«Қарқаралы» деген сөз менің жадымда сонау бала кезімнен құлағыма сіңді. Алматы облысы Жамбыл ауданында Бұғымүйіз-Бесмойнақ деген тау баурайында дүниеге келіппін. Көршіміз Тілеген Жақыпбаев пен Райля Исаева деген кісілер болды. Екеуі де мұғалім еді.
Тілеген аға – математик, Райля апай неміс тілінің мұғалімі. Райля апай домбыра тартып, ән айтатын. Сол кісінің «Қарқаралы басында жалғыз арша» деген әні әлі күнге жүрегімді шымырлатады.
Кейін Мәдидің «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деген әні осы бір жерді көруге ынтызар етті.
Ержеттік, өстік, қызмет атқардық. Сол атақты Қарқаралыны екі рет көруге Алла нәсіп етті. Екеуі де халық ақыны Ғабдиман Игенсартовтың есімімен байланысты.
Осыдан 20 жыл бұрын ұстазым, академик Рымғали Нұрғалиұлы, академик Ақселеу Сейдімбек, атақты жазушы Қойшығара Салғарин бар Қарқаралыға келдік. Ол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты едім.
Ғабдиман Игенсартов – Қазақстанның халық ақыны. Ол жолы сөз де, төр де Рекең мен Ақаңа тиді. Ара-тұра әңгімеге араласқаным болмаса, мен қонақ кәдеден аса алмадым. Ел көру, жер көру, Қарқаралының бал қымызын ұрттап, ауызды қазы-қартасымен майлап дегендей, қонақ болып қайттым.
Қарқаралы десе Қарқаралы екен. Жер бетіндегі пейіш осындай-ақ болар. Қарағай, қайың ну болар, әні мен күйі шу болар, себелеп түскен ақ жаңбыр, жерге түскен нұр болар. Қимай, қызығына тоймай кетіп едім.
Желмая уақыт желіп өтті. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шығыпты.
Қалта телефон шылдырлады. Қоңырау шалған журналистикадағы шәкіртім, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев екен.
Жөн сұрасқан соң: «Уәке, Қарқаралыға барып қайтсақ қайтеді? Келініңіз Әсияның атасы Ғабдиман Игенсартовтың 120 жылдығы. Біз осы шараға шақырып отырмыз», деді.
Елордада жиналыс болып, Бейбіт Исабаев інім Қарқаралыға өзі бара алмады.
Есіме сол 20 жыл бұрынғы сапар түсті. Енді Рекең де, Ақаң да жоқ. Әсия келініміздің қайын атасы Өксікбай аға да жоқ. Қойшекең, Қойшығара Салғарин емделіп жүр екен. Тәуекел! Алыс та болса, көңілге ыстық жерге барудың не қиындығы бар. Осылай, 10 маусым күні Қарқаралы қайдасың деп тартып отырдық.
Қасымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы Аманжол Жанқұлиев, экс-сенатор, белгілі қайраткер Төлебек Мұқашев бар.
Енді басқаша. Сөз салмағы маған түскендей. Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы да болды. Ол Ғабдиман Игенсартов ағамыздың шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғаған әрі Қарқаралының күйеу баласы екен.
Әрине, бірінші кезеңде Қарқаралының өткен тарихына үңілдім.
1824 жылы 24 шілдеде Ресей империясының отарлық саясатына сәйкес Сенаттың шешіміне орай, Омбы облысының Қарқаралы ішкі округі бойынша Қарқаралы қаласы құрылыпты. Оған 1822 жылғы Сібір қырғыздарының Жарлығы себеп болған.
Қала болғанымен жергілікті қазақтар шұрайлы, нулы-сулы жерлерден айырылып, босқынға айналады. Біразы Алатау-Тарбағатайға жер ауысуға мәжбүр болады. Ал біразы Торғай-Ырғызға көшеді.
«Арғын көшкен» деген сөз тарихта осылай қалған екен. Тіпті Жанақ пен Түбек ақындар айтысқанда бұл жағдаят ресми реңк алатыны бар. Түбек ақын:
«– А, Жәке, арғын қайда,
найман қайда?
Арғын болсаң, Қарқаралы
қалаң қайда?»,
– дегені осы бір ауыр кезеңді меңзейді.
Әрине, Қарқаралыға келіп, Құнанбай қажы мешітіне бас сұқпай кету мүмкін бе? Тарихи жәдігерді ұзақ қарадым. Кезінде Құнанбай қажы бұл жерді Ояздан сұрап алыпты. Не деген жер танығыш адам! Бұл жерді қар баспайды, су алмайды. Осы ретте Құнанбай қажының көзін көрген, жиһангез болып, патшалық Ресейдің мал санағын жүргізген, жер аударылған поляк А.Янушкевичті еріксіз еске аласың. Оның «Күнделіктер мен хаттар» немесе «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» атты еңбегіне жүгінсек, ол Құнанбай туралы былай деп жазыпты:
«Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңіріне атымен кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады.
Тобықты руының сеніміне ие болып, ол ел билеушінің қызметіне сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, бар қайрат-жігерін сарқа төгіп атқарады, иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады».
