Алматыдағы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бүкіл саналы ғұмырын еліміздің оқу-ағарту ісін дамытуға арнаған білікті де ұлағатты ұстаз Шәмша Беркімбаеваның есімі берілді. Қатардағы ұстаздан министр лауазымына дейін жетіп, үкіметтік деңгейде ауыл мектебі бағдарламасының қабылдануына мұрындық болған, қазақ мектептеріндегі білім беру жүйесін жаңғыртуға үлкен еңбек сіңірген Шәмша Көпбайқызы бүгінде көзі тірі болса 80 жастың асуын бағындырар еді...
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай жырлағандай, Шəмша Көпбайқызы еңбек жолын қарапайым ауыл мұғалімінен бастап, өзінің іскерлігі мен қабілет-қарымының арқасында мемлекеттік қызметтің сан түрлі саласында абыройлы еңбек етті. Әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Министр кезінде білім мен ғылым көшін алға жылжытып, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруда мол үлес қосты. Сенат депутаты болған тұста да отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ректор болған жылдары қазақ қыздарына бағыт-бағдар беруде аянбай тер төкті.
Шəмша Беркімбаева қазақ мектептерін дамытуға, ауылдан шыққан дарынды балаларды, əсіресе бұрынғы «Қазақ-түрік лицейі» атанған, бүгінгі «Білім-инновация» лицейлерін қолдап, жас өрендердің білім алуына орасан үлес қосты. Осы асыл мұрат жолында аянбай тер төккен ардақты ұстаздың еңбегі мен есімін ардақтау мақсатында Алматы қаласындағы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатының құрылтайшылары аталған оқу орнына Шəмша Беркімбаеваның есімін беруге шешім қабылдады. Лицей де үкілі үмітті ақтап, соңғы 5 жылда 88 түлегі алпауыт шетелдік университетке қабылданып, 105 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. 2021 жылдан ең үздік 100 олимпиадалық мектептің құрамына еніп, 26-орында тұр.
– Мен әуелі осы шараға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізуге арнайы келіп отырмын, – деді Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев. – Президентіміз кезінде Шәмша Көпбайқызының қазасына қатысты марқұмның ұстаздық жолынан бастап өте биік мәртебеге жетіп, елдің дамуына, қоғамның кемелденуіне үлес қосқан тұлға екенін айтып, көңіл айтқан болатын. Бүгін мектеп құрылтайшыларының ұйғарымымен Алматыдағы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатқа есімін бергеніне бәріміз қуанып отырмыз. Негізінен мектеп тарихына үңілсек, аталған мектептің іргесін қалағандардың бірі – Шәмша Көпбайқызы болатын. Сондықтан бүгінде әлемдегі озық жүз мектептің қатарына енген аталған оқу орнының сол кісінің есімімен аталуы заңдылық және көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Шәмша Көпбайқызы есімін атағанда біз адалдық пен тазалықты бірден аңғарамыз. Өйткені ол кісі өмір бойы еліне, мемлекетіне адал қызмет етті. Адалдық, тазалық қасиетінен ешқашан айныған емес. Бұл қазіргі заманда көптеген азаматымыздың бойынан табыла бермейтін қасиет. Сондықтан бүгінгі іс-шара Шәмша Беркімбаеваны еске алу күні ғана емес, адалдық пен тазалықты ту еткен есте қалатын күн деп есептейміз.
Бесігін қасиетті Алатауы тербеткен, жер жәннаты Жетісуынан нәр алып, ата-анасының тәлім-тәрбиесіне сусындап, сүйіспеншілігіне бөленген Шәмша Көпбайқызы жас маман ретінде өзіне тапсырылған міндеттерді адал атқарып, мінезінен де, жүріс-тұрысынан да бекзаттық болмысын байқатты. Елім, жерім деген азамат дәрежесіндегі тұлғаға айналды. Көкірегі сәулелі, жігерін намыспен қайраған қайратты жан Желтоқсан оқиғасы кезінде әділеттілік жолында қасқайып тұрды. Қайыспады, қайтпады, қызмет үшін ешкімге басын имеді. «Егер жастарға осындай қиянат көрсетіліп жатса, ондай жерден мен кеттім» деп, қайтадан мектепке оралып, ұстаздық қызметін жалғастырды. Кейіннен министр болып, мектеп пен министрліктің арасын жалғады. Ауыл мектептерінің дамуына барын салды, жанын салды. Қазақ мектебінің бағын ашты. Ол кісі ресми лауазымды қызметтерден кетсе де, еліміздің білім мен ғылым саласының үлкен жанашыры, тілекшісі болып отырды. Ең бір атап айтарлығы, ол кісінің жүріс-тұрысы да, киім киісі де, сөйлеген сөзі өнеге болатындай тұла бойы тұтас нағыз ұлағатты ұстаз еді.
