• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қазан, 2022

Ұлт саулығын ойлаған инвестор

239 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, «САУТС-Ойл» компаниясының пре­зи­денті С.Сейітжанов, China Machinery Enge­neering Corporation ком­­паниясының ди­ректоры Ху Джанху ша­һар­дағы «Бозарық-2» шағын ауда­нынан ашылатын 800 орын­дық университеттік көп­бейінді аурухана мен бір ауысымда 700 адам қа­был­­­дайтын клиникалық-диаг­­ностикалық орталық­тың құрылысының бас­талуына ресми түрде пәр­мен берді. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ қала­лық денсаулық сақтау мен кәсіпкерлік және ин­дус­триалды-инно­ва­ция­лық да­му басқарма­сы­ның басшылары, университет ректорлары және қоғам бел­сен­ділері қатысты.

Жоба арнайы мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Шымкент қаласының денсаулық сақтау ин­фрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перс­пек­тивалық жоспарына сәйкес іске асырылуда.

Қос нысан да жеке инвестор – «Оңтүстік» қаржы сауда-өнер­кә­сіптік корпорациясы» хол­дингі есебінен салынады. Осы­нау жобаны іске асырудың нәтижесінде, қалада жаңадан 2,5 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады.

Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық саласын дамытуға көп басымдық бергенін атап өтті. «Жалпы, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар. Себебі дені сау ұлттың экономикасы да мықты болады. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отыр­ған­дай, дені сау ұлт тиімді эконо­ми­каны қалыптастырады. Ұлт сау­­лығы мен өндірістік ресурс кез келген қоғамдық жүйенің бас­­­ты байлығы болып саналады. Осы орайда қаламызда жаңа за­ма­­науи аурухананың салынуы ха­­лыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін ти­гі­зеді. Сонымен бірге төсектік орын тапшылығы қысқарып, мегаполис тұрғындарына жоғары техно­логиялық медициналық қыз­меттер алуға зор мүмкіндік туады», дей келе қала әкімі заманауи емдеу, диагностикалық мекемесінің құ­ры­лысына мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркә­сіп­тік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұжымына және С.Сейітжанұлына белсенді аза­мат­тық ұстанымы мен шаһар­дың денсаулық сақтау саласын дамы­ту­ға қосқан ерекше үлесі үшін риза­шылығын білдірді.

Өз кезегінде «САУТС-Ойл» ком­па­ниясының президенті С.Сейітжанов мегаполисті көр­кей­­ту, да­мыту жолында аянбай ең­бек етуге дайын екенін жеткізді.

«Шымшаһардың гүлденіп, түр­ле­нуіне әрбіріміз үлес қосқа­ны­мыз жөн. Өйткені Шымкент – біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қа­зақстан болашағы үшін өте ма­ңызды. Дені сау ұлт қана Отанын өркендете алады», деді ол.

Қала әкімдігі тарапынан да бұл бастамаға жан-жақты қолдау көр­­се­тіліп отыр. Қазіргі таңда «Бо­зарық-2» шағын ауданынан ауру­хана құрылысына жалпы ауда­ны 150 гектар жер бөлініп, аталған жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері – электр жарығы, табиғи газ, су, кәріз жүйесі және байланыс желісі тартылды. Жауапты мамандардың айтуынша, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары барысында қос нысан жол және оған қажетті тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.

 

ШЫМКЕНТ