Арменияның бас шаһары – Ереванда самбодан жасөспірімдер, жастар және кадеттер арасында алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеде әлемнің 23 елінен ең таңдаулы спортшылар өнер көрсетті.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, кадеттер (2006-2008 ж.т) үш күн бойы 9 салмақта, жастар (2004-2006 ж.т) 8 салмақта, жасөспірімдер (2002-2004 ж.т) 7 салмақта сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша, жерлестеріміз жалпы саны – 42 медаль (5 алтын, 14 күміс және 24 қола) олжалап, командалық есепте мерейлі екінші орынға ие болды. Халықаралық самбо федерациясының туы астында өнер көрсеткен Ресей құрамасы 51 жүлдемен (39 алтын, 7 күміс, 5 қола) топ жарса, үштікті Өзбекстан (3 алтын, 7 күміс, 7 қола) түйіндеді.
Айта кетейік, биыл самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты 11-13 қараша күндері Бішкекте өтеді. Онда 21 салмақта (ерлер 7, әйелдер 7, ерлер жауынгерлік самбодан 7) жеңімпаз анықталады.