Іс-шара барысында өз кезегінде сөз алған Ш.Беркімбаева атындағы қыздар лицейінің директоры Панел Гул мырза лицейдің 1993 жылы сол кездегі Түркия мен Қазақстан басшыларының келісімімен негізі қаланғанын, Шәмша Беркімбаева министр болған кезінде қазақ-түрік лицейлерінің ашылуына көп көмек көрсеткенін, лицейдің жалпыадамзаттық, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделгенін, сонымен қатар оқу орнының қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен атап өтті.
Сондай-ақ «Шәмша апайдың арманы – ауыл мен қала баласының арасында алшақтық болмауын, балалардың халықаралық білім алуды көксегенін жеткізген Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, Шәмша Көпбайқызының жерлестері атынан сөз алған Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын жеткізіп, Шәмша Көпбайқызының Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін басқарған тұстағы ерекше еңбегі туралы айтқан аталған оқу орнының ректоры Гүлмира Қанай, ҚазҰУ-дың ректоры Ж.Түймебаевтың құттықтауын оқып, тілегін білдірген ҚазҰУ-дың проректоры Хайдар Тасыбеков, Абай атындағы Қазақ ҰПУ ректоры Дархан Біләлов, С.Демирел атындағы университеттің ректоры Әлімжан Игенбаевтар Шәмша Көпбайқызының бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, ұлт мүддесіне, білім мен ғылым саласына арнаған шын мәніндегі зиялы да, парасатты жан болғанына тоқталды.
Ұлттың ұпайын түгендеп, руханияттың көшін бастап жүрген Шәмша Көпбайқызының адами қасиетінің де ерекше болғанын академик Асқар Жұмаділдаев, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, «Шәмша Көпбайқызына Алматы қаласынан көшенің атын, туған жері Қарасай ауданында мектептің атын беруді де ойласу керектігін» алға тартқан ардагер Әскербек Абаев, жазушы Нұрдәулет Ақышев, өмір бойы сыйласып өткен құрбылары, ұлағатты ұстаздар Ділдаш Битуова, Роза Киікбайқызы тағылымды естеліктерімен бөлісті.
– Сөнген жұлдыздың жарығы мыңдаған жылға жетеді. Біздің Шәмша да қазақ қыздарының ішіндегі жарық жұлдыздың біреуі ғана емес, бірегейі еді, – деді жазушы Зейнеп Ахметова. – Кездейсоқ ештеңе болмайды екен, осы мектепке ізгілікті іс-шара өткізуге талай рет бірге келіп едік. Бүгін сол адал еңбегі, шынайы істеген жұмысының барлығы айналып келіп, өзі жоқ болса да алдынан шығып отыр. Шәмша – есімі исі қазаққа ортақ батыр атасынан бата алып, көзін көрген кісі. Байлықтың ең үлкені кітап. Сондықтан Шәмшаның атына беріліп жатқан игілікті іске қазақшалап байғазы әкелдім. Ол батыр атамыздың қазақша, орысша кітаптары және ағалы-қарындас болып жақсы сыйласып, Бақытжан Момышұлының көзі тірі кезінде Шәмша туралы жазып, оны өзі оқып, рахметін білдірген Бәкеңнің де кітабын алып келдім.
Шара барысында Шәмша Беркімбаева атындағы Алматы қыздар лицейінің ресми тақтайшасының шымылдығы ашылып, құрметті қонақтар лицейдің кіреберіс дәлізінде ғибратты ғұмыр кешкен ұлағатты жанның тіршілігінде өзі тұтынған заттары һәм қайраткердің саналы өмірінде мемлекеттік дәрежеде алған марапаттары, жеке өзі туралы мәліметтер топтастырылған арнайы бұрышты тамашалады.
«Бұл – отандық білім саласында өзінің адал еңбегімен ұлтқа қызмет көрсетудің үлгісін жасаған Шәмша Көпбайқызының 80 жылдық мерейжасына арналған игі іс-шараның бастамасы. Шәмша апайымызды әр уақытта жадымызда сақтап, ол кісінің «қазақтың қызы қандай болуы қажет, қалай еңбек ету керек» деген мақсатын әрі қарай жалғастырады деген ниетпен іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Жүрегі ұлт деп соққан Шәмша апайдың өмір жолы қазақтың барша қыздарына үлгі бола бермек», – деді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Ермаханұлы.
Құндылықтарға негізделген оқу-әдістемелік «Қадам» кітабының таныстырылымы да осы салтанатты жиын аясында өтті.
Тағылымдық іс-шара барысында Шәмша Көпбайқызының жарқын бейнесін еске алу мақсатында арнайы дайындалған бейнефильм көрсетіліп, лицейде біліммен қатар өнерді теңдей алып жүрген оқушы қыздар күй тартып, ән айтып, бұрала би билеп, жиынның көркін келтірсе, ал жиналған ағайын-жұрт ұлағатты ұстазға деген сағынышын басып қайтты.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
журналист