Алматы қаласында Республика күніне орай Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыдағы «Медеу» биік таулы кешенінің алаңында Республика күніне орайластырылған «Патриотизм дауысы» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында Мемлекеттік туды көтеру және Әнұран орындаудың салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, студенттер мен әскери қызметшілер қатысты.
Қала тұрғындары мемлекеттік Әнұранды қаланың барлық аудандарында орындады. Мерекелік іс-шаралар «Қыран елім – Қазақстан» флешмобына ұласты.
Айта кетсек, сағат 17:00-де «Астана» алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт басталды. Концерттен кейін кешкі сағат 21:30-да мерекелік отшашу болады.