«Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,Ақ кимешек жоғалса...Нені көрем?». Қайран, Мұқағали осылай жырлап еді-ау. Сахнаға шыққан әжелерді көрген де, ақиық ақынның сол өлеңі ойымызға орала берді. Осылайша, Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылында өткен «Ақ кимешек» әжелер байқауынан бір мерейленіп қайттық.
Сәні мен салтанаты жарасқан 10 әже сынаққа қатысып, келген жұртты сүйсіндірді. Әр ауылдық округтің намысын қорғаған әжелер байқау шарты бойынша бес сыннан өтіп, бар өнерін ортаға салды. Қазылар алқасы сынға түскен әр әженің өнеріне тамсанып, лайықты бағалады.
Қарқара кимешек киіп, көненің көзіндей болған әжелеріміз тарихтан сыр шертіп, ұлттың ұлылығын көз алдымызға әкеліп, жүректің қылын шертті. Бірі қара өлеңнен ағытса, екіншісі киелі домбыраны қолға алып, тебірене толғады.
Сонау келін болып түскен шақтан ақ әжеге жеткенше ғұмыр-тарихын әңгіме етіп әнге сыйғызған әжелердің өнеріне таңдай қақтық. Байқаудың әр сатысынан ұпай жинап, шынайы ықыласпен қатысқан өнерпаздардың дайындығы өте жоғары екен. Немересінің құлақ құрышын қандырып, көңіл сарайын ашып, терең ойға батыратын қиссаны оқығанда келген жұрттың өзін елітіп әкетті. «Қолөнер» аталымы бойынша әкелген бұйымдарын қорғап, көрген жанның көңілін қуанышқа толтырды.
Мұқыры ауылына күн нұрындай шуақ шашып, көңіл күй сыйлаған «Ақ кимешек» байқауының түйінін қоюға Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көлбаев, Жетісу облысы аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева шығып, жүрекжарды сөзін арнады. Әр қатысушының өнерін жіктеп, таланттары мен талабына бас иген қазылар алқасы ақ жаулықты әжелерге ризашылығын білдірді.
«Бұл сында барлығыңыз да жеңімпазсыздар, жеңілген ешкім жоқ. Бәріңізге әртүрлі аталым бойынша бәйге беріледі», деген аудан басшысы Мәрлен Көлбаев 10 округтен келген әжелердің иығына камзол, басына ақ жаулық жауып, арнайы сыйлықтар табыс етті.
Жетісу облысы