1989 жылдың желтоқсан айында Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы наурыз айында XII сайланатын Жоғарғы Кеңес сайлауы туралы қаулысы шықты. Ерекшелігі – депутаттыққа кімді кандидат етіп ұсыну арнайы тапсырмамен анықталған жоқ, үміткерлер кандидатурасы жергілікті жерден ұсынылды. Сайлау округтерінің шекарасына сай Жаңаөзен қаласы мен Ералиев ауданы бір округ болып белгіленгендіктен, «Өзенмұнайгаз» басқармасы басшысы, екі кәсіпорын басшысы, шопан мен дәрігер азаматтар кандидат ретінде тіркелді. Кандидатты тіркеу аяқталуға бір күн қалғанда әріптес, замандас азаматтардың ұсынысымен менің де кандидатурам тіркеліп, нәтижесінде, сол кездегі сайлау тәртібі бойынша депутат болып сайландым.
Жоғарғы Кеңеске 360 депутат сайланды. Араларында 7 академик, 48 ғылым докторы мен кандидаты, 11 кеңес одағының Батыры және Социалистік Еңбек Ері болса, 23 депутат КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты еді. С.Нұрмағамбетов, Ө.Жәнібеков, С.Тәкежанов, З.Тамшыбаева, А.Абдулин, Ш.Есенов, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ғ.Қалиев, Ж.Әбділдин, Ө.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, К.Смайылов, М.Шаханов, Б.Қыдырбекұлы, А.Жұмаділдаев сынды еліміздің қайраткер ұл-қыздары, ғылым мен әдебиеттің танымал тұлғалары болды.
Бірінші сессияның алғашқы күніндегі отырыстың күн тәртібіне жаңа мәселе – Қазақ КСР-нің Президентін тағайындау енгізіліп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды.
Мен Жоғарғы Кеңесте экономика ғылымдарының докторы О.Сәбденов төрағалық еткен ғылым мен халыққа білім беру ісін дамыту мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі болдым. Комитетте заң жобаларымен қатар, ғылым-білімге қатысты түрлі мәселелер талқыланып, Білім министрі Ш.Шаяхметовтің есебі жиі тыңдалатын. Осы жылдары ашылғанына он шақты жыл болған Ақтаудағы (ол кезде Шевченко) «Қазақ политехникалық институтының жалпы техникалық факультеті» деп аталатын оқу орнын институт филиалы деңгейінде құру туралы талап қойдым. Біраз талқылаудан соң алдымен филиал ашылып, кейін Гурьев педагогика институтының филиалы келіп, кейін екі филиал бірігіп университет болып іріленді. Қазіргі Ақтау қаласындағы іргелі оқу орны, талай жас маманның бірнеше мамандық бойынша білім алып, маман болып шығуына, ел игілігіне еңбек етуіне жолдама беретін білім ордасы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ осылай дүниеге келген еді.
Жоғарғы Кеңесте 1988 жылы жабылып қалған Маңғыстау облысын қайта құру туралы бастамамыз да қолдау тауып, сайлаушылардың депутаттарға берген басты аманат-тапсырмасы 1990 жылы 17 тамызда орындалды. Осы күні «Қазақ КСР-нің құрамында Маңғыстау облысын құру туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы Е.Асанбаев қол қойған қаулы шықты. Ел-жұрт, белсенділер мен ардагерлер кеңес одағы Конституциясының 6-бабына сәйкес облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Ә.Кекілбаевты ұсынды, алайда облыс басшылығының тізгіні Ф.Новиковке бұйырды.
Депутат ретінде қат-қабат жұмыс ішінде жүріп 1990 жылы өзгерістер кезеңіне келдік. Осы жылы мамыр айына дейін Балтық бойы елдері мен Армения Одақ құрамынан шығып, Әзербайжан мен Грузия егемендік туралы декларациясын жариялады. Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа республикалар маусым-тамыз айларында егемендік декларациясын қабылдап үлгерді. Біз Қазақстанда Президент сайлағаннан кейін Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны әзірлеуге кірістік. Қазан айында декларация жобасын комитеттерде талқылау басталды. Балама жобалар ұсынғандар болды. Талқылау үлкен пікірталаспен, өте қызу жүрді. Ол орынды да еді, өйткені декларация болашақ Конституциямыздың негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі еді. Осылайша 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендік туралы декларациясы қабылданды. Сөйтіп, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялау Қазақстан үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашты, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеу керектігі айқын болды. Осы жылы 15 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен оның төрағасы басшылық еткен 35 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Осы жыл толықтай болашақ Конституцияның тұжырымдамалық ережелерін айқындауға кетті. 1991 жылғы 1 желтоқсандағы президент сайлауынан кейін Конституциялық комиссияның төрағасы болып тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев бекітілді.
1991 жылғы 16 қазанда Е.Асанбаев Қазақ КСР-і вице-президенті болып тағайындалып, Жоғарғы Кеңес төрағасы болып С.Әбділдин сайланды. Сессияда «Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы» заң қабылданып, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң, 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Сан-сапат жұмыстар толқыны тұншықтырған сол аласапыран кезде С.Әбділдин мені 25 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары етіп тағайындады.
Менің еншіме Жоғарғы Кеңестің барлық шаруашылық жағын, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықтау, қауіпсіздік мәселесі, депутаттардың келіп-кетуіне, жұмыс істеуіне, жүріп-тұруы мен демалуына, әлеуметтік, медициналық қызметпен қамтамасыз ету тиісті болды, ал қызметтік міндетіме Ұлттық Банк жұмысын қадағалау, Конституциялық Сот, Қазақ КСР Жоғарғы соты, Қазақ КСР-і Жоғарғы Төрелік сотының, Қазақ КСР Бас прокуратурасының бюджетін, тиісті қаржы құрылымдарынан кейін қарап, Кеңес Төралқасына ұсынуым енді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық, әлеуметтік, қаржы дағдарысы, қолданыстағы Ресей рублінің құнсыздануы республика бюджетіне күн сайын өзгеріс енгізуге мәжбүр ететін.
1990 жылы 15 желтоқсанда «Қазақ ССР-дағы меншік туралы» заңды қабылдауымыз – республика қарамағындағы заңдылықты дамытудың маңызды сатысы болды. Осы актіде Қазақстанның барлық тарихының ішінде меншіктің негізгі қағидаттары мен құқық ұғымдары бекітілді. Заңның өзі заң актілерінің бірқатарының дамуы үшін базаға айналды. Тәуелсіз мемлекетіміз дамудың нарықтық экономикалық жолына бағыт алса, кәсіпкерліктің түр-түрі нарықтың негізі екені белгілі. Сол себепті 1992 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заң қабылдады. Осы заң кәсіпкерлікті қолдау мен қорғаудың негізгі түрлері мен әдістерін белгілейді, мемлекеттің жеке кәсіпкерлікке тікелей араласудан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерлердің барынша еркіндігін, коммерциялық құпияның қорғалуын және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жеке кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін жауаптылығын баянды етеді. Сөйтіп, азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздерінің жекеменшігіне негізделген, тәуекелмен және мүліктік жауапкершілігіне алынып, жүзеге асырылатын, табыс табуға арналған бастамашылық қызметке жол ашылды. Қазіргі елімізде кең орын алып, ел экономикасына өзіндік үлесін қосып отырған шағын, орта, үлкен бизнестің алғашқы қадам басуына мүмкіндік берілді.
Әр саланың тәжірибелі жүйріктерінен, елге танымал тұлғалардан құралған Жоғарғы Кеңес өз қызметін жоғары кәсіби шеберлікпен атқарды. Салаларға қатысты көлемді, кешенді, мазмұнды-мағыналы заңдар қабылданды, ел ішінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, шетелдік сапарлар болды. Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұрып, ел болып кетуіне ғана негізделген маңызды қадамдар болатын. Мен осы аса жауапты кезеңде тәуелсіз еліміздің уығын қадаушылар қатарында болғанымды мақтаныш етемін.
Биыл Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен 25 қазан – Республика күні болып қайта белгіленді. Дұрыс шешім деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бұл күнге қандай қажырлы еңбектермен, үлкен сеніммен жеткен едік, ол кездер сол қалпында көз алдымда. Күн-түн демей, уақытпен санаспай иық тірестіріп, үзеңгі қағыстыра қызмет еткен азаматтардың бүгінде қатары сиреп барады. Сондықтан Республика күні – мемлекет тарихындағы аса маңызды, айтулы мереке, бұл күнде қаншама азаматтарымыздың білім-білігі, қажыр-қайраты, маңдай тері мен ұлтжанды пейілі жатыр.
Қайта оралған Республика күні құтты болсын!
Қайролла ЕРЕЖЕПОВ,
Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымы депутаты,
мемлекет және қоғам қайраткері