• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Қазан, 2022

Қазақ әндерін шырқады

288 рет
көрсетілді

Түркістан облысы әкімдігінің және облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, Түркістан төрінде Республика күніне орай халықаралық «Voice of turan» қазақ әндері байқауы өтті. Екі күн бойы әлем елдерінен келген қатысушылар қазақ әндерін шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.

Ұлы Тұран даласын әнмен тербеген халықаралық байқаудың бірінші күні шартараптан келген қаты­су­шылар елімізге танымал эстрада ән­ші­лерімен бірге қазақ әндерін шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Екінші күні қатысушылар алдымен Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге орындады. Содан соң байқау талабы бойынша қа­зақтың танымал әндерін шырқап, қазылар алқасының бағасын алды. Атал­ған фестиваль қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, шығармашыл, дарынды жас­тарды анықтау және оларға қолдау көрсету, халықаралық байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайту, рухани әрі мәдени құндылықтар алмасу, Түркістанның туристік әлеуетін арт­тыру сынды үлкен мақсат қойған. Байқаудың ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев фестиваль Ұлы даланың, ата-бабаларымыздың қанында бар ән-жырдың мерекесі екенін атап өтті. Биылғы байқаудың ерекшелігі, Азия елдерінен ғана емес, Еуропа мемлекеттерінен де әншілер келіп қатысты. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзербайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Мол­дова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шер­кес рес­публикасы, Бурятия, Ма­ке­­дония, Бол­гария елдерінен келген қа­­тысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқады. Олардың қатарында Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Медеу Арынбаев, Айгүл Қосанова, Маржан Арапбаева, Жанар Доғалова, «Меломен» тобы, Рухия Байдүкенова сынды мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздары бар.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов төр­аға­лық еткен қазылар алқасының шеші­­мімен Грузия елінен келген Татия Кобаладзе Гран-при иегері атан­ды. Ал 1-орын Татарстаннан келген Иль­гиз Шайхразиевке бұйырды. Жүл­делі 2-орынды сербиялық Стефан Здрав­кович пен Польша әншісі Михал Кач­марек иеленді. Үшінші орынға Ката­рина Богичевич (Черногория), Хрис­­тиана Данкова (Болгария), Навру­за Махамаджанова (Өзбекстан) лайық­­ты деп танылды. Жеңімпаз бен жүлде­гер­лерге арнайы дипломдар мен қар­жылай сыйлықтар, ал Гран-при иегеріне арнайы статуэтка табысталды.

Айта кетейік, бұған дейін аталған байқау 2 рет онлайн өткен болатын. 2020 жылы Молдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Ха­лық­аралық ән сайысының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті байқаудың жабылу салтанатында ән шырқады.

 

ТҮРКІСТАН