• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2022

Заңнама да, сана да өзгеруге тиіс

281 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді.

Депутаттар құрамында Пар­ламент Сенатының Консти­ту­ция­лық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Вла­ди­мир Вол­ков, комитет хатшысы Қанатбек Сафинов және комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Советбек Медебаев, Ләззат Сүлеймен және Амангелді Төлемісов бар. Қылмыстық іс жүргізу заңна­масын одан әрі жетілдіру мәсе­лелерін талқылау отырыстың бас­ты тақырыбы болды.

Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты аша келіп, заң­­наманы жақсарту мәселелері еліміз азаматтарының консти­туциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.

В.Волков Сенаттың сот жүйе­сін жетілдіру жөніндегі жүргі­зіп жатқан жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Және оның қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетін болады.

Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықта­рын қорғауды күшейту туралы, есірт­кіге байланысты, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыс және басқа да ауыр қылмыс үшін жауапкершілікті қатаңдатуға ба­ғытталған заңдар қабылданды, деді ол.

Еліміз Бас прокурорының орын­басары Әсет Чиндалиев өз кезегінде Бас прокуратураның қылмыстық заңнаманы оңтай­ландыру жөнінде жүргізген жұ­мысының қорытындысы мен қыл­мыстық-процестік және қыл­мыстық атқару кодекстеріне бір мез­гілде түзету енгізе отырып, қылмыстық заңнаманы оң­тай­ландыру мәселелері бо­йын­­ша әзірленген заң жобасы ту­ралы депутаттарға баяндап бер­ді. Сондай-ақ Ә.Чиндалиев қыл­мыстық істер бүгінгі таңда елімізде 90 пайызға электронды форматта жүргізілетінін жеткізді. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын анағұрлым жеңілдете түсті.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жергі­лікті әкімдіктің күштік құрылым­дар­мен тығыз байланыста жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару қызметінің сапасын арттыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Мемлекет басшысы Шымкентке жасаған сапарын­да да осы тұрғыда қалалық әкім­дік­ке бірнеше міндет жүктеді. Сондықтан Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау негізін­де мегаполисте кешенді жоспар қабылданып, бүгінгі таңда ол лайықты іске асырылып жатыр. Мәселен, өңірлік жедел штаб құрылды. Полицияның сервистік моделі жұмыс істеп жатыр», деді Шыңғыс Мұқан.

Жиында сонымен бірге Мем­лекет басшысының Жолдауда­ғы тапсырмасына сәйкес ұлттық байлықты ұрлаған тұл­ға­ларды іздестіру және Қазақ­стан­ның шетке заңсыз кеткен қар­жысын елге қайтару бо­йынша қызу жұмыс жүріп жат­қаны баян­далды. Ішкі істер министрлігі жа­нынан ұйымдас­қан қылмысқа қар­сы арнайы топ құрылғаны айтылды. Полиция­ның қоғам қауіп­сіздігін сақтауда атқарып жат­қан жұмыстары да ауқымды. Мәселен, республика көлемінде есірткі саудалайтын 1 700 сайтты анықта­ған. Оның ішінде қан­шама есірткі ­зертханалары тәртіп сақшыларының құрығы­на ілікті. Синтетикалық есірткі өн­діретін зертханалар қо­ғам үшін өте қауіпті. Солардың кесі­рінен қаншама жас есірткі­нің құрбанына айналды. Жалпы, құны 2 млрд теңгеге бағаланатын 102 кило синтетикалық есірт­­кі тәркіленген. Полиция ин­тер­нет алаяқтардың да жолын кесуде табандылық танытып жүр. Жылына осындай қылмыс түрінен азаматтар 10 млрд тең­ге­ге жапа шегеді екен. Алаяқтар жәбірленушінің сеніміне кіріп, онлайн несие рәсімдейді немесе ақшаны басқа шотқа аударуын өтініп, клиентті сан соқтырып кетеді. Ал қомақты қаржыны қол­ға түсірген бойда дереу шешіп алады, болмаса криптовалютаға алмастырып жібереді. Интернет алаяқтық және кибер шабуыл­мен күресті күшейту мақсатында елімізде құқық қорғау саласының мамандары ақпараттық технология бойынша арнайы даярлық­тан өтуде. Ішкі істер министрлігі тарапынан отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралардың күшейтілгенін де отырыс барысында сала өкілі баяндап берді. Бүгінде шаңырағында ұрыс-керіс шыға­ратындар саны 6,9 пайыз­ға төмен­деген. Үйдің берекесін алған 37 мың бұзақы жазаланды. Осы рет­те министрлік әйел бала-ша­ға­ның шырқын бұзғандарды ­5 тәу­­ліктен 25 тәулікке дейін қа­­мау­ды ұсынып отыр. Егер отбасы­лық зорлық-зомбылық қыл­мысы­на бірінші мәрте барған кі­сіге та­туласуға мүмкіндік берілсе, дәл осындай оспадар қылықты екін­ші мәрте жасаған жағдайда еш­қандай кешірім болмайды. Осы орай­да басбұзарларды қоғамдық жұ­мысқа салу туралы да жиында мәселе көтерілді.

