Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бюджеттен 2023-2025 жылдарға арналған қаражатты бөлу туралы бірқатар құжат мақұлданды. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау мәселесі де қаралды.
Өңірлердің дербестігі артады
Ең алдымен депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжат жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, мұнай бағасының өзгеруіне байланысты Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі нақтыланған. Бұл қаражат мұнайдан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайды.
«Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы барреліне 2023 жылы 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етеді», деді Ә.Қуантыров.
Бұдан бөлек, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы мақұлданды.
Құжат әкімшілік-аумақтық құрылымды және үш жаңа облысты қайта құруға байланысты әзірленген. Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыровтың айтуынша, бұл бағытта жекелеген тәсілдер қолданылмақ. Бірінші бағыт өңірлердің дербестігін одан әрі арттыруға бағытталған.
«Өткен жылы Үкімет жергілікті бюджеттердің кірістерін болжау әдіснамасын жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Парламент депутаттары мен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша өңірлердің салық әлеуеті есепке алынды. Сонымен қатар Үкімет шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығын берудің оң тәжірибесін ескере отырып, осы үшжылдық кезеңде де жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту бойынша тәжірибені жалғастырды.
Бұл ретте, заң жобасында бюджет саласы қызметкерлері жалақысының орта есеппен 25 пайызға өсуіне, сондай-ақ жекелеген түсімдерді жергілікті деңгейге 300 млрд теңге көлемінде беруге байланысты қосымша түсімдер ескерілді. Біздің бағалауымыз бойынша, аталған шараларға ағымдағы жылы 2020-2022 жылдарға белгіленген салық жеңілдігінің аяқталуы қосымша серпін береді. Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2022 жылы 4,7 трлн теңгеден 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін немесе 30 пайызға артып, 2025 жылға өзіндік кірістер үлесінің 47 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді», деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бюджеттік жоспарлауды жеңілдету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін бюджетаралық трансферттерді қысқарту бойынша жұмыс басталған.
«Біріншіден, жергілікті бюджеттің базасына ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемі олардың нысаналы мақсатын сақтай отырып беріледі. Жоспарлы кезеңде олардың жалпы сипаттағы трансферт көлеміндегі үлесі орта есеппен 60 пайызды құрайды. Бұл бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуді және бюджет қаражатын түпкілікті алушыларға уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді.
Екіншіден, заң жобасымен донор өңірлер үшін бюджеттік алымдар көлемін азайту жөніндегі міндет біртіндеп шешіліп келеді. Олар үшін есептеулерде арнайы жоғарылату коэффициенті қолданылды, бұл өзіндік кірістеріндегі алып қоюлардың үлесін 2022 жылы 31 пайыздан үшжылдық кезеңде 19 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты бюджетаралық қатынастардың негізгі қағидатын іске асыру мақсатында өңірлердің ерекшеліктерін есепке алу бойынша тәсіл қолданылды. Бұл ретте жергілікті бюджеттердің шығыстарын объективті есепке алуға мүмкіндік беретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жай-күйі арасындағы айырмашылықтарды негіздейтін салалық коэффициенттер жаңартылды. Бұл жоспарлы кезеңде олардың бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру үшін өңірлердің ағымдағы шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23 пайызға арттыруға мүмкіндік берді», деді Ә.Қуантыров.
Осы орайда, заң жобасында үш өңір Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы донор есебінде қарастырылмақ. Қалған 17 өңірге бюджеттік субвенция беріледі.
Мұнайға тәуелділік азаяды
Бұдан бөлек, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Әлібек Қуантыровтың сөзіне сүйенсек, болжам жасалған кезде мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар көлемінде болады деп есептелген. Осыған байланысты мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 доллар деңгейінде қалыптасады. Ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды.
«Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз, 2025-2027 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі деп күтіп отырмыз. Номиналды ішкі жалпы өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.
Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі», деді Ә.Қуантыров.
Бұдан кейін Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2023 жылға арналған түсімдер биылғы жоспардан 2 трлн теңгеге артып 17,8 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаяды. Мәселен, оны 40,2 пайыздан 2025 жылға қарай ол 21,8 пайызға дейін төмендемек.
«2023 жылы мұнай секторынан түсетін түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайып, 5 трлн теңгені құрайды. 2025 жылға қарай олардың көлемі 4,1 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт мынадай көлемдерде жоспарланады: 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы – 1,9 трлн теңге.
Нысаналы трансферт келесі жылға 1 трлн теңге және 2024 жылға 400 млрд теңге мөлшерінде айқындалған. Мұнайдан басқа салалардағы түсімдердің үлесі 2022 жылғы 59,8 пайыздан 2025 жылға қарай 78,2 пайызға дейін өседі деп жоспарланған», деді Е.Біржанов.
