Төл тарихымызды түгендеп, зерттеп, зерделеп жазу қазір де аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Тәуелсіздік мүддесіне сай келетін жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Мемлекет басшысының осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жаңа мазмұндағы көп томдық тарихты жазуды тапсыруы сондықтан.
Осы орайда 2019 жылы ұлттық архив қорларын шетелдік архивтерде сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттық дереккөздермен толықтыруға арналған «Архив-2025» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында қыркүйек айында қазақстандық делегация арнайы іс-сапармен Үндістанға барды. Делегация құрамында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Ж.Болдықов, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы, археология және этнология магистрі К.Пәрімбекова, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Бисенова, Есепке алу, сақтау бөлімінің бас сарапшысы, негізгі қор сақтаушысы Б.Омарова болды. Жұмыс тобы екі аптадан аса уақыт Үндістандағы ғылыми мекемелерде болып, жұмыс істеген.
– Іс-сапарға дайындық барысында Үндістанның архив және тағы да басқа ғылыми мекемелерімен мәдени байланыстар орнату үшін келіссөздер жүргізілді. Бұл ретте бізге Үндістан елшілігіне қарасты Свами Вивекананда мәдени орталығы және Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі көмектесті. Жалпы, екі ел арасындағы байланыстың тамыры терең. Ежелгі заманнан бастау алады десек қателеспейміз. Археология саласындағы деректер екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың Ұлы Жібек жолына байланысты күшейе түскендігін дәлелдейді. Тәуелсіздік алғаннан бері де Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр, – деді Жандос Болдықов.
Еске сала кетейік, осы жылдың 13 маусымында екі елдің мәдениет министрліктері арасында 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қойылған болатын. Бағдарламада ұлттық архив қорларын Қазақстан мен Үндістан халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі ақпаратты қамтитын құжаттармен толықтыру мақсатында екі елдің заңнамасына сәйкес олардың көшірмелерін анықтау және бір-біріне ұсынуға жәрдем көрсетіледі деп белгіленген. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жанынан құрылған ғылыми экспедиция тобының Үндістанның Ұлттық архивінде жүргізілген ғылыми-ізденіс жұмыстары өз нәтижесін берді деуге толық негіз бар.
Жалпы, Үндістанның ұлттық архиві 1891 жылы Калькутта қаласында Империялық мұрағат департаменті ретінде негізі қаланған. 1911 жылы жаңа астана Нью-Делиге көшірілген. 1998 жылғы 6 шілдеде архив жанынан Үндістан тарихына қатысты толық мәліметтер беретін «Ұлттық архив мұражайы» ашылған. Үндістан ұлттық архив қорының хронологиялық деректері сонау 1748 жылдан басталады. Негізгі құжаттар ағылшын, хинди, санскрит, урду, араб және парсы тілдерінде жазылған. Архив құжаттары төрт санатқа бөлінген; мемлекеттік құжаттар, шығыс құжаттары, қолжазбалар және жеке құжаттар.
– Біздің топтың еліміздің тарихына қатысты ғылыми-ізденіс жұмыстары Сыртқы байланыстар бөлімінің Қиыр Шығыс, сыртқы саясат, Бхопал агенттігі, Орталық Азия, Орталық Үндістан агенттігі, Сыртқы істер (тарихи) құжаттары бойынша жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде қазақ халқының отаршылдық саясат зардаптарына байланысты жерінен айырылып, талай ауыр кезеңді бастан кешіп, ежелгі тұрағы мен қара шаңырағынан үдере көшкен кезеңдеріне қатысты аса маңызды құжаттар анықталды. XX ғасырдың басында аштық қазақ халқын үш мәрте айналып соқты. Кеңес Одағының ресми деректеріне сүйенсек, 1930-1933 жылдар аралығында 3 млн-нан астам қазақ аштықтан көз жұмған. 1млн-нан астам адам көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Алтай асып, Баркөлден басталған бұл қаралы көш Гансу Чиңхай, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлерінен тұрақ таппай, аман қалғаны туысқан Түркия еліне қоныстанады. Тарихи деректер бойынша, Қытай империясынан қысым көрген қазақтар Тибет асып, Үндістанға өтуді көздейді. Гималай асып, оба мен ыс ауруларымен бетпе-бет келген 3 мың қазақ 1941 жылы Үндістанға жетеді, – деп нақтылады Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры.
Оның айтуынша, Саяси департамент бөлімі бойынша Үндістанның ұлттық архив қорында сақталған «Қазақ көшіне қатысты қабылданған шешімдер, Орталық Азиядан келген 3 мыңға жуық иммигранттар тобы», «Хайдарабадтағы Бхопал провинциясы бойынша тергеу ісі және Үндістанға келген қазақтар мәселесі», «Бхопалдағы қазақтарға қатысты шығындар», «Үндістанға келген қазақтар мәселесін шешу мақсатында құрылған ұйымдар», «Кашмирдің Джамму штатындағы қазақ мигранттары» атты құпия құжаттар қазақ тарихындағы осынау бір қиын-қыстау кезеңдердің дәлелі болып саналатын аса құнды деректер. Мәселен, солардың бірінде былай деп жазылған:
«Қараша айының соңына қарай Кашмирге татар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді. Мұсылмандар, ерлер, әйелдер мен балалар, олар ішінара діни және саяси себептерге байланысты, сонымен қатар экономикалық жайлылықты іздеп Үндістанға келді. Олар Кашмирге 4 мың жылқымен, 3 мың түйе және 20 мың қоймен жетті».
Сонымен қатар анықталған құжаттардың бірінде, дәлірек айтсақ 1948 жылы 14 ақпанда Калькуттадағы Қытай Республикасының Бас консулдығы мәлімдеген мынадай да құнды дерек бар. «Кашмирге 1941 жылы Шыңжаң провинциясынан 3 мың қытайлық қазақ келді. Олар Үндістанның ауа райына бейімделмегендіктен аурудан және басқа да себептерден қайтыс болды. 1943 жылы шамамен 500 қазақ Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылды», деп жазылған.
– Үндістан ұлттық архивінің Ішкі саясат бөлімі бойынша «Ресей және Орталық Азия республикалары» атты қордан Кеңес дәуіріндегі қазақ тарихына қатысты құжаттар анықталды. Атап айтар болсақ, Қазақ КСР Ғылым академиясы және оның ұйымдастырушысы, тұңғыш президенті, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев жөнінде мәліметтер бар. Экспедиция тобы Үндістан ұлттық архив қорының картография бөлімі бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп, 1870-1875 жылдары құрастырылған «Шығыс Түркістан» карталарының көшірмелерін алды, – деді Ж.Болдықов.
Ғылыми іс-сапар барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды әрі тың деректері бар 29 іс бойынша 3 700 парақ архив құжаты елге жеткізілді. Алдағы уақытта Үндістаннан әкелінген құжаттар аударылып, сарапталып, басқа да дереккөздермен салыстырылып ғылыми айналымға түсетін болады. «Архив-2025» мемлекеттік жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректерді жинауға жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Үндістанға жасалған сапар – соның дәлелі.