– Құқықтық реформаның артында халық тұр. Сол үшін бізге алдымен сананы өзгерту қажет. Сана түзелмей ешқандай реформа жемісті нәтижесін бер­мейді. Сондықтан Қазақстан Рес­публикасының әрбір азаматы құ­қықтық жағынан сауатты болуға тиіс. Егер адам өз міндетін жақсы білсе, онда ол өзіне тиісті құқығын талап ете алады. Сол арқылы қоғамдық сана оянып, әркім өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Міне, осындай нәтижеге жеткенде ғана бізде заң талаптары, реформалар сәтімен жүзеге асырылатын болады. Президенттің айтқаны да осы. Мемлекет басшысы халықтың сана-сезімін оятып, билік пен қо­ғамның барлық тармақтары­ның түбегейлі жаңғырғанын қа­лайды. Ол үшін алдымен сот жүйесі, қылмыстық іс жүргізу, басқа да құқық саласындағы заңдар өзгеруге тиіс. Ең алдымен қа­зақстандықтарға әділдік керек. Ол елдің барлық тіршілігінде көрініс тапқаны дұрыс. Мәселен, сотта бірінші тараптың жеңіліп, екіншісінің жеңгені маңызды емес. Екеуі де сот шешіміне риза болса, міне сол әділдік. Адам заң бұзып, қоғам оны әділ жазаласа осыны туралық дейміз. Сондықтан Әділетті Қазақстан­ды құру үшін біз бірінші кезекте осы әділдікке мән беруіміз қажет. Билік те, халық та бір-біріне адал болса, қоғам да жақсы жаққа қарай өзгереді. Ендігі жерде өзара кінә артыса бермей, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» тыңдайтын, еститін Үкімет пен болашағы жарқын қазақ елін бірге құруға ұмтылайық, – деді комитет хатшысы Қанатбек Сафинов.

«Жалпы, бұл кездесудің бас­ты мақсаты – азаматтық-процес­суалдық заңнаманы жетілдіру. Заңнамаларды мүмкіндігінше ізгілендіру. Осы тұрғыда бар­лық заңнаманың басында аза­мат­тардың конституциялық құқық­тарының қорғалуы тұруы ке­рек. Осыған байланысты елі­мізде кезең-кезеңімен реформа жүр­гізіліп жатыр. Оның ең ма­ңызды тұсы – үш буынды мо­­дель рефор­масы. Бұл деге­ні­­міз – Ішкі істер ми­­нис­трлігі­нің, про­куратура­ның және соттар­дың адам­дардың қ­ұ­қықтарын қор­ғау бойынша өза­ра функция, мін­деттерін анықтап алу және осыған байланысты жұмыстарды реттеу. Сенаторлар бүгінде телефон ұрлау секілді жеңіл қылмыстарды ме­диация арқылы жауапкершілі­гін жеңілдету жағын ойластырып жатыр. Соның ішінде оларды қо­ғамдық жұмыстарға тарту сияқты жаза түрлерін қарастыруда. Осы көшпелі отырыста құқық қор­ғау органы өкілдерінің баянда­масы тыңдалып, соған қарай қоры­тынды жасалады және арнайы ұсыныстар берілетін болады. Олардың қатарында мәселен, процессуалдық заңнаманы же­тіл­діру мәселесін атай аламыз». Сенатор Ләззат Сүлеймен осылай деп пікір білдірді.

