Көркем әдебиетте заманауи мәселелерді, адамның барлық болмысын, талайлы тағдырын жан-жақты қозғап, толық түсінуге деген талпыныс қашан да өзекті болған, бола да бермек. Көкірекке сыр тұндыра сурет салу, оқырман жан дүниесіне терең бойлау – бұл әр суреткердің алдына қойған биік мұраты болса керек. Сондай сырбаз да сұлу суреткерлікті мұрат етіп, өмірінің өзегіне айналдырып, шығармашылық ізденісінің көкжиегі – туындылары арқылы оқырманның талғам-таразысынан табылып жүрген жазушының бірі – Сабырбек Олжабай.
Соңғы жылдары өндірте жазып, «Жылыбұлақ», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы» сияқты біршама прозалық жинақтар беріп үлгерген қаламгердің жақында «Ақілгек» атты жаңа жинағы жарыққа шықты. «Ақілгек», «Олар – атасының балалары», «Бетпақдала балладасы» атты хикаяттар мен бірқатар әңгімеден құралған жинақ оқырманға сан алуан тағдырлардан ой өрбітіп, сыр түйгізеді. «Ақілгек» атауының өзі ерекше, көркемдік астары мол, адам бойындағы тазалық, ізгілік атаулының рәмізі секілді. «Менің есімім – Ақілгек. Әжем қойған» деп өзін таныстыратын кейіпкердің тағдыр-талайы мына қым-қуыт өмірде өз бақытын таба алмай адасқан, адаса жүріп өз сенімі мен адамдық қасиеттерінен ауытқымай өмірі үшін күресе білетін бүгінгі замандастар бейнесін сәтті суреттеген. Жалпы, жазушы прозалық туындыларында әйел тағдырына, таным-түйсігіне, жан дүниесіне, сезім серпілістері мені ішкі әлемінің иірімдеріне үңіле отырып, бүгінгі қоғам, рухани әлемі ұсақталып бара жатқан адам болмысының түйткілді мәселелерін көтереді. Аталған жинақтағы хикаяттардан бастап «Ешқайда бастамайтын сүрлеу», «Жезде», «Кермек дәм», «Күлпаш», «Қатерлі өткел», «Таңдайдағы тікен», т.б. әңгімелердің қай-қайсысы да өзіндік салмақты ойы, жүгі бар дүниелер... Әйтсе де «Бетпақдала балладасы» қаламгер талантының жаңа бір қырын ашады. Хикаятта ұшса құстың қанаты, жүгірсе аңның тұяғы талатын қазақтың ұшы-қиырсыз кең де ұлы даласы – Бетпақдала образы бейнеленген. Хикаятта көліктеріне жүк артып, соны сүрлеумен жетінші тәулік жүріп келе жатқан қос жолаушы Рақым, Тұрсынәлі атты кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғалары, жаратылыстың тылсым құпияға толы сырлары жазушының көркем тілімен шебер баяндалады. Сондай-ақ қазақтың ұлан-ғайыр даласындағы тарихи мекен атауларына қатысты аңыздық сюжеттердің өрнек салуы хикаят беттерінің құнарлылығын арттыра түскен. Хикаяттағы «Бетпақдала» атану сыры; сол Бетпақдаланы мекен еткен Уанас бай, оның әулие-әнбиелерді аралап зарығып көрген қызы Гүлжамалдың қайғылы махаббатынан туған жер атаулары (Қыземшек, Қотантас, Қатынның ұңғысы); Кескентеректің төбесі, Уанас тақыры; Өлке жазығы; Текей датқа – Текей асуы; бір сөзбен айтқанда шежірелі мекен Созақтың киелі жер атауларының тарихы суреткердің шұрайлы тілімен көркем баяндалады. Мөңке бидің келер заманның кер сипатын болжаған толғауын енгізуінің де көркемдік астары мол.
Хикаяттағы екі жолаушы диалогінде бірқатар шындықтың астары ашылады. Мінекейіңіз: «– Айуандығы, жыртқыштығы жағынан адамдар бүгінде қасқырдан асып түсті. Не деген жауыздық? Қайда кетіп барамыз? Түбінде осы ашкөздігіміздің сазайын тартамыз.
– Тартып та жатырмыз ғой, – деп қоштады Тұрсынәлі. – Жер астындағы оба, індеттің барлығы үстіне шықты. Бұл бір. Күні кеше емес пе еді, мына Бетпақдала, Арқа жазығында ақтылы қоймен бірге мыңдаған ақбөкен, киік жусап жататын. Олар қайда кетті? Тойымсыздық пен тоғышарлық түбіне жетті» («Ақілгек». 2021,91-б).
Жазушы кейіпкерлерінің әрекет-әдептерін, философиясын саралағанда бүгінгі күннің тірлік-тынысы күрделі өзгерістерге түскенімен, ежелден келе жатқан адамгершілік, ар-ұждан, имандылық, кісіліктің мәселесін қаузайтын әлеуметтік бағдары ұлттық өнердің күретамыры үзілмегенін дәлелдейді. Қаламгер қарапайым бейнелері арқылы бүгінгі қоғам үдерісіне сай адамдардың психологиясында болып жатқан өзгерістерді шынайы жеткізе біледі. Өмірдің сан тарау соқпақтарына түскен қилы тағдыр иелері, өзекті өкініш пен мұңға толтырар адамның өтпелі ғұмыры, адасулар мен асулары – бәрі-бәрі қаламгердің шұрайлы тіл, қарапайым сөз өрнегімен жеткізіліп, оқырманды қарапайым бір оқиғадан үлкен ой түюге жетелейді.
Жазушы кейіпкердің психологиялық күйзелісін көркем тілмен шебер бәдіздейді. Айталық, перзенттерін жамандыққа қимайтын әке жүрегі кінәні өзінен іздейді. «Балаларымның алдынан өтпей, екінші әйелмен отбасы құруым» кінәмнің үлкені деп шешуі кейіпкердің балаларына деген әкелік махаббатының белгісіндей. Иә, ең қасіреттісі сол, ұлдан да, қыздан да кенде емес Тасқынбай жал- ғыз қалады. Әңгіме соңында кейіпкердің ешқайда бастамайтын көне сүрлеуді таңдаған шешімін өзің де құптағандай күй кештіреді. Бұл – автордың елеулі ізденісі. Оқырманды мұнарлы мұңға, сырлы сезімге орап, кім-кімді де ойландырарлықтай әңгіме әлеуметтік астарымен санаға салмақ артатындай.
Түйіндей келгенде, ұлт, қоғам, бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайына байыпты қарайтын қаламгер Сабырбек Олжабай «Ақілгек» жинағы арқылы авторлық ұстанымын жаңа қырынан көрсетті деп есептейміз.
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА,
филология магистрі
ШЫМКЕНТ