• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Қазан, 2022

Сирек сырқаттың емі

350 рет
көрсетілді

Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасында алтын қолды дәрігерлер 16 жастағы науқасқа операция жасап, ісік пайда болған оң жақ аналық безді түтікпен алып тастады. Елордаға ем іздеп келген бұл жеткіншек – Семей қаласының тұрғыны.

Биыл сәуір айында анасы баланың іші тым үлкейе бастағанын байқап, жүкті әйелге ұқсауына алаңдаған. Содан кейін жасалған медициналық зерттеулер іштің кең түзілуін көрсеткен. Нәтижесінде, баланы Астанаға апарып, шұғыл түрде №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызды. Науқас ауруханаға ауырсыну синдромы, төмен гемоглобин деңгейі, орташа ауырлық жағдайымен түскен. Ішіндегі ісіктің тым үлкейіп кеткені соншалық, басын көтеріп жүруі қиындық туғызды.

Содан лапароскопиялық операция кезінде 8 литрден аса сұйықтық алынып тасталды. Ісік оң жақ аналық безде пайда болған. Оң жақ аналық бездің тіндері өзгергендіктен, дәрігерлер баланың денсаулығына қауіп төндірмеуге шешім қабылдап, оң жақ аналық безді түтікпен алып тас­тады.

Жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Оразалиновтің айтуынша, дәрігерлер аса күрделі операция жасаған. «Науқастың репродуктивті функциясы зардап шеккен жоқ, өйткені екінші аналық без жұмыс істеп тұр. Аса ұқыптылықпен үш тесік жасалып, 3 см-ге дейін кесілді. Қазір жеткіншек ауруханадан шығарылды, енді өз қаласында гинекологтің бақылауында болады», дейді ол.

Анасы операция жасап, үлкен көмегін көрсеткен дәрігерлерге алғысын жаудырды. Әсіресе, шұғыл түрде шешім қабылдап, операцияны сапалы әрі сәтті жасап шыққан мамандардың кәсібилігін ерекше атап өтті.

Бұған қоса елордалық хирургтер бес жасар балаға сирек кездесетін перкутанды гастростомия бойынша тағы бір операция жасады.

Табиғи жолмен тамақтануға мүмкіндік бермейтін бір­қатар неврологиялық аурулар бар. Гастростомияны орындау ауыр аурулары бар науқастардың толыққанды дұрыс тамақтануына мүмкіндік береді. Астаналық хирургтер дәл осындай операция жасап, гастростомиялық түтікті орнату арқылы науқастың дұрыс тамақтануын қалпына келтірді.