• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қазан, 2022

Халқымыздың саны 163,7 мыңға артты

5886 рет
көрсетілді

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 666,8 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар үлесі 12 131,1 мың адам (61,7%) болса, ауылдықтар саны – 7 535,7 мың адам (38,3%).

Қазіргі халық саны жыл басындағы көрсет­кіш­пен салыстырғанда 163,7 мың адамға немесе 0,8%-ға өсті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен, яғни 2021 жылдың қаңтар-тамыз ай­ларындағы дерекпен салыстырғанда, ел халқының табиғи өсімі 3,6%-ға (178,9 мың адам) төмендеп, 172,4 мың адамды құрады. 1 мың тұрғынға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 13,19 адамды құрады.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал-актілерінінің жазбаларындағы мәліметтерге сәйкес, биыл қаңтар-тамыз аралығында 263,8 мың сәби дүниеге келді. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 11%-ға аз (296,5 мың адам). 1 мың адамға шаққандағы жалпы туу коэффициенті 20,19 сәбиді құрады.

Ал «Тумақ барда – өлмек бар» дегендей, қарастырылып отырған кезеңде қайтыс бол­ған­дардың саны – 91,4 мың. Бұл өткен жылға қарағанда 22,3%-ға аз (2021 жылы – 117,6 мың адам). Өлім-жітімнің жалпы коэф­фи­циенті 1 мың адамға 7 марқұмды құрады.

Сондай-ақ биыл қаңтар-тамыз аралығында 1 жасқа дейін шетінеген 2 208 нәресте тір­кел­ді және 2021 жылғы тиісті кезеңмен са­лыс­тыр­ғанда (2 345 шетінеген нәресте) көр­сет­кіш 5,8%-ға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1 мың туғандарға шаққанда 8,37 оқиғаны құрады.

Бүгінде айналамыздағы шиеленіскен жағ­дай­ларға байланысты халық саны келім­сек­тердің есебінен көбейіп жатқан жоқ па деген сұрақтың туындайтыны да анық. Бірақ Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сүйінсек, бұған алаңдауға негіз жоқ сияқты. Ай­талық, биыл қаңтар-тамыз айларында елі­мізге тұрғылықты тұруға келген 9 595 адам тір­келген екен. Алайда елімізден 18 275 адам ке­тіпті. Мұндағы көші-қон айырымы – 8 680 адамға кем.

Көші-қонның негізгі алмасуы ТМД мемле­кет­­терінің арасында екені түсінікті. Онда кетіп және сол жақтан келіп көшіп-қонушылардың жал­пы санынан үлесі 85,1% және 84,4%-ды құ­рады.

Ел ішінде қоныс аударатындардың саны 2,1%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бо­йынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде – Алматы (24 711 адам), Астана (22 960 адам) және Шымкент (2 154 адам) қалаларында байқалды.