Сенат депутаты Амангелді Төле­місовтің айтуынша, Кон­сти­туцияға түзету енгізу жөніндегі реформадан кейін еліміздегі заң­на­ма­лар­ды жетілдіру, кейбір қыл­мыстық заңбұзушылықтар­дың жазасын жеңілдетіп, ізгі­лендіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Осыған орай Парламент Сена­тында жыл со­ңына дейін жиырмадан астам заң толықтырылады. Ата Заңы­мыздың үштен бір бөлігіне өзге­рістер енгізілді. Енді соның заңна­малық актілерінің негізінде жаңа ережелер мен заңдар қабылдау қажет. Бұл сот жүйесінің, құ­қық қорғау саласының әрі қа­райғы жұмысының жүруіне не­гіз болады. Осы ретте қазіргі таң­да Сенат отырыстары белсенді түрде өтіп жатыр. Әсі­ресе сот билігі, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты ережелерді конституциялық заң деңгейіне көтеру бойынша іс атқарылуда. Бұл өз кезегінде қарапайым аза­маттардың құ­қық­тары қорға­луына өзінің оңды септігін тигі­зеді деген сенім бар. Ең бас­ты­­сы, ел арасында құқықтық мә­­­де­ниетті қалыптастыру. Мем­лекет бас­шысының көз­де­ген не­гізгі мақ­саты Әділетті Қазақ­стан­ды құ­ру болса, бұл идеяны жү­зе­ге асыру сол құқықтық мә­де­ниет­­тің қоғам ішінде ор­на­уына тіке­лей байланыс­ты. Ал ал­дағы қабылданатын, өзгер­ту­лер­ге ұшы­райтын заңдар мен құ­қық қорғау саласындағы ережелер Әді­летті Қазақстанның ірге­та­сының қалануына жол ашады.

Мұнан соң Сенаттың Кон­сти­туциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары ко­митеті кезек­ті көшпелі отырысын қалалық сотта өткізді. Онда депутаттар сот органының жауапты маманда­рымен кездесіп, келелі сұхбат құрды. Сондай-ақ бұл басқосуда медиаторлардың рөлін күшейту, институтын ны­ғайту мәселесі қаралды. Жалпы, медиаторлық сот жұмысын же­ңілдету үшін қажет. Екі тарап сотқа жүгінсе, іс соңғы нәти­же­сіне жеткенше қаншама уақыт пен қаржыны талап етуі мүм­кін. Ал осы арада медиаторлар, яғни бітімгерлер іске араласса, бір-бірімен дауласқан тараптар тезірек татуласып, мәселе сотқа жетпей оңай шешілер еді. Сондықтан медиаторлық институтты елімізде жаңғыртып, да­мыту керектігі отырыста жан-жақ­­ты талқыланды. Бұл жерде сенаторлар бірауыздан медиаторлар мәселесіне мемлекеттің өзі қолдау білдірмесе, аталған институт өздігінен өркен жайып кете алмасы анық деген тоқтамға келді.

– Бүгінгі таңда елімізде Кон­с­­ти­туциялық реформалармен бірге саяси өзгерістер де болып жатқаны белгілі. Ол ең алдымен Мемле­кет басшысының Жолдауынан бастау алып отыр. Осы ретте бірнеше маңызды әрі ауқымды заң қабылданды. Бұл бірін­ші кезекте азаматтардың ты­ныс-тіршілігі­нен бөлек азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету үшін керек. Қыл­мыстың алдын алу мәселесі үшін де жаса­лып жатқан реформалар өте ма­ңызды, – деді сенатор Нұрлан Бекназаров. 

Сондай-ақ сапар барысында сенаторлар Шымкент қаласы Полиция департаментіне арнайы ат басын бұрды. Мегапо­лис­тегі №33 учаске­лік полиция пунк­тінде қоғамдық кеңес мүше­ле­рімен жүздесіп, Әл-Фараби ауда­нындағы «Сервистік полиция» қанатқақты жобасы аясында ат­қарылған жұмыстар мен қол жет­кізілген нәтижелерді талқылады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков шаһар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған 3 мыңнан астам бейнекамераны бақылайтын Же­дел басқару орталығының жұмы­сы­мен таныстырды. Келесі кезек­те депутаттар тарихи қазынаға бай музей ішін аралап, қалалық полицияның өт­кені мен бүгінінен хабардар болды.

Өз кезегінде, Парламент Се­на­тының Конституциялық заң­на­ма, сот жүйесі және құқық қор­ғау ­органдары комитеті­нің төр­ағасы Владимир Волков поли­ция жұмысына табыс тілеп, қалт­қысыз қызметі үшін алғысын біл­дірді. Президент Жолдауына сәйкес, тәртіп сақшылары ашық, қолжетімді, сенімді болу қажет екенін атап өтті.

 

ШЫМКЕНТ