• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 16 Қазан, 2022

Тимур және оның командасы

504 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәресіне жақындаған сайын командалар арасындағы жоғары орындарға талас-тартыс қыза түсті. Қазақстандық даңқты футболшы және жаттықтырушы Ваит Талғаевтың құрметіне өткен XXIII турда отандық футбол жанкүйерлері «Тобыл» мен «Ақтөбе», «Қайрат» пен «Астана», «Каспий» мен «Мақтаарал» және тағы басқа клубтар арасындағы тартысқа толы қызықты матчтардың куәсі болды.

Қостанайдағы «Тобыл» мен «Ақтөбе» матчы осы турдың ең маңызды ойыны болғанымен, қазақ­стандық футбол жанкүйер­лері «Ел-Класико» деп айдар таққан «Қайрат» пен «Астана» кез­десуі де дәл осы турға тұспа-тұс келгендіктен, еліміздің ең маң­дайалды командаларының арас­ындағы тартысты 23-турдың орталық ойыны болды деуге толық негіз бар. Кейінгі бірнеше жылда екі ұжым ортасындағы матч жанкүйер қауымының делебесін қоздырған дерби-додаға айналып үлгерді. Испаниядағы Мадридтің «Реалы» мен Каталонияның «Барселонасы» арасындағы «Эль-Класико» сияқты біздің елдің «Ел-Класикосы» да жыл са­йын футбол жанкүйерлері асыға кү­тетін матчқа айналғалы қашан.

«Қайрат» пен «Астана» осымен биылдыққа екінші мәр­те кездесті. Алғашқы ойын ма­мыр айында елордадағы «Ас­тана Арена» стадионында өтіп, сол кезде алаң иелері ал­маты­лықтарды 6:0 есебімен тізе бүк­тірген болатын. Матчтан кейін «Қайрат» жанкүйерлері ойынның есебі кездейсоқ нәтиже екенін, «Қайрат» Алматыдағы матчта «Астананың» «сазайын» береді деп мәлімдеген еді. Өзге клубтың жанкүйерлері де «Қайрат» пен «Астана» арасындағы матчтың қарымтасы қалай болар екен деп, асыға күтті.

Дегенмен жанкүйерлер күт­кен бұл кездесудің де ал­ғашқы «Ел-Класикодан» еш айыр­машылығы болған жоқ. Тек матч­тың өткен орны өзгерді деме­сеңіз, таблодағы есеп дәл бі­рінші матчтағы нәтижеге ұқсас болды. «Орталық» стадиондағы бәсекеде «Қайрат» «Астанадан» тағы да ірі есеппен ұтылды – 0:4. Екі ойынның нәтижесі бойын­ша 10:0 есебімен жеңілген алматылықтар 180 минут бойы «Астана» қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Мамырдағы матчта «Астана» сапынан Марин Томасов хет-триктің, Педро Эуженио дубльдің авторы атанған болса, қазір Ресей чемпионатындағы «Урал» клубында өнер көрсетіп жатқан шабуылшы Рай Влут бір мәрте мергендігімен көзге түскен еді.

Араға төрт ай салып Алма­тыдағы қарымта кездесудің тағды­рын «Астананың» қорғаушысы Тимур Досмағанбетовтің бір өзі шешіп тастады. Кездесудің 10-минутында есепті ашқан «Ас­тананың» қорғаушысы екін­ші таймның 59, 88 және 90-ми­нутында тағы да үш мәрте «Қай­рат» қақпасынан саңылау тауып, покердің авторы атанды.

Т.Досмағамбетовтің кешегі бенефисінен кейін есімізге осыдан 58 жыл бұрынғы оқиға түсті. 1964 жылдың 26 тамызында одақ чемпионаты аясында Мәскеуге са­пар шеккен Алматының «Қай­раты» жергілікті «Спартак» клу­­бымен кездесіп, сол мачта қазақ­тың даңқты аяқдоп шебері Тимур Сегізбаев ерекше өнерімен дараланды. Алаң иелерінің қақ­пасына жауапсыз екі гол соққан Тимурдың ерлігіне тәнті болған кеңес одағының «Футбол» апта­лығы басылымы матчтың ертесі күні «Тимур және оның коман­дасы» деген тақырыппен көлемді мақала жариялаған еді. Міне, сол қазақ футболындағы Тимур­лардың жалғасы болған Тимур Досмағанбетов кешегі матчта бір өзі «Астананы» өрге сүйреп, командасын чемпиондыққа тағы бір қадам жақындатты.

