рым­ды құрайтын арықтар қазылып жатыр. Осыдан екі ай бұрын басталған жұмыс қазан айында аяқталады деген жоспар бар. Өз кезегінде қала әкімі ал­дағы ауа райының қандай болатынын болжап біле алмағандықтан, жауын-шашын басталғанша аумақтағы арыз-атыздарды салып бітіру керегін ескертті.

Айта кету керек, былтыр аудан аума­ғындағы 13 мекенжайда 3,3 шақы­рымға ирригациялық арықтар орна­тылған еді. Биыл жаңбыр шамадан көп жа­уып, арық-атыздардың жетіспеушілігі байқалды. Сондықтан су басудың алдын алу үшін бірінші кезекте 7,3 шақырымды құрайтын 21 нысанға ирри­га­циялық жүйелер жүргізу жоспарланды. Қазірге дейін 14 мекенжайда жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын арықтар орнатылып, жұмыстар бітуге жақын қалды. Ол Қарабастау, Қаратөбе және Бадам-1 тұрғын алаптарындағы көшелер мен жолдар. Жоспар бойынша қалған 31 мекенжайға ирригациялық жүйелер 2023-2025 жылдар аралығында жүргізіледі.

 

ШЫМКЕНТ