• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қазан, 2022

Тиянақты бюджет – тұрақты даму тұтқасы

195 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бюджеттен 2023-2025 жылдарға арналған қаражатты бөлу туралы бірқатар құжат мақұлданды. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау мәселесі де қаралды.

Өңірлердің дербестігі артады

Ең алдымен депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепіл­ден­дірілген трансферт туралы» заң жоба­сын талқылады. Аталған құжат жөнін­де Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, мұнай ба­ғасының өзгеруіне байланысты Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі нақтыланған. Бұл қаражат мұнайдан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайды.

«Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы барреліне 2023 жылы 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюд­жетке кепілдендірілген трансферттің мөл­шері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқын­дал­ды. Жоспарлы кезеңде қағидаларды қол­­дану Ұлттық қордың валюталық актив­терін 2023 жылы 66,7 млрд АҚШ дол­лары­на дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд доллар­ға дейін арттыруға ықпал етеді», деді Ә.Қуантыров.

Бұдан бөлек, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы мақұлданды.

Құжат әкімшілік-аумақтық құры­лым­ды және үш жаңа облысты қайта құ­руға байланысты әзірленген. Ұлттық эконо­­мика министрі Ә.Қуантыровтың айтуын­­ша, бұл бағытта жекелеген тәсіл­дер қол­данылмақ. Бірінші бағыт өңірлер­дің дер­бестігін одан әрі арттыруға бағыт­талған.

«Өткен жылы Үкімет жергілікті бюд­жеттердің кірістерін болжау әдіснамасын жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Парламент депутаттары мен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша өңірлердің салық әлеуеті есепке алынды. Сонымен қатар Үкімет шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығын берудің оң тәжірибесін ескере отырып, осы үшжылдық кезеңде де жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту бо­йынша тәжірибені жалғастырды.

Бұл ретте, заң жобасында бюджет саласы қызметкерлері жалақысының орта есеппен 25 пайызға өсуіне, сондай-ақ жекелеген түсімдерді жергілікті деңгейге 300 млрд теңге көлемінде беруге байланысты қосымша түсімдер ескерілді. Біздің бағалауымыз бойынша, аталған шараларға ағымдағы жылы 2020-2022 жылдарға белгіленген салық жеңілдігінің аяқталуы қосымша серпін береді. Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2022 жылы 4,7 трлн теңгеден 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін немесе 30 пайызға артып, 2025 жылға өзіндік кірістер үлесінің 47 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді», деді Ә.Қуантыров.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының бюджеттік жоспарлауды жеңілдету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін бюджетаралық трансферттерді қысқарту бойынша жұмыс басталған.

«Біріншіден, жергілікті бюджеттің базасына ағымдағы нысаналы транс­ферт­тердің көлемі олардың нысаналы мақ­сатын сақтай отырып беріледі. Жоспарлы кезеңде олардың жалпы сипаттағы трансферт көлеміндегі үлесі орта есеппен 60 пайызды құрайды. Бұл бюджеттік рәсім­дерді жеңілдетуді және бюджет қара­жатын түпкілікті алушыларға уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

Екіншіден, заң жобасымен донор өңірлер үшін бюджеттік алымдар көлемін азайту жөніндегі міндет біртіндеп шешіліп келеді. Олар үшін есептеулерде арнайы жоғарылату коэффициенті қолданылды, бұл өзіндік кірістеріндегі алып қоюлардың үлесін 2022 жылы 31 пайыздан үшжылдық кезеңде 19 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатыс­ты бюджетаралық қатынастардың негізгі қағ­идатын іске асыру мақсатында өңірлер­дің ерекшеліктерін есепке алу бо­йынша тәсіл қолданылды. Бұл ретте жергілікті бюджеттердің шығыс­тарын объективті есепке алуға мүмкін­дік беретін өңірлердің әлеуметтік-эконо­микалық жай-күйі арасындағы айырма­шы­лықтарды негіздейтін салалық коэффи­циенттер жаңартылды. Бұл жос­парлы кезеңде олардың бюджеттік қамта­масыз етілуін теңестіру үшін өңірлер­дің ағымдағы шығындарының болжа­мын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23 пайызға арттыруға мүмкіндік берді», деді Ә.Қуантыров.

Осы орайда, заң жобасында үш өңір Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы донор есебінде қарастырылмақ. Қалған 17 өңірге бюджеттік субвенция беріледі.

Мұнайға тәуелділік азаяды

Бұдан бөлек, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Әлібек Қуантыровтың сөзіне сүйенсек, болжам жасалған кезде мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар көлемінде болады деп есептелген. Осыған байланысты мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 доллар деңгейінде қалыптасады. Ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды.

«Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 па­йыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз, 2025-2027 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі деп күтіп отырмыз. Номиналды ішкі жалпы өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.

Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі», деді Ә.Қуантыров.

Бұдан кейін Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2023 жылға арналған түсімдер биылғы жос­пардан 2 трлн теңгеге артып 17,8 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаяды. Мәселен, оны 40,2 па­йыздан 2025 жылға қарай ол 21,8 пайызға дейін төмендемек.

«2023 жылы мұнай секторынан түсетін түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайып, 5 трлн теңгені құрайды. 2025 жылға қарай олардың көлемі 4,1 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт мынадай көлемдерде жоспарланады: 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы – 1,9 трлн теңге.

Нысаналы трансферт келесі жылға 1 трлн теңге және 2024 жылға 400 млрд теңге мөлшерінде айқындалған. Мұнайдан басқа салалардағы түсімдердің үлесі 2022 жылғы 59,8 пайыздан 2025 жылға қарай 78,2 пайызға дейін өседі деп жоспарланған», деді Е.Біржанов.

Бюджет тапшылығы биыл ішкі жалпы өнімнің 3,3 пайыздан 2025 жылы 2,5 пайызға дейін кезең-кезеңмен төмен­деумен жоспарланып отыр. Шығыстар ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып 2023 жылы 21 трлн теңгеге немесе 17,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

«Үшжылдық кезеңге арналған рес­пуб­ликалық бюджет жобасы шығыс­тарының құрылымы өзгерді. Бұл барлық ағымдағы нысаналы трансфертті жергілікті бюджеттер базасына беруге бай­ланысты. Бұл ретте берілген трансферт­тердің салалық бағыты сақта­лады. Әлеуметтік салаға жалпы сипаттағы транс­ферттерді ескере отырып, ағымдағы жылдың жоспарына 2 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 2023 жы­лы 10,6 трлн теңге көзделген», деді Е.Бір­жанов.

2023 жылға экономиканың нақты сек­торын қолдауға арналған бюджет шы­­ғыс­тары 2,5 трлн теңге сомасында жос­­пар­­ланған. Күш құрылымдарының шы­ғыс­тары 2023 жылға 2,3 трлн теңгеге жетеді.

«Заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді. Оның бірінші блогі депутаттар бастамашылық жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, халықты таза сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтау жүйесіне, көлік инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, сондай-ақ денсаулықты сақтау объек­тілерін салуға қосымша шығыстар көзделген. Жалпы, 2023 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есе­бінен 6,2 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 29,4 пайызын құрайды.

Түзетулердің екінші блогін Үкімет ұсынды және ол Президент Жолдауын және оның жекелеген тапсырмаларын қар­жылай қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған. Бұл зейнетақының орташа мөл­ше­рін өсіруге, бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін ұлғай­­туға, Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өт­­кі­зуге, жұмыспен қамтудың белсен­ді ша­ра­лары­мен қамтамасыз етуге және мү­ге­дек адам­дардың өмір сүру сапасын жақ­сар­­туға арналған шығыстар», деді Е.Бір­жанов.

Ресейден келетін тауарлар 30 пайызға қымбаттады

Бұдан кейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та баяндама жасап, салаға қатысты мәліметтерімен бөлісті. Баяндамалар аяқталғаннан кейін депутаттар көкейдегі сауалдарын қарша боратты. Алғашқы сұраққа Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауап берді. Үкімет басшысының айтуынша, биыл геосаяси жағдайға қатысты инфляцияның жоғары қарқыны бүкіл әлем үшін проблемаға айналып отыр.

«Атап айтқанда, АҚШ пен Еуропа одағы соңғы 40 жылдағы инфляцияның рекордтық деңгейіне тап болды. Ал азық-түлік тауарлары үшін одан да жоғары деңгейде байқалды. Көрші елдерде де инфляцияның жоғары деңгейі тіркелді, шамамен 14-15 пайыз. Инфляцияның өсуіне энергетикалық ресурстарға, мине­ралды тыңайтқыштарға, азық-түлік тауар­ларына бағаның өсуі және көлік ло­гис­тикасының проблемалары ықпал етті.

