Республика күніне орай композиторлар мен ақындар арасында өткен балалар әні мен поэзиясына арналған «Жас өрен» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Жүзден жүйрік шыққандардың жұлдызын жаққан байқау мықтылары арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған конкурс 2022 жылдың 15 шілдесі мен 15 қазаны аралығында өтті. Байқауға барлығы 204 өтінім ұсынылып, оның 133-і поэзия, 71-і ән аталымында бәйгеге түсті.
Президент жариялаған биылғы Балалар жылында өткізіліп отырған айтулы жобаның балаларға арналған отандық шығармаларды дәріптеу, балалар әндері мен өлеңдерінің репертуарын толықтыруда мәні зор. Сондай-ақ еліміздегі балалар композиторлары мен ақындардың шығармаларын балабақшалар мен мектептерге, балалардың музыка мекемелеріне насихаттауда һәм шалғайдағы ауылдық кітапханаларға дейін қолжетімді қылу арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды арттыруда да маңызы айрықша. Бұл ретте, Отанға қызмет ету, ел мен жерге деген жоғары патриоттық сезімді қалыптастыратын өнер туындыларын шығару және осы арқылы ұлттық руханиятқа үлес қосқысы келетін отандық авторларды қолдаудың құндылығы ерек.
Ақтоты Райымқұлова, Аманжол Әлтай, Майра Ілиясова, Серікзат Дүйсенғазин, Қанат Айтбаев бастаған өнер иелерінің қазылық етуімен байқаудың бас жүлдесі Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясы хор дирижерлеу бөлімінің түлегі, композитор Эльмира Дехганидің қанжығасына байланды. «Балаларға арналған ән» аталымы бойынша I орынды композитор, дирижер, музыкатанушы Әліби Әбдінұров (Астана), ІI орынды композитор, өңдеуші Самат Рыспанбетов (Алматы) пен «Бақжұлдыз» медиа орталығының вокал бөлімінің ұстазы Бекжан Қайратұлы (Талдықорған), III орынды Мәдениет қайраткері, ақын, сазгер, продюсер Бауыржан Есебаев (Алматы облысы) пен Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрислам Доспай (Астана қаласы) өзара бөлісті. Ал «Балалар поэзиясы» аталымындағы I орынды «Хабар24» арнасы бағдарламалар бөлімінің аға редакторы Жадыра Байбұланова (Астана қаласы), II орынды республикалық «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасанов (Астана қаласы) пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Достық Тілеубергенов (Қызылорда облысы), III орынды ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов (Ақмола облысы) пен ақын, журналист Нәзира Бердалы (Астана қаласы) иеленді. Сонымен қатар Ольга Каплун, Айсұлу Тани, Құрмет Сақай, Алпысбай Хонж, Қуат Ахетов, Сағыныш Намазшамова байқаудың дипломанты атанды.
«Жас өрен» республикалық байқауының лауреаттары мен дипломанттарын марапаттау рәсімі еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік Гала-концертте өтеді деп жоспарланған. Аталған шара барысында жиналған жұртшылық конкурс лауреаттары мен дипломанттарының шығармаларымен таныса алады.