• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қазан, 2022

Қызыл жалынның қаупі

310 рет
көрсетілді

Облыстың бірқатар аудандары көк түтінге тағы оранды. 9 қазан күні ұйытқи соққан желде тұтанған өртті сөндіру мүмкін болмай тұр. Керісінше жалаңдаған жалын өрши түсті. Бүгінге дейін өрт қаупі сақталып отыр. Оған себеп – жауын-шашынның жоқтығы.

9 қазан күні алғашқы өрт Глубокое ауданына қарасты Малоубинка ауылын­да тіркелді. Жекеменшік қос пә­тер­лі үйден шыққан өрт маңайындағы 38 тонна шөпті де шарпып өткен. Ала жаздайғы еңбек еш кетті деген – осы. Өрт сөндірушілер жеткенше, тіл­сіз жау 345 шаршы метрді жалынға орап үл­гер­ген. Төтенше жағдайлар депар­та­менті­нің қызметкерлері оқиға орнына жете сала терезеден кіріп, сексендегі қа­рия­ны құт­қарып қалды. Ал өрттің не­ден шық­­қаны әлі белгісіз, анықталып жатыр.

Іле-шала өрт облыстың өзге аудан­дарында да тұтанды. Бір күн бұ­рын ғана ТЖД тарапынан дауыл бола­тын­дығы туралы ескертілген. Сөйте тұра өрт қауіпсіздігіне қарсы шаралар сақталмағанға ұқсайды. Бір тал сіріңке мың тал орманды отқа орайтыны әркімнің көкейінде жүрсе ғой, шіркін. Білмейтіндер біле жүрсін, ауылшаруашылық алаңдарында, далалы жерде, орманды алқаптарда от жағу әкімшілік Кодекстің 336, 337, 410-баптарымен жауапқа тартылуы мүмкін.

Әр жерден өрт шыға бастағанда дабыл қағылып, азаматтар өрт сөндіруге шыққан. ТЖД мамандарының мәліметі бойынша, өрттің бетін қайтару үшін барлығы 120-дан аса техника мен 700-ге жуық адам жұмылдырылған.

Бұл күні Күршім ауданының Үш­бұлақ ауылынан 14 шақырым жердегі Пугачев орманшылығы мен Маралды ауылдық округінің аумағынан да өрт шықты. Қурап тұрған далалы жерден шыққан жалын қанша гектарды жай­пағаны әзірше белгісіз. ТЖД мәліме­тінше, 260-тан астам орманшы, 30-ға жуық техника және қос бірдей МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ жанып жатқан аумаққа 35 тоннадан 14 рет су төгіп, өрттің бетін қайтарған. Десе де, аймақта құрғақ ауа райы сақталуда. 

Ал Зайсан ауданындағы Соленый учаскесінде 15 гектар жер күлге айналған. Дәл мұндай дала өрті Ұлан ауданынан да шықты. Герасимовка ауылының маңындағы Ақтасты учаскесінде 45 гектар жер өртенсе, Высокая учаскесінде 600 гектар жер бірақ жанып кеткен. Далалы жер болғандықтан орман-тоғай мен қора-қопсыға бәлендей кесірі тие қойған жоқ. Өскеменде керісінше, алапат өрт 6 саяжай үй мен шаруашылық ғимараттарын шарпыған. Одан бөлек қала маңында далалы жерлер де өртенді.

Ұйытқи соққан жел оңдырсын ба?! Түскен шоқ тұтанған. Тұтанған от ұшқындап, жан-жаққа тарала берген. Байқағанымыздай, сол күні Өскеменнің аспаны көк түтіннен көрінбей тұрды. Түптеп келгенде, өрттің шығуы адами факторға байланысты. Әйтпесе, найза­ғай ойнап, күн күркіремеген. Әрине, өрт ошақ­тарында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Тілсіз жаудың неден шық­қанын нақтылай жатар. Ал сіздер табиғат аясына шыға қалсаңыз, аса сақ болыңыз. От жаққан жағдайда әбден сөндіріп кетіңіз. ТЖД мамандары да үнемі бұл туралы ескертулер жасап отырады.

– Біз өз тарапымыздан өрттің шығу нүк­тесін жедел бақылау үшін космо­­монито­рингті пайдаланып отыр­мыз. Бүгінгі таңда ғарыштық технология­лардың көмегімен облыста 658 өрттің нүктесі тіркеліп, жедел сөндірілді. Өткен демалыс күндері 55 жерде құрғақ шөп жанып, өрт сөндірушілер өшіріп үлгерді. Көп жағдайда тұрғындар қоқыс өртейміз деп, от шығарып алып жатады, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

 

Шығыс Қазақстан облысы