Бюджет тапшылығы биыл ішкі жалпы өнімнің 3,3 пайыздан 2025 жылы 2,5 пайызға дейін кезең-кезеңмен төмендеумен жоспарланып отыр. Шығыстар ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып 2023 жылы 21 трлн теңгеге немесе 17,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
«Үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы шығыстарының құрылымы өзгерді. Бұл барлық ағымдағы нысаналы трансфертті жергілікті бюджеттер базасына беруге байланысты. Бұл ретте берілген трансферттердің салалық бағыты сақталады. Әлеуметтік салаға жалпы сипаттағы трансферттерді ескере отырып, ағымдағы жылдың жоспарына 2 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 2023 жылы 10,6 трлн теңге көзделген», деді Е.Біржанов.
2023 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған. Күш құрылымдарының шығыстары 2023 жылға 2,3 трлн теңгеге жетеді.
«Заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді. Оның бірінші блогі депутаттар бастамашылық жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, халықты таза сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтау жүйесіне, көлік инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, сондай-ақ денсаулықты сақтау объектілерін салуға қосымша шығыстар көзделген. Жалпы, 2023 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 6,2 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 29,4 пайызын құрайды.
Түзетулердің екінші блогін Үкімет ұсынды және ол Президент Жолдауын және оның жекелеген тапсырмаларын қаржылай қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл зейнетақының орташа мөлшерін өсіруге, бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін ұлғайтуға, Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз етуге және мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған шығыстар», деді Е.Біржанов.
Ресейден келетін тауарлар 30 пайызға қымбаттады
Бұдан кейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та баяндама жасап, салаға қатысты мәліметтерімен бөлісті. Баяндамалар аяқталғаннан кейін депутаттар көкейдегі сауалдарын қарша боратты. Алғашқы сұраққа Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауап берді. Үкімет басшысының айтуынша, биыл геосаяси жағдайға қатысты инфляцияның жоғары қарқыны бүкіл әлем үшін проблемаға айналып отыр.
«Атап айтқанда, АҚШ пен Еуропа одағы соңғы 40 жылдағы инфляцияның рекордтық деңгейіне тап болды. Ал азық-түлік тауарлары үшін одан да жоғары деңгейде байқалды. Көрші елдерде де инфляцияның жоғары деңгейі тіркелді, шамамен 14-15 пайыз. Инфляцияның өсуіне энергетикалық ресурстарға, минералды тыңайтқыштарға, азық-түлік тауарларына бағаның өсуі және көлік логистикасының проблемалары ықпал етті.
Ресей импортының күрт азаюына байланысты рубль долларға және тиісінше теңгеге қатысты 30 пайызға нығайып, теріс әсерін тигізді. Осылайша, Ресейден Қазақстанға келетін барлық импорт автоматты түрде 30 пайызға қымбаттады. Еліміздің импортында Ресейдің үлесі 40 пайызға жуықтайды. Бұл теріс факторларды былтыр республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде болжай алмағанымыз анық», деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өз сөзінде сарапшылардың дүниежүзілік экономика рецессия кезеңіне деген пікірін алға тартты. Бұл ретте Үкімет орта мерзімді перспективада тұрақты экономикалық дамуға бағытталған саясатты жүзеге асырып жатқан көрінеді.
«Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны тежеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл тұрғыда жүйелі әрі жедел шаралар ескерілген. Жүйелі шаралар ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асыруға бағытталған. Әсіресе тұтыну тауарларының 55 пайызы инфлияцияға ұшырады. Сондықтан биыл ауыл шаруашылығы өнеркәсібін қаржыландыруды екі есеге ұлғайттық. Нәтижесінде, 9 қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 7 пайызға өскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция нақты мәнде 7,5 пайызға өсті», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, шикізаттық емес секторда орта мерзімді перспективаға 25 триллион теңгені құрайтын 734 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның арасында 440 жоба импортты алмастыруға бағыталған. Биыл 158 жаңа өнеркәсіптік өндіріс нысаны іске қосылады.
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады
Жалпы отырыста «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасауға байланысты тапсырмасына сәйкес әзірленген.
«Көпшілігіміз қаңтар, ақпан айларында тергеу изоляторларына барып, ұсталғандармен кездестік. Тергеушілер мен ұсталғандардың туыстары, қоғам белсенділері арасында байланыс ұйымдастырдық. Біз соның ішіндегі жастардың негізгі бөлігі қылмыскерлердің, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың қолшоқпары болғанына көз жеткіздік. Олар қатты өкініп, өз кінәсін мойындады.
