Электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай цифрлы экожүйе құрылмақ. Бұл дегеніміз – жұмыспен қамту саласындағы онлайн-супермаркет. Азаматтар экожүйе арқылы мамандық таңдайды, тиісінше еңбек қатынастарын да рәсімдейді.
Қазір Электронды еңбек биржасының базасында мынадай ресурстар бар. Enbek.kz бірыңғай цифрлық платформасында жұмысқа орналастыру бойынша 5 онлайн алаң, жұмыспен қамтумен айналысатын 44 жеке агенттік және жұмыспен қамтитын 205 орталық бар.
Skills Enbek онлайн оқыту платформасы – халықтың дағдыларын жетілдіруге бағытталған курстар маркетплейсі. Ал HR Enbek – қызметкерлердің жұмыс жолын цифрлық есепке алу алаңы. Сонымен бірге жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша анонимді өзін-өзі диагностикалау қызметі іске қосылды.
Бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алудың барлық процесін толық автоматтандыру үшін енгізілген Business Enbek платформасы да бар: өтінім беруден грантты алуға дейін.
«Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңай алуға болады. Былтыр 126 мың адам онлайн форматта жұмыссыз ретінде тіркелген. Платформа арқылы жұмыссыз қалу, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу және жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару бойынша әлеуметтік төлемдерге өтініш бере аласыз. Биыл электронды биржа көмегімен осы қызметті 314,2 мыңнан астам адам пайдаланды», дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Келесі жылы тағы бір маңызды элемент – мамандық бойынша цифрлық жолбасшы қызметі іске қосылмақ. Бұл еңбек нарығындағы барлық қолжетімді мамандық туралы ақпаратты жинақтауыштың бір түрі болады. Мұнда әрбір адам нақты немен айналысатынын, ол үшін қандай білім қажет екенін, орташа жалақыны, қандай жұмыс істейтінін біле алады.