Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» өткізіп, Хабаровскінің «Амурын» тізе бүктірді.
Алты мыңға жуық жанкүйер тамашалаған Астанадағы кездесудің алғашқы кезеңі тең есеппен аяқталды. 7-минутта Никита Михайлис ҚХЛ-дің осы маусымындағы бірінші шайбасын соғып, «Барысқа» басымдық сыйлады. Дегенмен, 19-минутта сан басымдығына ие болған қонақтар үзіліске дейін таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Голдың авторы – Павел Махановский.
Екінші кезеңде «Барыс» ойыншылары қарқынын арттырып, қонақтар қақпасына жауапсыз үш шайба енгізді. Алдымен 26-минутта Аңсар Шайхмедденов «Барысты» қайтадан есепте алға шығарса, арада бір минут өткенде Юрий Сергиенко мен Линден Вей мергендігімен көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді. Ал үшінші кезең басталған бетте Егор Петухов дәлдік танытып, ойынның нүктесін қойды –5:1.
Осылайша, қатарынан екі ойында жеңіске жеткен «Барыс» «Шығыс» конференциясының турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін «Батыс» конференциясында төртінші орында тұрған Нижний Новгородтың «Торпедосымен» өткізеді.