Ресей импортының күрт азаюына байланысты рубль дол­ларға және тиісінше теңгеге қатыс­ты 30 пайызға нығайып, теріс әсерін тигізді. Осылайша, Ресейден Қазақ­станға келетін барлық импорт автомат­ты түрде 30 пайызға қымбаттады. Еліміз­дің импортында Ресейдің үлесі 40 пайызға жуықтайды. Бұл теріс факторлар­ды был­тыр республикалық бюджетті қа­лыптас­тыру кезінде болжай алмағанымыз анық», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр өз сөзінде сарап­шы­лардың дүниежүзілік экономика рецес­сия кезеңіне деген пікірін алға тартты. Бұл ретте Үкімет орта мерзімді перспек­тивада тұрақты экономикалық дамуға ба­ғытталған саясатты жүзеге асырып жат­қан көрінеді.

«Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны тежеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл тұрғыда жүйелі әрі жедел шаралар ескерілген. Жүйелі шаралар ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жос­парын жүзеге асыруға бағытталған. Әсіресе тұтыну тауарларының 55 пайызы инфлияцияға ұшырады. Сондықтан биыл ауыл шаруашылығы өнеркәсібін қаржыландыруды екі есеге ұлғайттық. Нәтижесінде, 9 қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 7 пайызға өскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция нақты мәнде 7,5 пайызға өсті», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, шикізаттық емес секторда орта мерзімді перспективаға 25 триллион теңгені құрайтын 734 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның арасында 440 жоба импортты алмас­тыруға бағыталған. Биыл 158 жаңа өнеркәсіптік өндіріс нысаны іске қосы­лады.

Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады

Жалпы отырыста «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына қатыс­қан­дарға рақымшылық жасауға байланысты тапсырмасына сәйкес әзірленген.

«Көпшілігіміз қаңтар, ақпан айла­р­ында тергеу изоляторларына барып, ұсталғандармен кездестік. Тергеу­шілер мен ұсталғандардың туыстары, қоғам белсенділері арасында бай­ланыс ұйымдастырдық. Біз соның ішін­дегі жастардың негізгі бөлігі қылмыс­кер­лердің, тәртіпсіздіктерді ұйымдасты­ру­шылардың қолшоқпары болғанына көз жеткіздік. Олар қатты өкініп, өз кінәсін мойындады.

Айта кету керек, алғашқы күндерден бастап Президентіміз осы қайғылы оқи­ға­ларды ұйымдастырушылардың айтқа­нына еріп, тура жолдан тайғандарға аяушы­лық танытуға шақырды. Мемлекет ауыр қылмыс жасамаған қатысушылар үшін жа­заны жеңілдетті. Бүгінгі таңда 1 060 адам сотталды, олардың тек 106-сы нақ­ты бас бостандығынан айырылды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жа­с­а­ған Мәжіліс депутатты Гүлнар Бижа­нова.

Оның айтуынша, қаңтар айында зардап шеккендерге келтірілген залал өтеліп жатыр, әлеуметтік, қаржылық және өзге де көмек көрсетіліп отыр.

«Бұл жұмысқа «Қазақстан халқы­на» қоры да қатысып жатыр. Біз, Парл­амент депутаттары үндеуді қолдап, консти­ту­циялық өкілеттіктерге сүйене отырып, осы заң жобасында құқық бұзушы­лық­тар мен қылмыстар жасаған қаңтар оқиғаларына қатысушыларға қатысты рақымшылық жасау туралы Мемлекет басшысының бастамасын іске асыруды ұсынамыз», деді депутат.

Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталсақ, оның аясында рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталды. Ол үшін нақты уақыт аралығы белгіленді. Бұл тұрғыда 4-7 қаңтар аралығы қамтылды.

«Қылмыстық кодекстің әрбір адам бойынша нақты баптарын көрсете отырып, осы оқиғаларға қатысты барлық іске тал­дау жасалды. Құжатта қылмыстық теріс қы­лықтар мен ауырлығы аз орташа қыл­мыс үшін жазадан босату ескеріл­ген. Ауыр және аса ауыр қылмыс  жасағандар үшін мерзімді қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот та­ғайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар мерзімінің жартысы қысқарады», деді Г.Бижанова.

Бұл ретте егер сотталғандардың «Ра­қым­шылық жасау туралы» заң қолда­нысқа енгізілген сәттегі жазасын өтеу мер­зімі бір жылдан аз болса, негізгі жаза оның бүкіл өтелмеген мерзімінен қысқар­тылады. Сонымен қатар террористер, экс­тремистер, рецидивистер, тәртіпсіз­діктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Бұл туралы Президент нақты айтқан болатын.

«Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады. Заң жобасын іске асыру қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», деді Г.Бижанова.

Депутат Еділ Жаңбыршин талқы­лау барысында қызметін асыра пай­да­ланған құқық қорғау органдарының қыз­меткерлеріне рақымшылық жасау мәселесін көтерді. Депутат Қаңтар оқиға­сына қатысқандарды азаптағандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдау­шы­лық білдірді. Сауалға жауап берген Бас проку­рордың орынбасары Әсет Шын­далиев рақымшылық азаптаумен айна­лысқан құқық қорғау органдары қызмет­керлеріне қолданылмайтынын жеткізді.

«Қазіргі таңда құқық қорғау саласында жұмыс істеген 49 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның біреуі ғана рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Іс сотқа жіберілген жоқ. Ол 432-бап бойынша, яғни қылмысты жасыру бойынша күдік­ке ілінген. Қалғандары азаптау, құзыре­тін асыра пайдалану бойынша жауап­қа тартылған. Оларға рақымшылық қол­данылмайды», деді Ә.Шындалиев.

Талқылау барысында депутаттар заң жобасына қатысты пікір білдірді. Сауытбек Абдрахманов рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалатынын атап өтті.

«Арада уақыт өте келе, рақымшылық жасалғаннан кейін қаңтар оқиғаларына қатысушылардың іс-әрекетін әртүрлі пайымдайтындар, тіпті өзінің отанында ойран салып, өз  елінің шаңырағын шайқалтуға шақ қалғандарды ескі режім­мен күрескерлер қатарына қосуға тырысудан да тайынбайтындар табылуы мүмкін екенін ескере отырып, мұны арнайы айту маңызды», деді С.Абдрахманов.

Тұралаған туризм

Бұдан кейін Мәжілістегі депутаттар тобының депутаттық сауалына Мәдениет және спорт министрі жауап берді. Сауалды Елнұр Бейсенбаев оқып берді.

«Еліміздегі туристік саланың жүйелі дамып, оның экономикалық оң әсерін күткелі біраз жылдың жүзі болды. Әр­дайым Қазақстандағы туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтар таусылар емес. Мысалы, турист болса – маршрут жоқ, маршрут бар да – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым болса – ұсынатын өнім жоқ. Біреуі болса, біреуі жоқ, шамасы бұл салада жүйелі жұмыс жоқ», деді Е.Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, транспорттық жүйе реттелмеуі салдарынан, сала дамымай отыр. Оның ішінде, әуе жолдарымен саяхаттау сапарлары бойынша шағымдар көп.

«Қазақстан теміржолының туризмдік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты көрінеді. Бұл компания елдегі монополист бола тұра, өзінің бас­ты бағытын жүк тасымалдауға арнаған. Ал халық қолданатын вагондардың сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжірибесі жоқ, туристік кластағы по­йыздар туралы айтпай-ақ қоялық», деді Е.Бейсенбаев.

Спикер автокөлік жолдарының жағдайы да сын көтермейтінін жеткізді. Мәселен, еліміз бойынша ең кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажет. Сондай-ақ депутат Kids go free бағдарламасының да тиімді жүзеге аспай отырғанына алаңдаушылық білдірді.

Депутаттардың сауалына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жауап берді. Саладағы жаңашылдықтарға тоқталған ведомство басшысы негізгі мәселелерді атап өтті.

«Kids go free жобасы аясында 1300-ге жуық бала тегін рейспен қамтамасыз етілді. Бірақ жоспар бойынша 100 мың емес, 12 мың балаға беруді жоспарладық. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш екі мыңнан асады деп сенеміз», деді Д.Абаев.