2022 жылдың 8 айында отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 6,9 млн адамды құрады. Атап айтқанда, олар ішкі желілерде биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында 4,9 млн адам (2021 жылғы сәйкес кезеңде – 4,9 млн адам), ал халықаралық желілерде 2 млн жолаушыны (2021 жылғы сәйкес кезеңде – 1,2 млн адам) тасымалдады.
Мәселен, «Air Astana» компаниясы шамамен 2,7 млн, «FlyArystan» 2,1 млн, ал «SCAT» авиакомпаниясы 1,8 млн жолаушы тасымалдаған.
Аталған кезеңде еліміздің әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 13,1 млн адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артық (2021 жылы – 11,6 млн адам).
Қазіргі уақытта ішкі авиарейстерді аптасына 617 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 6 отандық авиакомпания орындайды.
Халықаралық рейстер аптасына 490 рейс жиілігімен 112 бағыт бойынша 28 елде орындалады. Олардың қатарында Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Мысыр, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзербайжан, Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Үндістан, Иран, Черногория, Грекия, Италия, Қытай мемлекеттері бар, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»