Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, мәдениет және мерекелер мәселелерін қайта қарастырды. Аталған заң актісіне сәйкес, 25 қазан еліміз үшін ұлттық мереке – Республика күні болып қабылданды.
Бұл мерекені – ұлттық мереке ретінде басты назарға ала отырып, ел аумағында тойлануы саяси-құқықтық, әлеуметтік-тәрбиелік, мәдени-руханилық тұстарды қамтитын тарихи феноменге айналып отыр. Республика күнін мерекелеудің мемлекет пен қоғам тағдыры үшін қандай маңызды аспектілері бар?
Біріншіден, тарихи аспект тұрғысынан қарастыратын болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылдана отырып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасаған тарихи күн ретінде айқындады. Қазақстан кеңестік республикалардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып өз егемендігі туралы мәселені көтерді, оған түрткі болған оқиғалардың қатарында 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліс бар. Осыған байланысты, тарихшылар мен заңгерлердің пайымдауынша, еліміздің басты мерекесін 25 қазанда, нақ осы декларацияның қабылдануына орай атап өту заңды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып өтіп, бұл мерекенің тарихи маңыздылығын айшықтады.
Екіншіден, саяси-құқықтық негіздегі аспектілер тұрғысынан алғанда, қабылданған декларацияда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері айқындалды. Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтын, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің иесі болып танылды. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек, 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Үшіншіден, Республика күні тойлануының тәрбиелік аспектісіне тоқталсақ. Яғни Республика күні – өскелең ұрпақ пен жастардың сана-сезімі қалыптасуы барысында патриотизмнің, Отанға дейін сүйіспеншілікті және басқа да жағымды қасиеттерін дамытатын тәрбиелік аспекті ретінде түсіндіреміз.
Төртіншіден, бұл он жылдан астам уақыт бойы ұмытылып қалған Республика күнінің мерекеленуінің мәдени-рухани қырлары. Бұл мейрамның қайтарылуының астарында үлкен мәдени мән бар екені күмән келтірмейді. Ұлттық мерекенің мемлекеттің одан әрі рухани бағытта дамуына оң әсері де бар. Осы мейрамның оралуымен елімізге еркіндік, сөз бостандығы құндылықтарының екпіні арта түсуде. Бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» айқын көрінісі.
Еліміздің жас ғалымдар қауымы Республика күнінің жаңғыруын қолдайды, өйткені кезінде 25 қазанды Ұлттық мерекелер күнтізбесінен шығару шын мәнінде қоғамда алуан түрлі сұрақ пен түсініспеушілік тудырды, ел назарын алаңдататын мәселеге айналды. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған алғашқы заң актісі ретінде еліміздің егемендігі туралы декларацияның қабылданған күні лайықты түрде атап өтілуі жастар мен ғалымдар қауымы үшін үлкен қуаныш пен мәртебе!
Айман КЕЛДИНОВА,
Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері
Алматы