• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2022

Әлем чемпионын тәрбиелеген шаңырақ

348 рет
көрсетілді

Биылғы «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысуға Шымкент қаласынан 128 отбасы өтінім берген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, жас отбасылар, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, кәсіпкерлер, меценаттар және ұзақ жылдар бойы ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбек сіңірген ұстаздар әулеті де бар.

Соның ішінде Шымкент қаласының әр ауданынан 4 отбасыдан іріктеп алынып, қалалық кезеңге 16 отбасы қатыс­қан. Арнайы комиссияның шешімімен бокс­тан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақы­повтай аптал азаматты тәрбиелеп өсірген Құттыбековтер отбасы жеңімпаз деп таны­лып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

– Халқымызда «Отан – отбасынан ­бас­талады» деген ұғым бар. Себебі отбасы қай заманда да ел болашағы – жастарды тәрбиелейтін шаңырақ болған. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту – Қа­зақстанның келешегін ке­мелді етудің бірден бір кепілі. «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауының мақсаты да сол, үл­гілі отбасыларды анықтап, олар­дың өне­гесін өзгелерге көрсету және де ұлт­тық салт-дәстүріміз бен отбасы құнды­лық­тарын насихаттап, отансүйгіш, ізгі ұр­пақ тәрбиелеу, – деді Ұлттық бай­қау­­­дың қалалық кезеңінің марапаттау рә­сімінде сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі сая­­сат және жастар істері жөніндегі бас­қар­масының басшысы Мұратжан Шотанов.

Басқарма басшысының айтуынша, халқымыз ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерге берік. Бұл қоғам­дағы рухани құндылықтардың сақталуына оң ықпал етеді. Сондықтан аталған іс-ша­раны Қазақстанның әлеу­меттік саясат­ы­ның маңызды бөлігі деуге толық негіз бар.

Сонымен бірге «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауы – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік се­кілді ұғымдарды ел санасына сіңіруге, әсі­ресе жастарға жеткізуге мүмкіндік береді.

Ендеше жеңімпаз отбасының өзі туралы қысқаша мағлұмат бере кетсек, Бокстан Әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері «Құрмет» орденінің иегері, үш олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Қазақстан­ның бірнеше дүркін чемпионы Біржан Жақыповтың әкесі 69 жастағы Жақып Құттыбеков бүгінде жекеменшік спорт мектебінің директоры қызметін атқарады. Ал анасы Қарлығаш Зәуірбекова саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Қырық жылдан астам уақыт бойы шәкірттерге матема­тика пәнінен сабақ берген Қарлығаш апай бүгінде құрметті еңбек демалысында. Екеуінің отасқанына биыл – 45 жыл. Бақытты ата-ана төрт перзент тәрбие­леп, олардан 15 немере сүйіп отыр.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен қатысушыларға қала әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

ШЫМКЕНТ