Сырттай оқуға арналған мамандықтар мен біліктіліктер тізімі қысқартылды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қысқарған тізімнен кейін еліміздің колледждерінде студенттер тек 23 мамандық бойынша оқи алады.
Салыстырмалы түрде айта кетсек, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болса, енді оқытудың бұл түрі студенттерге сапалы машықтарды, дағдыларды бере алмайды. Өйткені оған түлектер оқуды бітіргеннен кейін практикалық білімнің жетіспеушілігімен жиі кездесіп, жұмыс таба алмай жататындығы негіз болған. Осыған байланысты министрлік сырттай оқудағы мамандықтарды қысқарту бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуді қолға алып отыр. Атап айтқанда, бұл жолы «Радиоэлектронды көлік құралдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (көлік түрі бойынша)», «Техник-электроник», «Техник-технолог», «Пайдалы қазбаларды өңдеу (көмір дайындау)», «Техник-құрылысшы», «Қалалық коммуникацияларды салу және пайдалану», «Тазалау құрылыстарының технологі», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылыстарын пайдалану» және т.б. біліктіліктер бойынша сырттай оқыту алынып тасталды.
«Бүгінгі таңда қазақстандық колледждерде кадрларды даярлауда дуалды оқыту түрі белсенді түрде дамып келеді. Яғни кадр даярлауда колледждер ірі кәсіпорындармен, бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өйткені оларға қандай мамандар қажет екенін еңбек нарығы анықтайды. Сондықтан біз сырттай оқу түрінен белсенді түрде алшақтап жатырмыз және мұндай шешім қабылдауға түлектердің оқуды бітіргеннен кейін алатын білім мен дағдылардың сапасының жеткіліксіздігі себеп болды. Біз мұны кезең-кезеңімен жүргізіп жатырмыз және бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Дуалды оқыту кезінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың кемінде 60%-ы қамтамасыз етілетінін, осылайша студенттердің оқу уақытының жартысынан көбі өндірісте болатынын атап өтемін. Бұл тәсіл болашақ түлектердің білім сапасы мен біліктілігін арттырады және олардың әрі қарай жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді», деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісов.