Кеше Халықаралық Түркі академиясында мажар тіліне аударылған қазақ кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Мажарстан Ұлттық Жиналысының (Парламент) вице-спикері Шандор Лежак қатысты. Мажарстан Ұлттық құрылтайы төрағасының орынбасары Шандор Лежак бастаған делегация академия жұмысымен танысып, мұндағы кітапхананың құнды қолжазбалар қоры мен Иштван Қоңыр Мандокидің жеке кітап қорын аралап көрді.
Қазақ тіліне судай, тұтас түркі әлемі үшін қызмет еткен Иштван Мандокиді көзі қарақты ел білсе керек. Мажар тіліне аударылған «Қазақтың 550 мақал-мәтелі» кітабы Мандоки мұрасынан алынған фотосуреттермен көмкеріліпті. Тұсауы кесілген екінші «Кундардың суреттелген хроникасы» атты кітап та қазақ-мажар қатынасын тарихи тұрғыда бекіте түсер құнды дүние деп білеміз. Іс-шараға қатысушы Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы, мажарстандық белгілі түрколог Шомфой Қара және басқа да ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бауырлас елдердің мәдени-рухани байланысы туралы әңгімеледі.
«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген қазақ мақалы мажарларда да барын айтады Шандор Лежак. «Қазақтың 550 мақал-мәтелін» мажар ақыны, Кошут сыйлығының лауреаты, Мажарстанның еңбек сіңірген қайраткері Ференц Будда аударыпты. Бұл кісі отыз жылдан астам уақыт қазақ мәдениетін зерттеумен келеді екен. 1988 жылы мажар оқырмандарына қазақ ертегілерін таныстырған.
«Кундардың суреттелген хроникасы» атты энциклопедиялық жинаққа кун (ғұн) халқының шығу тегі, қоныстануы және тарихы туралы ғылыми зерттеулер топтастырылған. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда ғұндардың тарихы сипатталса, екінші бөлімде оларға қатысты терминдердің түсіндірмелері бар. Сондай-ақ соңғы бөлімінде 49 елді мекеннің тарихы баяндалған. Мұнда көп айтыла бермейтін деректер мен ғұндардың көрнекті тұлғалары туралы мәліметтер енгізілген.
Кездесу барысында Фузули Мәжидли алқалы жиын көрнекті түрколог Қоңыр Мандокидің мұралары сақталған Түркі академиясы ғимаратында өтуінің символикалық мәні зор екенін атап өтті. Мажарстан бағытында жүзеге асып жатқан жобалармен таныстыра келе ол алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.
Мажарстан Ұлттық құрылтайы төрағасының орынбасары Шандор Лежак болса, тамырлас елдердің ортақ құндылықтарын зерттеп, халықтардың бауырластығын арттыруда академия атқарып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар тараптар екіжақты ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытып, келешекте бірлескен жобалар жүзеге асыруға уағдаласты. Кездесу барысында Ф.Мәжидли мәртебелі мейман Шандор Лежакқа арнайы құрмет көрсетіп, бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін академияның Әлішер Науаи атындағы алтын медалімен марапаттады.
2017 жылы Мажарстан Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алып, Түркі әлемінің ынтымақтастық институттары арасында осы мәртебені иеленген алғашқы мемлекет болғанын атап өткен жөн. Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды мажар түркологтерінің мирасы мен тағылымына қатысты ғылыми жобаларды қолға алып, бірқатар еңбекті жарыққа шығарды.