Қазақстандық колледждер 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлеп, жаңартты. Бағдарламаларды әзірлеу үшін еңбек нарығының қажеттіліктерін білетін жұмыс берушілер тартылды. Әсіресе жұмыс орнында белгілі бір мамандықты игеру үшін қандай дағдылар мен машықтар қажет екендігі туралы жұмыс берушілердің пікірі ерекше ескерілді.
Мысалы, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС ұсынысымен «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларына ауыл шаруашылығы техникасының электрика, гидравлика, трансмиссия, навигация және отын жүйелері бөлімдерін оқыту қосылды.
«Барлық білім беру бағдарламасы МЖМБС және кәсіптік стандарттардың сәйкестігіне сараптамадан өтіп, әрі қарай Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізеді. Осылайша, білім беру бағдарламаларын сараптау бүгінгі еңбек нарығының қажеттіліктеріне және талаптарына сәйкес келетін бағдарламаларды таңдауға мүмкіндік берді. Оқытудың мынадай бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары әзірленді: инженерлік, өңдеу және құрылыс технологиялары, білім беру, қызмет көрсету саласы, қаржы және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және т.б. әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін колледждер жанындағы Индустриялық кеңестер санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. Бұрын олардың саны 513 болса, қазір 578-ге жетіп отыр. Яғни білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысатын жұмыс берушілер саны көбейіп келеді», деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.