Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде түрлі елдердің өкілдері өздерін жалпы азиялық қауіпсіздікті қалыптастыру процесіне мүдделі қатысушылар ретінде көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, Азиядағы қауіпсіздік бойынша аймақтық диалог алаңын құру бастамасы Қазақстанға тиесілі. Бұл ұсынысты алғаш рет еліміз егемен мемлекет ретінде 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында жариялады. Қазақстанның өз азиялық тұғырнамасын құру бастамасы кең өріс алды. Отыз жыл ішінде АӨСШК әлемдік қолдаумен пәрменді әрі тиімді халықаралық алаңға айналды.
Астана саммитінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК жұмысының маңызды бағыттарын атап өтті. Бұл – экономикалық және қаржылық қатынастардың тұрақты жүйесін құру, климаттық күн тәртібі, азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық өлшем.
Қазіргі әлемдік үдерістерде қарқынды дамып келе жатқан Азия өңірлері мен мемлекеттері ерекше орын ала бастады. Азия елдері Азияның жаһандық процеске қандай экономикалық үлес қосатынына сәйкес халықаралық қатынастардың жаңа және тең құқылы жүйесіне деген ерік-жігерін тұрақты түрде көрсетіп келеді.
Азия елдерінің жиынтық экономикалық өсуі орасан зор. Өндірісті әртараптандыру, цифрлық технологиялар және белсенді әлеуметтік-экономикалық байланыстар бірқатар мүмкіндік туғызады және Азияның заманауи келбетін қалыптастырады. Қазір модернизацияның азиялық моделі ХХІ ғасырдың келбетін анықтай бастады. Азияның экономикалық және мәдени өрлеуімен континенттік қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы өзекті болды. Астана кеңесі осындай мақсат қойып отыр.
Сындарлы халықаралық қатынастарды құру қажеттілігі экономикалық, қаржылық, өндірістік, көлік-логистикалық және ақпараттық жүйелерді интернационалдандыру процесінде өсуде. Іс-шараға қатысушылардың барлығы сенімділікті нығайтудың жалпы шараларына жәрдемдесу ниеттерін растап отыр. Қазақстан бұл тұрғыда жалпы тұрақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу жөніндегі саясатқа адал болып қала береді.
Болат ӘУЕЛБАЕВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы