Кешегі күнге дейін қазақ спортшыларының даңқы әлемге тек күрес, бокс, дзюдо секілді жекпе-жек түрлерінің арқасында шығып келді. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің айшықты жеңісінен кейін дүние жүзінің майталман мамандары қазақ балуандарына, Олимпиада және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін жеңімпазы Серік Қонақбаев секілді былғары қолғап шеберлеріміздің табысынан кейін әлем елдерінің өкілдері қазақ боксшыларына құрметпен қарайтын болды. Қазір де солай.
Әйтсе де, кейінгі жылдары спортшылардың жаңа буыны тыңнан түрен салып, жаңа спорт түрлерін меңгере бастады. Олар жай меңгеріп қана қоймай, санаулы жылдың ішінде өз қатарластары арасында алпауыт елдердің өкілдерін жүлдесіз қалдырып жүр. Мәселен, орта ғасырларда Францияда пайда болған теннис спортында кейінгі бір-екі жылдың көлемінде Алаштың өрендері жарқырап өнер көрсете бастады. Алысқа бармай-ақ теннистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының биылғы әлем чемпионатындағы жетістігін айтсақ жетіп жатыр.
Ақсүйектердің ойыны саналатын теннис спорты федерациясы елімізде 1992 жылы құрылғанымен, 30 жылдан бергі қажырлы еңбектің жемісі енді көріне бастады. Теннистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы биыл Чехияның Простеев қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатына ел тарихында тұңғыш рет қатысып, әлемнің ең үздік төрт құрамасының қатарынан көрінді.
Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті. Жерлестеріміз жаһандық біріншілік барысында былтырғы әлем чемпионы – Италия, сонымен қатар Аргентина, Словения секілді құрамаларды жарыс жолынан ығыстырды. Дүниежүзілік додада ел намысын қазақтың талантты ұлдары – Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков қорғағанын айта кетейік.
Сондай-ақ қыздарымыз да ұлдардан қалысқан жоқ. Жуырда ғана Таиландта 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Сары құрлық бәсекесінің жекелей сынында қазақтың екі қызы – Ариана Гогулина мен Альбина Кәкенова барлық қарсыласын тізе бүктіріп, Азияның үздік теннисшілері атанды. Командалық сайыста да Қазақстан құрамасының өкілдері топ жарды. Азия біріншілігінде өрелі өнерімен көзге түскен Альбина Какенова 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Азия рейтингінде көш бастады. Бұл да бір тарихи көрсеткіш.
Ойлылар ойыны саналатын шахмат спортында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева секілді әйелдер және ерлер арасындағы гроссмейстерлердің жақын арада орнын басатын мықты буын қалыптасып келеді. Мәселен, қазан айының алғашқы онкүндігінде Әзербайжанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік шахмат олимпиадасы ұйымдастырылды. Бұл додаға Қазақстан құрамасының 12 және 14 жастағы спортшылары қатысса да, өздерінен үлкен шахматшыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Тіпті ерлер арасындағы жарыста сынға түскен Сауат Нұрғалиев жеке есепте барлық партияда үздік нәтиже көрсетіп, олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Сондай-ақ тағы бір зерек шахматшы Иманғали Ақылбай қола жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасының спортшылары өздерінен үлкен жастағы шахматшылармен ойнаса да, жалпыкомандалық есепте шахмат спортының үздіктері саналатын Үндістан мен Иранның командаларын басып озып, үздік төрттіктің қатарынан көрінді.
Кеңес өкіметі тұсында қазақ жеңіл атлеттерінің аты озған-ды. КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяғы Ғұсман Қосановтың 1960 жылы Рим Олимпиадасында күміс медальға ие болғанын спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Ғ.Қосановтың ізін ала Әмин Тұяқовтың есімі жеңіл атлетика спортында жаңғырды. Әмин ағамыз алты дүркін КСРО чемпионы, өз заманында 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден КСРО-ның бірнеше рекордын жаңартқан даңқты желаяқ болатын. Өкінішке қарай, кейіннен Ғұсмандай, Әминдей желаяқ ағалардың жеңісті жолы біразға дейін үзіліп қалғандай еді. Әйтсе де, егеменді елде дүниеге келген жас дарынды спортшылар жеңіл атлетикадағы үмітімізді қайта жаққандай болды.
Осыдан бірер күн бұрын Кувейттің бас шаһары – әл-Кувейтте жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстанның спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Нәтижесінде, 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль еншілеген өрендеріміз жалпыкомандалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бұл – Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы Азия біріншіліктеріндегі ең үздік нәтижелерінің бірі.
Міне, бұл – қазақ спортының болашағына балаған жас спортшыларымыздың тек бір жарыста ғана қол жеткізген толайым табысы. Санаулы жылдардан кейін еліміздің негізгі құрамына қабылданатын бұл буынға ел намысын қорғауды Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарында сеніп тапсыра беруге болады деген сенімдеміз.