Астанада Республика күніне орай бильярдтан қаламгерлер арасында жарыс ұйымдастырылды. Қаламын бір уақ тастаяққа алмастырған қаламгерлер турнирі «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйытқы болуымен өткізілді.
Елордадағы Start бильярд клубында жалауы желбіреген тастаяқ жарысына қаламгерлер қауымы сынға түсті. Сондай-ақ турнир жеңімпазынан бөлек, қатысушылар үш аталым бойынша, яғни ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза және белгілі журналист, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы сертификаттармен марапатталды.
Ал додаға бильярдтың еркін пирамида түрінен екі дүркін әлем чемпионы (2010, 2021), халықаралық дәрежедегі спорт шебері қазақстандық Ернар Шымбаев төрелік етті.
Жарыстың ашылу салтанатында «Elorda Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр сөз сөйлеп, көп жыл бойы тасада қалған турнир бұдан былай қайтадан жанданатынын айтты.
«25 қазан – қайтадан еліміздің ең басты мерекесіне айналып жатыр. Соның құрметіне орай біраздан бері үзіліп қалған қаламгерлер арасындағы дәстүрлі турнирді қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Бұл игі дәстүр бұдан кейін де жалғасын табады деген сенімдемін. Қаламгерлердің тастаяқ турнирін сағынып қалғаны көрініп тұр. Міне, өздеріңіз байқағандай, «Elorda Aqparat» ұйымдастырып жатқан турнирге бас қаладағы беделді қаламгерлер, үлкен жазушы ағаларымыз, жас журналистер қатысып, жарыстың мәртебесін көтеріп жатыр», деді Еркін Қыдыр.
«Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдікке құрмет көрсетіп, қазақы дәстүр бойынша жуырда ғана мерейлі 80 жасқа толған ақсақалға шапан жапты. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша Т.Әбдік ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Ал жазушы Уәлихан Қалижан Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдеге ие болса, жазушы, ғалым, тарихшы Қойшығара Салғараұлына Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлде табысталды. Сонымен қатар сенатор Нұртөре Жүсіпке «Мерген» арнайы жүлдесі бұйырса, ақын Несіпбек Айтұлы «ең мәдениетті ойыншы» жүлдесін қанжығалады.
Жарыстың қорытындысы бойынша, танымал журналист Нұрділда Ораз топ жарып, қаржылай 200 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орынды журналист Ахмет Қайратұлы иемденсе (150 мың теңге), үздік үштікті Парламент Мәжілісінің депутаты, журналист Жанарбек Әшімжан мен журналист Ербол Ерденбек (100 мың теңге) түйіндеді.