Бұл туралы Мемлекет басшысы Жетісу облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұл өңірдің транзиттік әлеуеті өте зор. Сондықтан, мұнда халықаралық көлік-логистика компанияларын тарту аса маңызды. Сол үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Оған құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтар кіреді», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жерде 2026 жылдың соңына дейін 22 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын айтты.
«Оның жалпы құны – 450 миллиард теңге шамасында. Дегенмен, жүкті түсіріп, қайта тиеуге арналған орындар және оны сақтайтын қоймалар салу қажет. Осы бағытта жаңа, заманауи жобаларды қолға алған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатқанын, атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер берілетінін атап өтті.
«Осы өңірдегі еңбекке жарамды халықтың үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан, ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет», деді Мемлекет басшысы.