Айта кету керек, алғашқы күндерден бастап Президентіміз осы қайғылы оқиғаларды ұйымдастырушылардың айтқанына еріп, тура жолдан тайғандарға аяушылық танытуға шақырды. Мемлекет ауыр қылмыс жасамаған қатысушылар үшін жазаны жеңілдетті. Бүгінгі таңда 1 060 адам сотталды, олардың тек 106-сы нақты бас бостандығынан айырылды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутатты Гүлнар Бижанова.
Оның айтуынша, қаңтар айында зардап шеккендерге келтірілген залал өтеліп жатыр, әлеуметтік, қаржылық және өзге де көмек көрсетіліп отыр.
«Бұл жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры да қатысып жатыр. Біз, Парламент депутаттары үндеуді қолдап, конституциялық өкілеттіктерге сүйене отырып, осы заң жобасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасаған қаңтар оқиғаларына қатысушыларға қатысты рақымшылық жасау туралы Мемлекет басшысының бастамасын іске асыруды ұсынамыз», деді депутат.
Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталсақ, оның аясында рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталды. Ол үшін нақты уақыт аралығы белгіленді. Бұл тұрғыда 4-7 қаңтар аралығы қамтылды.
«Қылмыстық кодекстің әрбір адам бойынша нақты баптарын көрсете отырып, осы оқиғаларға қатысты барлық іске талдау жасалды. Құжатта қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз орташа қылмыс үшін жазадан босату ескерілген. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар үшін мерзімді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар мерзімінің жартысы қысқарады», деді Г.Бижанова.
Бұл ретте егер сотталғандардың «Рақымшылық жасау туралы» заң қолданысқа енгізілген сәттегі жазасын өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзімінен қысқартылады. Сонымен қатар террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Бұл туралы Президент нақты айтқан болатын.
«Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады. Заң жобасын іске асыру қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», деді Г.Бижанова.
Депутат Еділ Жаңбыршин талқылау барысында қызметін асыра пайдаланған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне рақымшылық жасау мәселесін көтерді. Депутат Қаңтар оқиғасына қатысқандарды азаптағандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдаушылық білдірді. Сауалға жауап берген Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев рақымшылық азаптаумен айналысқан құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қолданылмайтынын жеткізді.
«Қазіргі таңда құқық қорғау саласында жұмыс істеген 49 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның біреуі ғана рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Іс сотқа жіберілген жоқ. Ол 432-бап бойынша, яғни қылмысты жасыру бойынша күдікке ілінген. Қалғандары азаптау, құзыретін асыра пайдалану бойынша жауапқа тартылған. Оларға рақымшылық қолданылмайды», деді Ә.Шындалиев.
Талқылау барысында депутаттар заң жобасына қатысты пікір білдірді. Сауытбек Абдрахманов рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалатынын атап өтті.
«Арада уақыт өте келе, рақымшылық жасалғаннан кейін қаңтар оқиғаларына қатысушылардың іс-әрекетін әртүрлі пайымдайтындар, тіпті өзінің отанында ойран салып, өз елінің шаңырағын шайқалтуға шақ қалғандарды ескі режіммен күрескерлер қатарына қосуға тырысудан да тайынбайтындар табылуы мүмкін екенін ескере отырып, мұны арнайы айту маңызды», деді С.Абдрахманов.
Тұралаған туризм
Бұдан кейін Мәжілістегі депутаттар тобының депутаттық сауалына Мәдениет және спорт министрі жауап берді. Сауалды Елнұр Бейсенбаев оқып берді.
«Еліміздегі туристік саланың жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болды. Әрдайым Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар таусылар емес. Мысалы, турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ», деді Е.Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, транспорттық жүйе реттелмеуі салдарынан, сала дамымай отыр. Оның ішінде, әуе жолдарымен саяхаттау сапарлары бойынша шағымдар көп.
«Қазақстан теміржолының туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінеді. Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоялық», деді Е.Бейсенбаев.
Спикер автокөлік жолдарының жағдайы да сын көтермейтінін жеткізді. Мәселен, еліміз бойынша ең кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажет. Сондай-ақ депутат Kids go free бағдарламасының да тиімді жүзеге аспай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Депутаттардың сауалына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жауап берді. Саладағы жаңашылдықтарға тоқталған ведомство басшысы негізгі мәселелерді атап өтті.
«Kids go free жобасы аясында 1300-ге жуық бала тегін рейспен қамтамасыз етілді. Бірақ жоспар бойынша 100 мың емес, 12 мың балаға беруді жоспарладық. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш екі мыңнан асады деп сенеміз», деді Д.Абаев.