• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Қазан, 2022

Сирица мәреге екінші жетті

251 рет
көрсетілді

Малайзияда өтіп жатқан «Лангкави турының» алтыншы кезеңінде Astana Qazaqstan Team командасының шабандозы Глеб Сирица мәре сызығын екінші болып кесті.

 

Жарыстың алтыншы кезеңі Малайзиядағы Пинанг штатының астанасы – Джорджтаун қаласынан басталып, Алор-Сетарда өз мәре­сіне жетті. 120,4 шақырымдық жазық аймақта өткен бәсекеде норвегиялық велошабандоз Эрленд Бликра (Uno-X Pro Cycling Team) топ жарды. Ол мәре сызығын 2 сағат 49 минут 49 секунд ішінде кесті. Одан сәл ғана қалып қойған Глеб Сирица екінші сатыға жайғасты. Бұл – «Астана» сапындағы ресейлік легионердің осы жарыстағы үшінші ірі жетістігі. Бұған дейін ол велокөпкүндіктің бірін­ші кезеңінде жеңімпаз атанса, екінші жарыс күнінде мәреге екінші болып жеткен еді. Алтыншы кезеңде германиялық Рюдигер Зелиг (Lotto Soudal) үшінші сатыға тұрақтады.

Жалпы есепте 24 жастағы колумбиялық Иван Соса (Movistar Team) төрт кезеңнен бері ешкімге жеткізбей келеді. Оның уақыты – 21:06:03. Екінші орындағы британиялық Хью Карти (Ef Education – Easypost) көшбасшыдан 22 секундқа қалып тұр. Үздік үштікке тағы бір колумбиялық велошабандоз Эйнер Аугусто Рубио Рейес (Movistar) жайғасты.