Елімізде жаңа мұрағаттық деректердің ашылып, ғылыми айналымға енгізілуі кеңестік Қазақстанның бұрынғы басшылары туралы көбірек мәлімет алуға мүмкіндік береді. Жұмабай Шаяхметов (1902-1966) – Отан тарихында лайықты орны бар, республикамыздың экономикасы мен әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет қайраткері. Оның ұзақ жылдар бойы еліміздің ең жоғары басқару жүйесінде еңбек етіп, сегіз жыл Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарғаны жұртшылыққа мәлім.
Жуырда Ғылым және жоғары білім минстрлігінің гранты бойынша «Көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметінен белгісіз беттер» деген жобаны іске асыру аясында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Жұмабай Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдарындағы қоғамдық- саяси өмірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылыми жиын Жұмабай Шаяхметовтің Қазақстан тарихы кеңестік дәуірінің белгілі тұлғасы және мемлекет қайраткері ретіндегі өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін талқылауға арналды. Қатысушылар атап көрсеткендей, Ж.Шаяхметовтің өмірінің көп бөлігі И.В.Сталин мен Н.С.Хрущевтің әміршіл-әкімшіл жүйесінің қалыптасуы мен орнығуына байланысты аса күрделі және қайшылықты уақытқа тұспа-тұс келді.
Конференцияға қатысушылардың пайымдауынша, мемлекет пен ұлт құрылысының жаңа кезеңі жағдайында саяси-әкімшілік басқарудың сынақтан өткен үлгілері мен тұла бойында өз Отанының шынайы патриоты, мықты ұйымдастырушы және басқарушылық қасиеттері жинақталған мемлекетшіл тұлға болуға лайықты басшылар сұранысқа ие болуда, олар елімізді жаңғырту жобаларын алға тартуға және республикамызды саяси-экономикалық дағдарыстан шығаруға мүдделі болуға тиіс.
Қазақстанның тарих ғылымы қатаң сыртқы қысым жағдайында баяндаудың форматтарын баяндаудың нарративін және кеңес кезеңіндегі ел мен халық тарихындағы неғұрлым сындарлы кезеңдерді түсіндіру қағидаттарын тұжырымдауға арналған.
Тарих және тарихи жады жаңа геосаяси тәртіптің қалыптасуы жағдайында мемлекеттер мен халықаралық акторлар мүдделерінің қақтығысу өрістерінің біріне айналды. Олар оқиғаларды, тұлғалардың рөлдерін түсіндірудің полярлық нұсқаларын ұсынып қана қоймай, сол тұжырымдарын жүзеге асыруға тырысады. Сондықтан тарихшылардың алдында мемлекеттер шеңберінде азаматтық бейбітшілікке және халықаралық аренада өзара іс-қимыл жасауға ықпал ететін верификацияланатын тарихи білімді қалыптастыру міндеттері тұр.
2022 жылы Қазақстан жұртшылығы мен академиялық қоғамдастық 1938-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-інің басшысы болған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші, екінші және бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің 120 жылдығын атап өтуде. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ж.Шаяхметов жеңіс үшін адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру бойынша Қазақ КСР басшылығының штабын басқарды, КСРО-ның батыс аумақтарынан эвакуацияланған өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты қабылдауға жауап берді, Қазақстанның майдан арсеналына айналуына ықпал етті. Оның тікелей басшылығымен республика соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру және кейінгі жаңғырту, сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстанның индустриялық, аграрлық, ғылыми-техникалық және рухани әлеуеті сүйенетін іргетасын құру және нығайту сатыларына көтерілді.
Жұмабай Шаяхметов 1940-1950 жылдар аралығында Қазақстанның партиялық-әкімшілік аппаратының құрылуына ықпал етті. Ол саяси-әкімшілік құрылымдардың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан жарқын және ерекше басшылар тобын өсірді. Шаяхметов ұлттық басқарушы кадрлардың қалыптасуына зор көңіл бөліп, Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Қ.Сәтбаев, І.Омаров, М.Сужиков, Е.Тайбеков, А.Қойшығұлов, Д.Керімбаев, М.Бутин, А.Дауылбаев, А.Сембаев, М.Салин, С.Жанбаев, Д.Жанғозин, Г.Қаржаубаев, Х.Арыстанбеков, М.Бейсенбаев, Р.Ильяшев және т.б. дарынды қайраткерлердің үлкен легін басшылық орындарға ұсынуға өз үлесін қосты.
Оның белсенді араласуымен фабрикалар, зауыттар, қазақ театрлары, мектептер, техникумдар, институттар. Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылды. Қазақ студенттері үшін кеңес одағының жетекші жоғары оқу орындарына квоталар бөлінді. 1950-1954 жылдар аралығында Жұмабай Шаяхметов КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1946-1954 жылдары республика Жұмабай Шаяхметов тұсында, әсіресе әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, білім беруде, ғылым мен мәдениетте жоғары жетістіктерге жетті. Жүзеге асырылуы Қазақстанды КСРО шеңберінде саясаттың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің барлық саласында жетекші орынға шығарған жобаларға Шаяхметов жеке өзі бастамашылық жасады. 1940-1950 жылдар аралығында Қазақстан аумағында кеңес одағының әскери-стратегиялық жобаларын іске асыруға байланысты республиканың рөлі едәуір өсті.
Осы жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақ КСР басшылары барлық деңгейде шешімдер қабылдауға және оларды жүзеге асыруға қатысып қана қоймай, саяси-әкімшілік басқарудың құнды сабақтарын алып, қазақстандық басқарушылардың өзіндік мектебін қалыптастырды. Қазақ КСР-нің бірінші басшысы лауазымында Ж.Шаяхметов халықтың мүддесі мен мемлекеттің тұтастығына жауап беретін саясат жүргізді.
Соңғы жылдары ғалымдар да Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметінің басты кезеңдеріне жан-жақты ғылыми сипаттама беріп жүр. Сонымен бірге Қазақстан тарихының кеңестік дәуірін зерттеуде және әртүрлі ұлтқа жататын сол кезеңде басшы қызметтерде болған тұғырлы тұлғалардың, әртүрлі бағыттағы қоғамдық-саяси қайраткерлердің рөлін көрсетуде жаңа ғылыми тәсілдер мен теориялық-әдістемелік негіздемелер әзірлеу қажеттігі күн тәртібінде тұр. Әкімшіл-әміршіл жүйенің қалыптасқан және орныққан кезеңіндегі тұлғалардың рөлін зерттеудің қазіргі қазақстандық қоғам мен ғылымға ерекше маңызы бар, өйткені бұл идеологиясыздандыру, тоталитарлық режімнің мұрасын бұзу және одан бас тарту, отаршылдықтан кейінгі кеңестік сипаттағы синдромды еңсеру, сондай-ақ кеңестік және кеңестен кейінгі қоғамдарды зерттеу үдерістеріне тығыз байланысты болып отыр.
Кеңестік Қазақстандағы әміршіл-әкімшіл жүйенің қалыптасуы мен орнығу кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты мәселелер кешенінің күрделілігін назарға алып, Жұмабай Шаяхметовтің ел тарихының аса күрделі уақытындағы Қазақ КСР басшысы ретіндегі орнын айрықша атап өтеміз. Сондай-ақ Қазақстан тарихының жалпы бейнесі мен халықтың ұжымдық зердесін қалыптастыру үшін сталиндік және одан кейінгі кезеңдер тарихының күңгірт беттерін толықтыру және түсіндіру қажеттігін алға тарта отырып, мынадай ұсыныс жасаймыз. Жұмабай Шаяхметовтің туғанына 120 жыл толуына орай кеңестік кезеңдегі басқару аппаратын қалыптастыру тарихы және ұлттық кадрларды даярлаудағы қайраткер еңбегін сараптайтын деректі фильмдер шығару, тақырыптық хабарлар ұйымдастыру, тарихшылармен сұхбаттар өткізу, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына кеңестік дәуірді, әсіресе 1930-1960 жылдар аралығын зерттеу бойынша дүниежүзілік жетекші орталықтармен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді күшейту, ғылыми қоғамдастыққа Ж.Шаяхметовтің кеңестік Қазақстан тарихындағы рөлі туралы отандық басылымдарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар әзірлеуді жалғастыру қажет.
Жұмабай Шаяхметовтің «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы негізінде мәңгі есте қалдыруға арналған тарихи қайраткерлер тізіміне енгізілгенін ескере отырып, тиісті мемлекеттік органдарға оның есімін мәңгілік есте қалдырудың іс-шаралары арнайы бекітілгені абзал.
Талғатбек ӘМИНОВ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор