Бүгінде біз ірі мемлекеттер арасындағы геосаяси күрестің шиеленісуіне куә болған жайымыз бар. Әлемдік экономикада жаһанданудан гөрі, кері серпілу сипаттары байқалып отыр. Бұл бүкіл жаһандық тасымал тізбегіндегі елеулі ауытқуларға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар ақпараттық технологияны өнеркәсіпке кеңінен енгізу және ескірген өндірістен бас тарту технологиялық құрылымда түбегейлі өзгерістерге әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан осы факторлардың барлығы Қазақстанда әрі қарай жаңғырту мен құрылымдық реформаларды жүргізуді қажет етеді.
Биыл жалпы дүние жүзінің экономикасы секілді Қазақстан экономикасы да көптеген қиындықты бастан кешіріп жатыр. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары бүкіл әлем елдерінің жағдайына кері әсер етіп отырғаны белгілі. Оның себебін неден көріп отырмыз? Біріншіден, бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда азық-түлік бағасы күрт өсті. Екіншіден, логистикалық қарым-қатынастың қиындай түсуін айтар едік. Үшіншіден, екі ел арасындағы соғыстың салдарынан Украинадағы кейбір өндіріс орындарының жойылуы мен Ресейдегі көптеген шетелдік компания өз қызметін тоқтатуы кесірінен осы елдерде өндірілетін өзімізге қажетті көптеген тауарды ала алмай отырмыз. Осындай басты-басты себептер Қазақстан экономикасына көптеген ауыртпалық әкелгені – басы ашық ақиқат. Осы тұрғыда біздің алдымызда үлкен сұрақтар тұр: «Қазақ елінің экономикасы болашақта қандай болады?», «Алдымыздан шыққан қиындықты жеңуде Қазақстан экономикасының әлеуеті қандай?». Бүгін біз осы сұрақтар төңірегінде оқырмандармен ой бөліссек дейміз.
Жалпы, дүние жүзінің экономикасы болжам бойынша жыл басында белгіленгеннен 1 пайызға төмен болады деп айтылуда. Бұл, әрине, өте үлкен көрсеткіш. Соғыстың салдарынан Украина экономикасы 30 пайызға, Ресей мен Беларусьта 5-6 пайызға құлдырайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Мұның өзі сол елдердің экономикасымен бұрыннан тығыз интеграцияланған Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, олардың бәрі де – біздің сауда-экономикалық қатынас жасайтын дәстүрлі әріптестеріміз.
Бұдан бөлек, Қазақстанның ең үлкен сауда қатынасын жасайтын көршілес Қытай мемлекеті де биыл едәуір қиындыққа душар болып отыр. Мәселен, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Қытай экономикасының өсу қарқыны бар-жоғы 0,5 пайызды құрады. Бұл ол елде биыл экономика өсімі жоқ дегенмен пара-пар. Үшінші тоқсандағы көрсеткіш те осы ойымызды дәлелдей түседі.
Қытай дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттің бірі болғандықтан бұл елде орын алып отырған осы жағдайдың бәрі тек Қазақстан емес, басқа елдерге де кері ықпалын тигізері даусыз. Шынында да Қытай экономикасының біраз саласында дағдарыс бар. Мысалы, Қытай мемлекеті 1 млрд 200 млн тоннадай болат өндіретін еді. Соның 1 млрд тоннасын өздері тұтынатын. Бірақ құрылыс саласы мен машина жасау өнеркәсібіндегі дағдарысқа байланысты олардың металл тұтынуы күрт төмендеді. Соның салдарынан әлемдік нарықта металдың бағасы арзандап кетті. Қазақстан Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқандықтан екі жақтағы көрші мемлекеттің ішкі жағдайы бізге айтарлықтай әсер еткенін айтпай кетуге болмайды. Дегенмен де, көрші мемлекеттермен салыстырғанда биылғы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыптасқан жағдайды ескеретін болсақ, қанағаттанарлық деңгейде деп айтуға болады. Болжам бойынша, осы жылды біз экономикалық өсу көрсеткішін 3 пайыздық өсумен аяқтаймыз деп отырмыз және бұған нақты негіз де бар.
Осындай жетістіктің сыры неде? Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына қандай жағдайлар әсер етуде? Осы сұрақтарға жауап берейік. Біріншіден, Қазақстан өзінің егемендік алған алғашқы күндерінен бастап ашық экономикалық саясат ұстанып келеді. Ақиқатын айтар болсақ, дәл осы фактор біздің экономикалық әлеуетіміздің алғышартындай көрінетінін қазір дәлелдеудің қажеті жоқ. Оның үстіне, тоқсаныншы жылдардың өзінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы болып экономикасын нарықтық қатынастардың барлық канондарына сай көшірудің заңнамалық базасын жасай білді. Соның нәтижесінде, елімізде нарықтық қатынас кең қанат жайды. Ал бұл факторды экономикалық әлеуетіміздің бастауы болды деп батыл айтуымызға болады.
Бұған қоса, еліміздің стратегиялық сауатты сыртқы саясаты Қазақстанның тұрақты ішкі дамуының маңызды кепіліне айналғанын да атап өткен жөн. Ресей, Қытай, Еуропалық одақ және Америка Құрама Штаттары секілді ірі державалардың геосаяси мүдделерінің тоғысында тұрған Қазақстан барлық орталықпен теңдей қарым-қатынас орната алды. Қазіргі таңда әлем Қазақстанды стратегиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосқан халықаралық қатынастардың беделді субъектісі ретінде танып отырғаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Айтары жоқ, олар Қазақстанның экономикалық әлеуетін толық мойындағаны да – тарихи факт.
Ең бастысы, еліміздегі өңірлердің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті мен өмір сапасы біртұтас Қазақстанның тұрақты әрі тепе-тең дамуына ықпал етіп келеді. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Өйткені әр өңірдің гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Сондықтан да алдағы уақытта әр өңір өзіндік бренд, өзіндік даму ерекшеліктері, экономикалық бағыттылығы бар аймаққа айналуға тиіс. Экономикалық қуатты әрі әлеуметтік жағынан жоғары дамыған күшті өңірлер Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі болып отырғанын дәл қазір ешкім де жоққа шығара алмайды.
Әлемдік мұхиттан алыс орналасуы осыған дейін Қазақстанның ең әлсіз жері ретінде қаралып келді. Алайда еліміз бұл олқылықтың да орнын толтыра білді. Елімізде көлік инфрақұрылымының ауқымды жаңғыртылуы, соның ішінде жаңа автожолдар мен темір жолдар құрылысы, сондай-ақ порт қуаттылықтарын дамыту арқылы Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы құрлық көпіріне айналды. Шынында да, Қазақстан соңғы жылдары басқа елдерге де осылайша өз әлеуетін дамытудың үлгісін көрсете бастады десек, артық айтқандық емес.
Әрине, елдің экономикалық әлеуеті туралы айтқан кезде біз ең алдымен сол елдің адами капиталының өсіп, жетілу деңгейін басшылыққа алуымыз керек. Керек десеңіз, бұл – ең қастерлі көрсеткіш. Біз әлем алдында ашық экономикалық саясат жүргізудің арқасында жастарымызды алыс-жақын шетелдерде оқытып, тәжірибе жинақтауға қол жеткізе білдік. Соның нәтижесінде, қазіргі кезеңде Қазақстанның адами капиталының өсу деңгейі көршілес көп мемлекетпен салыстырғанда көш ілгері тұр. Бір анық: экономиканы алға жылжытатын ең алдымен адам капиталы екенін ескеретін болсақ, онда бұл тұрғыда бізде үлкен әлеует бар екенін айтуға болады.
Ел экономикасының тұрақты дамуына себеп болып отырған екінші нәрсе Қазақстан экономикасы инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқаны деп айтар едік. Елімізде соңғы жылдары халықаралық стандартқа сәйкес келетін автомобиль жолдары сапалы әрі тез салынды. Нәтижесінде, территориямыз кең-байтақ және аймақтардың арасы шалғай жатқанына қарамастан, автомобиль көлігімен жүк тасымалы арта бастады. Оған қоса, аймақтардың бір-бірімен сауда-саттық қарым-қатынасы жақсарды. Ең бастысы, ішкі нарықта жүк тасымалының өзіндік құны арзандады. Бұл – елімізде бизнестің қарқын жаюына әсер ететін бірден-бір әлеуеттік күш.
Сонымен бірге Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым да қарқынды дами бастады. Көптеген халықаралық зерттеу институттарының болжамы бойынша Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының даму көрсеткіші әлемдегі 90 елдің арасында 20-орынға шықты. Оның үстіне, Қазақстанның цифрлық индустриясы қарқынды дамып келе жатқанын бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Соның арқасында қазір Қазақстанда бизнесті онлайн режімде тіркеуге және жүргізуге болады.
Көптеген ақша – төлем процесін цифрлық технологияларды пайдаланып, үйде отырып-ақ онлайн режімде жасайтын дәрежеге жеттік. Мұның өзі – Қазақстанның осы саладағы әлеуетінің қарқынды дамып келе жатқанының бірден-бір дәлелі және бұл үрдіс барған сайын Үкіметтің де, жергілікті атқару органдарының да назарында тұрғандықтан үнемі даму үстінде. ІТ саласында көптеген маман даярланып, осы салада жаңа бизнес нысандары ашылып жатыр. Бұл әлеуетіміз де ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосары сөзсіз.
Біз елдің әлеуеті туралы сөз қозғаған кезде дүние жүзінде мойындалған өзіміздің банк жүйеміз туралы да айтуымыз керек. Ол – экономиканың күретамыры. Тек сыртқы елдерге, өзіміздің ішімізде жылдам заманауи деңгейде қызмет көрсете алатын жағдайда ғана экономикамыз тұрақты дамиды. Сондықтан да банк секторында өте жоғары бәсекелестік қалыптасқан. Соның нәтижесінде, банктер бір-бірімен жарыса отырып, жаңа технологияларды, оның ішінде цифрлық технологияларды өз тәжірибесінде кеңінен енгізіп жатыр. Осының өзі бизнестің жақсы дамуына жол ашатыны сөзсіз.
Тағы бір басты мәселеге тоқталайық. Кез келген мемлекеттің экономикасы тұрақты дамуы үшін онда жеткілікті энергия көздері болуы керек. Тағы бір осы экономикалық әлеуетіміздің ішінде бірінші орында электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Бұл жерде де Қазақстанның әлеуеті өте зор екенін айта аламыз. Біздің елімізде 24 ГВт қондырылған қуат көзі бар. Және дәл қазір елімізде өндірістің дамуына тұсау боларлықтай энергия тапшылығы байқалған емес. Дегенмен өндірісті әрі қарай қарқынды дамыту үшін энергетика саласына үлкен көңіл бөлінуде. Екібастұздағы энергия өндіретін қуатты компанияларымызды одан әрі дамытып, жетілдіру – күн тәртібінде тұрған келелі мәселе. Ол өз кезегінде шешіледі де. Бұған қоса, Қазақстанда энергияның балама көздерін дамыту мәселесі де өткір қойылып келеді. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Қазір жалпы елімізде өндірілетін электр қуатының үш пайыздан астамы осы балама көзден алынып отыр. Жел мен күн энергиясын өндіру бізде бірте-бірте аяғынан тұрып келеді. Болашақта атом электр стансасын салу да жоспарланып отыр. Мұның бәрі – Қазақстан экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар. Біз тек осы арқылы ғана экономиканың қарқынды дамуына жол ашамыз.
Еуропалық одақ атом энергетикасын «жасыл» технологиямен теңестіру мәселесін қарап жатыр және олар газды да, атом энергетикасын да «жасыл» технологиямен теңестіргелі отыр. Сондықтан Қазақстанның алдында атом электр стансасын салудың барлық алғышарты бар және бұл мәселемен айналысу өте маңызды. Біз АЭС салатын болсақ, ол сенімді қуат жеткізуші және Қазақстанның энергия жүйесінде маневрлерге икемді болуға тиіс. Үкімет 2035 жылға қарай елдегі электр қуатының 6 пайыз генерациясын атом энергетикасына айналдыруға ниетті. Бұл бізге жақын келешекте электр энергиясымен жабдықтау бойынша бүкіл қажеттілігімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамыту АЭС салу ғана емес, онымен бірге инженерияның құлаш жаюы екенін ұмытпауымыз керек.
АЭС салғанша күн мен жел энергетикасын неге дамытпаймыз? Осындай сұрақ туындауы да заңдылық. Бұл мәселені де басын ашып айтқан дұрыс болар. Біріншіден, мәселе бағаға байланысты. Жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі тарифі, әрине, біздің қолданыстағы дәстүрлі стансалардағыдан қымбат. Екіншіден, өкінішке қарай, жаңартылатын энергия көздері маневрге икемсіз, стансалардың тірегіне айнала алады деуге де келмейді. Яғни үзіліссіз қуат бере алмайды. Өйткені табиғаттың жаратылысы солай – не үнемі жел соғып тұруы керек, не үнемі күн шығып тұруы шарт. Әрине, жел мен күннен алатын қуатты да кең көлемде пайдалануға болады, бірақ ол үшін энергияны жинақтайтын инфрақұрылым жасау керек. Дейтұрғанмен, бұл технология әлі жеткілікті дамып үлгерген жоқ. Оның үстіне, өте қымбат.
Қазақстан жағдайында атом қуатының орнын газ да баса алмайды. Біз бұл салада көміртегі бейтараптығы туралы саясат ұстанып отырған елміз. Көмір жағатын үлкен стансаларды жобалай алмаймыз. Мұндай талаппен тек газды жағуға болады. Қазақстанның энергетикалық теңгеріміне 20 ГВт энергия керек десек, оның бәрін газбен жабу үшін орасан мол газ керек. Қуаты 1 ГВт болатын станса жұмыс істеуі үшін шамамен 2 млрд текше метр газ қажет. Жоғарыдағы қуатты газдан алатын болсақ, бізде ондай мөлшердегі шикізат та жоқ. Оның үстіне, біз газды өңірлерді газдандыруға жұмсап жатырмыз. Газ – мұнаймен біріктіріп, басқа да өнімдер алуға таптырмайтын шикізат. Осының бәрін ескерсек, бізде атом энергетикасын дамытудың үлкен әлеуеті бар.
Бұл тақырыпта тағы бір ерекше мән беретін жайт, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі күн тәртібіне өткір қойылуы керек. Бұл мақсатта да Қазақстанда соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды шаралар іске асырылуда. Өзінің билікпен жақын байланысын пайдаланып, бизнесте үстемдік жасап жүрген олигархтардың іс-әрекеттерін шектеу немесе «бармақ басты, көз қысты» тәсілін пайдаланып, шектеулі ресурстарды өзіне тиімді бағамен алып кету фактілеріне де тосқауыл қойыла бастады. Президент бизнестің барлық тұлғасына бірдей тең жағдай жасауды тапсырып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адами факторды азайту мақсатында мемлекеттік бақылаудағы тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылды. Соның нәтижесінде, бақылау және қадағалау органдары бизнестің неғұрлым проблемалы субъектілеріне шоғырланды. Бұл ретте заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым төмендейді. Бәсекелестік аясын елеулі түрде кеңейтіп, барлық кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндіктер туғызып, монополияландыру тоқтатылады. Өңірлерде шағын және орта бизнеске басымдық беріледі.
Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруда көптеген жаңа міндет те тұр. «Самұрық-Қазына» қорында сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібінің жобасы әзірленді. Ол бірінші кезекте сатып алудың ашықтығын арттыруға және оңайлатуға, жергілікті өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға бағытталған. Бұл шаралар 10 мың шағын және орта бизнес субъектісіне көмектесуге мүмкіндік береді.