«Астана» жанкүйерлерінің қуа­нышына қарай, турнир кесте­сінде көш бастап тұрған «Ақтөбе» кейінгі үш турда осымен екінші мәрте ұпай жоғалтты. 20-турда «Ақжайықтан» 3:1 есебімен же­ңіліп қалған Андрей Карпович шәкірттері бұл турда сырт алаңда Қостанайдың «Тобылынан» ұтылды – 1:0. Чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан екі ұжым арасындағы матч «Ақтөбе» қақпасына пенальти белгіленгенге дейін тең дәрежеде өтіп жатқан еді. Кездесудің 81-минутында қонақ команданың футболшылары өз алаңында тәртіп бұзып, бас төреші Стас Покатилов қақпа­сына 11 метрлік айып добын бел­гіледі. «Тобылдың» капитаны Серікжан Мұжықов алғашқы мүмкіндігінде дәлдік таныта алмағанымен, төреші пенальти орындау сәтінде қонақтар тағы да ереже бұзды деп, Мұжықовқа екінші рет пенальти тепкізді. Капитан бұл жолы білгенінен жаңылған жоқ – 1:0. Матч соңына дейін таразы басын теңестіре алмай, үш ұпайдан қағылған «Ақтөбе» Қостанайдан құр қол қайтты. «Ақтөбеліктердің» ұпай жоғалтқанын тиімді пайдаланған «Астана» арадағы ұпай санын біреуге дейін қысқартты.

Сондай-ақ «Каспий» мен «Мақта­арал» арасындағы матчта да тосын нәтиже тіркелді. Бұл кездесуде «Каспийге» қарағанда көш соңындағы «Мақтааралға» үш ұпай ауадай қажет еді. Алай­да матчтың алғашқы таймында алаң илері қонақ команда қақпа­сына екі гол салып, бірінші тайм­ды өз пайдасына аяқтады. Был­тыр «Мақтааралды» жоғары лигаға шығарған білікті бапкер Константин Горовенко үзіліс уақы­тында шәкірттеріне керек­ті ақыл-кеңесін айтып, футбол­шылардың намысын жаға алды. Екінші 45 минөтте Түркістан облысының командасы матч соңына дейін «Каспий» қақпасына төрт гол соғып, тамаша камбэк жасады – 2:4. Маңызды үш ұпайын иеленген «Мақтаарал» турнир кестесінде бір саты жоғарылап, 13-орынға көтерілді. Ал сырт алаңда «Таразбен» тең ойнаған (0:0) «Ақжайық» 14-орынға сырғыды.

Сонымен қатар бұл турда «Қы­зылжар» өз алаңында «Аты­рауды» тізе бүктірсе (3:1), «Орда­басы» да Шымкентте «Шах­тер­ден» айласын асырды – 1:0. «Ақсу» Түркістанда жергілікті «Тұ­ранды» бір доп айырмасымен қапы қалдырды – 0:1.

Келесі XXIV турда «Мақта­арал» – «Тобыл», «Ақжайық» – «Қы­зылжар», «Астана» – «Аты­рау», «Шахтер» – «Қайрат», «Тараз» – «Каспий», «Ақтөбе» – «Тұран» және «Ақсу» – «Ордабасы» клубтары кездеседі.

Турнир кестесі

Клуб

Ойын

Жеңіс

Тең

Жеңі-ліс

Доп айыр-масы

Ұпай

1

 «Ақтөбе»

23

14

3

6

34-23

45

2

 «Астана»

23

13

5

5

55-21

44

3

 «Тобыл»

23

12

5

6

40-30

41

4

 «Қайрат»

23

10

6

7

29-32

36

5

 «Ордабасы»

23

11

2

10

32-35

35

6

 «Ақсу»

23

10

2

11

28-32

32

7

 «Шахтер»

23

9

4

10

30-28

31

8

 «Каспий»

23

9

2

12

24-37

29

9

 «Атырау»

23

7

7

9

26-30

28

10

 «Тараз»

23

6

9

8

24-23

27

11

 «Қызылжар»

23

6

8

9

27-27

26

12

 «Тұран»

23

5

10

8

20-27

25

13

 «Мақтаарал»

23

6

6

11

23-37

24

14

 «Ақжайық»

23

6

5

12

16-26

23