Иә, Қарқаралы сырға толы. Қаншама нәрседен бейхабар екенбіз. Өлкетану музейіне келгенде Мәди бабамыздың «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деген сөзінің сырын ұққандай боласың.
Мұнда екі деректі көріп, тәнті болдық. Атақты Қоянды жәрмеңкесінен ақша қойылған сейф-сандықты көрдік. Кезінде Швейцарияда жасалыпты. Жалғыз кілті бар. Бірақ сейф-сандықтың өз сыры бар екен. Қолыма кілтті берді, ашып көруге кеңес берді. Кілт ұңғысына түспейді. Біраз айналдырдым. Болмады. Кілттің бір шетінде аздап шығыңқы темір істек тұр. Бар гәп осында екен. Сандық-сейфтің бір шетінде тесік бар. Сол тесікке кілттің істегін салғанда, құлып сырт ете түсті. Сандық ашылды. Бұл сейф күні кешеге дейін аудандық банкте жұмыс істеп тұрыпты. Енді құнды жәдігер ретінде музейде тұр.
Екінші таңғалғаным, Алтын адам бейнесі болды. Түсіндірме жазбасын оқып, таңғалдым. Арқаның алтын адамы. Бұл – ерте Темір дәуірінің ескерткіші. Қасым Аманжолов атындағы селолық округтің Талды деген жердегі қорықтан табылған. Бұл маңда 6 сақ патшасының қорымы бар екен. 2010 жылдан бері зерттеле бастапты. 130-дан астам алтын бұйым, 14 садақ жебесі, тас моншақтар табылған. Ғалымдар оны б.ғ.д. VI-V ғасырдың ескерткіші деп отыр. Демек Қарқаралы жері – атам замандардан бері қазақтың жері мен елі.
Қарқаралы жері қазақтың атын шығарған тұлғаларға бай. Мұнда Мәди, Қасым Аманжоловтың, Жұмат Шаниннің, Алаш ардақтылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермековтің ізі қалған. Қазір үш арысқа арнап Қарқаралыға кіре берісте тамаша ескерткіш қойылған.
Кеңес одағының батырлары Нүркен Әбдіровтің, Мәртбек Мамыраевтың, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің, басқа да ондаған, жүздеген ұлт қайраткерінің іздері сайрап жатыр. Солардың қатарында Сарыарқаның саңлағы атанған, Қазақстанның халық ақыны Ғабдиман Игенсартов тұр.
Кеңестік дәуірде жазылған шығармалардан бас тартуға бола ма? Әрине, жоқ. Өйткені олар өткен заманның тарихи бет-бейнесін жасаған көркем дүниелер берді. Ол қалай болғанда да біз өткен жол. Сол заманның кескін-келбеті.
120 жылдық торқалы тойы аталған Ғабдиман Игенсартов бабамыздың әдеби-рухани мұрасы бізге қажет пе? Әрине, қажет. Кеңес одағы тұсында өмір сүріп, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген поэзияда, журналистикада жарқын із қалдырған, Қазақстанның халық ақыны атанған Ғабдиман Игенсартовтың өмір жолы – халықтың өмір жолы, тарихтың ізі.
Патшалық Ресейдің қысымын көрген қазақ халқы жаңа заманды дұрыс қабылдады. Жоғалғанын, өшкенін тапты. Ақын-жазушылар сол заманның жақсылығын жырлады, көркем образ жасады. Қаншама қанды репрессия, ашаршылық, қиыншылық болғанына қарамастан, халық болашаққа сенді. Әрқайсысы заманның тарихи шындығын жазды.
Ғабдиман ағамыз 1929 жылы Қазақ АССР Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Сол жылы Мәскеуде өткен XIV бүкілресейлік кеңестер съезінің делегаты болды. Дәл сол кезеңде Қарқаралыда туған жас қазақ азаматының мұндай құрметке ие болуы оның азаматтық, ұлтжандылық қасиеттерін көрсетті. Ол тұғырлы тұлғаға айналды.
Бірақ кеңес одағының репрессияшыл саясаты Ғабдиман Игенсартовты да айналып өткен жоқ. Ф.Голощекиннің солақай саясатына қарсы өз көзқарасын білдіріп, өлеңдер жазды. Халықтың шынайы қасіретін жырға қосты.
Сөз құдіреті нағыз идеологиялық қару болатын. Бұдан коммунистік жүйе қатты сескенді. Сондықтан да республикада «игенсартыпшылдыққа» қарсы науқан басталды. Сол жылдарда шыққан газеттердің сарғайған беттерінен осындай деректерді тауып аласың.
Бұл саяси науқан ақыры Ғабдиман Игенсартов ағамызды «халық жауы» етті. Сотталып, Сібірге айдалды. Айдаудан келгеннен кейін Ғабдиман Игенсартов ағамыз қалам ұстау құқынан айырылды. Амал жоқ, қаламын шахтерлік күрек пен қайлаға ауыстырды.
Тағдыр сыны ақын, қайраткер, Ғабдиман Игенсартов ағамызды қажыта алмады. Сағы сынбады. Забойда проходчик болып, қара жұмыс істеді. 1949 жылы өзінің атақты «Лавадағы өмір» поэмасын жазды. Ашығын айтсақ, Ғабдиман Игенсартов қазақ поэзиясындағы өндірістік тақырыпты көтерген, жұмысшы бейнесін сомдаған тұңғыш қазақ ақыны болды.
...Каскасы шекесінде, шашын түйіп,
Самал жел еркелеткен
беттен сүйіп.
Бір ару келе жатты, қайла қолда,
Еркекше сұр кенептен шалбар киіп.
Аққұба, ашаң жүзді, ол қара көз,
Қыз еді, өткір тілді, ерке мінез.
Әсия еді аты, жалын ойлы,
Қаршыға, қаз ілгендей, қимылы тез.
Әсия кейіпкер, қазақтың жұмысшы қыздарының көркем бейнесіндей көрінеді. Тойлан, Сәти секілді шахтерлер Лавада шыңдалады. Әртүрлі мамандық игереді. Шахтадағы жарылыс, тағы да басқа толып жатқан қиындықтарды бастан өткереді.
Лавадағы жағдай, шахтаның ішкі көрінісі, қиындығы мен жастардың жалынды еңбегі сүйіспеншілігімен суреттеледі. Тойлан мен Әсия арасындағы махаббат Лава көрігімен шыңдалады.
Ғабдиман Игенсартов поэзияның поэма жанрын таңдап алады. Эпикалық тұрғыда заман сынына үн қосады. «Тың дала», «Тыңдағы қойма», «Шынар», «Кек шешімі», «Бағдат аты қалай туған?», «Амал туралы аңыз» поэмалары көркемдігімен, тарихилығымен құнды.
Журналистикада да Ғабдиман Игенсартовтың қолтаңбасы айқын көрінеді. Әсіресе «Абай мен Әсет», «Әсеттің кейбір белгісіз мұрасы мен аты-жөні туралы», «Ахаң өмірінен кейбір дерек», «Қажы-Мұқанның бір күресі» сияқты деректі-танымдық мақалалары – ғылыми ортада өте құнды жәдігер. Айталық, бір кездесуде Әсет Найманбаев ақын Абай бабамызға «Інжу-маржан» әнін айтады.
Ұлы Абай: «Міне, көрдіңдер ме? Шын ғашықтық ән. Осылай салынып, оған арналған өлең де осылай болуы керек», деген екен.
Бұл абайтанушыларға қажетті деректер.
1971 жылдары қазақ тілінің мәртебесі азайып, халық арасында әртүрлі көзқарас қалыптаса бастады. Ғабдиман ағамыз осы кезде «Бүйенбайға ашық хат» деген мақаласын жариялайды. «Сөз байлығын барынша пайдалана білейік», «Сөздің мәдениеті туралы» мақаласы қалың қазақтың көңілінен шықты. Сондай-ақ «Байырғы сөздік қорымыз» туралы мақаласы тілшілер қауымына өте қажет. Мысалы, «әрдайым» , «алагеуім» сөздерінің төркінін түсіндіріп береді.
Ақын Ғабдиман Игенсартовтың өлеңдерін туған жер туралы толғау деп те атауға болады. Қарқаралы, Нұра, Ақтоғай, Арқаның жайлауында, туған жерге сияқты өлеңдер арқылы ақын Арқаның көркем табиғатын асыл шабытпен және махаббатпен жырлайды. Осылай Сарыарқаның саңлақ ақыны атанады.
Ақын сөзге, асыл сөзге ерекше мән береді.
Тіл дыбыспен сөйлесе,
Ой сөйлейді қаламмен.
Онсыз бір қалай ендеше,
Ұғысар адам адаммен.
Сөз шеберден туғанда,
Толқымайтын жан бар ма?
Кей сөз ащы удан да,
Кей сөз тәтті балдан да, – деген екен Ғабдиман ақын.
Ақын мұрасы халқымен бірге жасайды. Жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейді.
Хош делік. Ғабдиман Игенсартов ағамыздың 120 жылдық торқалы тойы дүркіреп өтті. Әсия Игенсартова атасының құрметіне заманауи техникамен жабдықталған компьютер сыныбын жасақтап, сыйға тартты.
Осы сапарда тағы екі жақсылық болды. Біріншісі, екі айдан бері жаңбыр тамбай кетіпті. Қарқаралы жерінің шаңы көтеріліп, ағайын-жұрттың бау-бақшасы қурап кеткен екен. Сол түні аспанның кілті ашылып, жаңбыр құйды-ай бір.
Қарқаралылық ағайын мұны жақсылыққа жорыды.
Ақын ағамызға ас беріліп, Құран оқылып, біз елордаға қарай шықтық. Жарты жолдан асқанда интернет жұмыс істеді.
Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев ініміз Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып бекіпті.
Осылай сәтті сапар болып, Астанаға оралдық.
Келесі кездескенше, қасиетті Қарқаралы!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері