Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіндегі ең құнды жәдігерлердің қатарында ұлт ұстазының көзіндей болған ыстық дүниенің бірі – осыдан бір ғасыр бұрын Ақаң ұстаған ескі патефон да тұр.
Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, бұл патефонды Ақаң Ленинмен кездесуге барған сапарында Мәскеу қаласынан сатып алып келген.
1988 жылы Алаш арыстары ақталғаннан кейін сол кездегі Торғай облыстың партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков, аудан хатшысы Жақан Қосабаев пен өлке тарихының білгірі Ғазиз Әмірқанұлы сынды азаматтар бастап, қалың жұрт қоштап, бүкіл ел болып ақшалай-малдай қор жинап, Торғайда Ахаң мен Жақаңа арналған музейді ашады. Ақаңның патефоны сол кезде Алматыдан келген алғашқы жәдігерлердің бірі болса керек.
– Қаржы жиналып, музей ғимараты дайын болған соң, әр жаққа арнайы адамдар жіберіліп, кімде не бар екенін сұрастырып, жәдігер іздестіру, музей қорын толықтыру жұмыстары басталады. Сол кезде Шолпан апамыздан ең бірінші келген дүние – осы аяулы Ақаңның алақанының табы қалған көне патефон еді. Ахмет Байтұрсынұлы Ленинге дала қазақтарына жаңа өкіметте болып жатқан жаңалықтарды біліп отыру үшін құрал керек қой. Ол үшін, ең бірінші кезекте, ел тыңдайтын граммофондар мен патефондар, күйтабақтар болу керек деген талап қойып, қазақ даласына тұңғыш рет радионы әкелгенін жақсы білесіздер. Шолпан Ахметқызы сақтап, жеткізген бұл патефон кейін біраз уақыт Алматыдағы қазіргі Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде тұрған, – деді Гүлбану Сәрсекей.
Музейде патефон сөйлетіп, музыка тыңдап отырған Ақаң мен Бәдрисапа ананың, олардың ортасында тұрған Шолпанның да мүсіні тұр.
Қостанай облысы