Үкімет отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірге инвестициялық ахуалды және бизнес ортаны әрі қарай жақсартуға бағытталған шараларды іске асыруда. Сондай-ақ инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.
Банк жүйесі арқылы экономиканы түзету біршама жақсарып келеді. Жалпы, Ұлттық банк басқа мемлекеттермен салыстырғанда қатаң монитарлық саясат жүргізіп отыр. Мұның өзі де валюта нарығындағы жағдайдың тұрақталуына септігін тигізеді. Сондықтан банк жүйесінің дамуы да, инвестицияның көптеп келуі де ел экономикасының алдағы уақытта қарқынды дамуына жол ашатыны даусыз.
Тағы бір айта кететін мәселе, елімізде ашық экономикалық саясат жүргізілуінің нәтижесінде, көптеген инвестор басқарудың жаңа корпоративтік қағидалары мен принциптерін алып келді. Ұзақ жылдар бойы жүргізіліп отырған осы корпоративтік саясаттың нәтижесінде Қазақстанда жаңа буын менеджерлер қалыптасты. Олар – нақты экономикаға бейімделген және басқарудың заманауи корпоративтік принципін жетік меңгерген азаматтар. Осының арқасында біздің көптеген жеке немесе квазимемлекеттік компанияларда қазір корпоративтік басқару жүйесі көршілес мемлекеттердің біразымен салыстырғанда анағұрлым алда. Мұның өзі компаниялардың тұрақты дамып, қандай қиындықтардан да абыроймен шығуына мүмкіндік береді. Өйткені Қазақстандағы көптеген компаниядағы менеджмент дүние жүзінің алдыңғы компанияларында қолданылатын принциптерге сүйеніп жұмыс істеп келеді.
Корпоративтік басқарудың ең соңғы жаңа әдістерін пайдаланудың нәтижесінде отандық компанияларда коррупцияның элементтерін жоюға жол ашылды. Жалпы, коррупциямен күресу күштік құрылымдардың ғана ісі емес, сонымен қатар басқарудың жаңа корпоративтік элементтерін кеңінен енгізу өндірістегі шешімдердің қабылдануының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондықтан бір жағынан күштік құрылымдардың табандылығы, бір жағынан озық корпоративтік басқару арқылы ғана біз сыбайлас жемқорлықты жеңе аламыз.
Сыбайлас жемқорлық демекші, елімізде мемлекеттік сатып алу процесі толығымен электронды форматқа көшірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары бір көзден тікелей сатып алу үлесі 64 пайыздан 39 пайызға дейін қысқарды. Осы жылдан бастап тікелей сатып алудың тағы 6 негізі заңнан алынып тасталды.
Әділетті Қазақстанды құру – Қазақстан халқының ортақ міндеті. Президенттің аталған бастамасы жалпыұлттық идеяға айналуы үшін ең алдымен әрбір қазақстандық өзінің сана-сезімін өзгертуге дайын болуға тиіс. Біз Мемлекет басшысы жүзеге асырып жатқан реформалардың куәсіміз. Әрине, бір күннің ішінде немесе қысқа кезеңде елді өзгерту қиын. Оған барлық салада жүйелі өзгеріс қажет. Дегенмен бізде материалдық тұрғыдан да, зияткерлік тұрғыдан да қажетті барлық ресурс бар.
Экономикадағы ашықтық, қолжетімділік және әділдік – міне, дәл осы қағидалар қарапайым халықтың сенімін қайтарып, нығайта алады. Президент көптеген реформа жасап жатыр. Жүзеге асқандары да бар, уақытты қажет ететін дүниелер де бар. Сондықтан да дәл қазір елде жасалып жатқан барлық бастама бізді жаңа жеңістерге бастайтынына және экономикалық әлеуетіміздің бұдан да зор боларына жол ашатынына күмән келтірмейміз.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері