Қазақстандық Айша Сабыржанқызы Англияда өткен халықаралық көркемсурет байқауында бірінші орын алды.
Дарынымен дараланған алты жасар қыз бұл өнер бәйгесіне «Алашорда» атты картиналар топтамасын ұсыныпты. Бұларда жиырмасыншы ғасырдағы қазақ зиялыларының жарқын бейнелері көрініс тапқан.
Кәделі конкурсқа түскен туындыларды әлемнің әр шалғайынан келген 58 қазылар алқасы сарапқа салыпты. Айы оңынан туған Айша таланттар тайталасында топ жарып қана қоймай, үздіктер үкіленген продюсерлік каталогке да еніпті.
Айта кететін жайт, Айшаның суреті бойынша Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді Алаш арыстары шетелдік VOGUE журналының мұқабасында бейнеленген. Бір қызығы, қиялы жүйрік қылқалам шебері кейіпкерлерінің үстіне қазіргі таңда екінің бірі таба алмайтын сәнді костюмдер «кигізіпті». Ол өзінің бұл суреттерін әлеуметтік желі арқылы төрткүл дүниеге тегіс таратып үлгеріпті.
Анасының айтуынша, Айша бес жасынан бастап сурет салумен әуестеніп, он екіге толғанда кенепке пейзаждар мен келісті портреттер жазып әжептәуір машықтанған көрінеді.
«Алақанға салып аялаған Айшамыз қаршадай кезінде қант диабетімен ауырып, үй-ішімізбен қатты уайымдадық. Әрі-сәрі күйден әйтеуір шықтық-ау. Бірде Астанаға тойға бардық. Сол жолы күйеу баламыз бізді музейге апарды. Көз қуантар көрменің үстінен түстік. Қызымыз экспозицияға қойылған картиналарға телміре қарап ұзақ тұрды. Содан кейін-ақ ол талаптың тай жүйрігін ерттеп мініп, өнер жолына біржола бет бұрды», дейді анасы ағынан жарылып.
Буырқанған бояулар сырына қаныққан қабілетті бойжеткен бұдан кейін көптеген байқауға қатысып, қаптаған жүлдені қанжығасына байлады. Египет, Болгария, Колумбия және басқа елдерде осы саланың майын ішкен марғасқалардан мақтау естіді.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін өрелі өреніміз өнерсүйер қауымға Ассоль есімімен танымал иллюстратор-график отандасымызды өзіне үлгі тұтады. Оған тіпті ешкімді теңгермейді.
Ең бастысы, балғын суретші туған елінің тарихына қатты қызығады, халқын сүйеді. Алашшыл аталарының суретін салып, Альбион төрінде асқақтатуының түп себебі, сірә сонда болса керек.