Биыл еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің ашылғанына 30 жыл толды. Атаулы дата Республика күні мейрамымен қатар келді. Достық үйінде өткен салтанатты жиында қоғам бірлігін сақтауға үлес қосқан белсенді азаматтарға құрмет көрсетілді.
Республика күніне орай Өскемендегі облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының 30 жылдығын мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIII сессиясының кеңейтілген отырысы және мерекелік концерт өтті.
Достық үйінің табалдырығын аттаған қонақтар бірден ұлттық аспаптардың жанды әуенін тыңдап, қуанышты әсерге бөленді. Этностардың мәдени ерекшелігін бейнелейтін тақырыптық көрме ешкімді бейжай қалдырмады. Сонымен қатар мұнда «Ақ үкі» студиясының шеберлері жасаған қолөнер бұйымдары да ұсынылды.
Салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Даниал Ахметов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Достық үйі мен ҚХА белсенділері, этномәдени бірлестіктердің, шығармашылық ұжымдардың өкілдері, «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелері, қоғам қайраткерлері, өңір жұртшылығы қатысты.
– 1992 жылы Өскеменде ел тарихындағы алғашқы Достық үйі ашылды. Бүгінде облыс аудан-қалаларындағы 7 Достық үйінде 72 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді, түрлі ұлттың 8 тілі тегін оқытылады. Облыста медиацияны ілгерілетудің оң тәжірибесі жинақталған. Бейінді мемлекеттік органдар және кәсіподақтар меморандумдарды іске асыруда. Облыстық Достық үйі базасында медиация кабинетінің виртуалды қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Біз кәсіби және қоғамдық медиаторлардың әлеуетін пайдалана отырып, медиативтік рәсімдерді қолдануды кеңейтуіміз қажет. Мұның бәрі ауқымды этносаралық коммуникацияның тиімді алаңына айналуға тиіс. Осы мақсатта біз 241 қалалық, аудандық, ауылдық қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңестерінің әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов отырыс барысында.
Сонымен қатар ол облыстық Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобына этнографиялық зерттеулер мен толеранттылық мектебінің жобасын жалғастыруды тапсырды.
Облыс әкімі өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Достық үйінің қызметі сапалы жаңа деңгейге көтерілуге, азаматтық қоғамды бұдан да кеңірек тартуға жетерлік әлеуетке ие екенін де ерекше атап өтті.
– Ұлтаралық келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосып келе жатқан Достық үйі Өскемендегі бірегей этноауылдың құрылуына да мұрындық болды. Енді жастармен жұмыс барлық қоғамдық институттар мен Достық үйлерінің базасында жүргізілуге тиіс. «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелері жастарды еріктілер қозғалысына тартуы, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруы, кәсіп алу мен жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруі қажет, – деді аймақ басшысы.
Іс-шара барысында Ғалым Шойкин Шығыс жұртшылығын Республика күнімен құттықтады.
– Біз облыстық Достық үйінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Дәл осы Шығыс Қазақстанның тәжірибесі бүкіл елімізде 40-тан астам Достық үйінің құрылуына негіз болды, сондықтан оның орны мен сіздер атқарып отырған жұмыстың маңызы ерекше. Алдағы уақытта да сіздерден тың жобалар мен идеялар күтеміз. Баршаңызға бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы күнделікті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді ол.
Өскемендегі тұңғыш Достық үйі 30 жыл бойы өңірдегі татулық пен келісім ордасы ретіндегі миссиясын абыроймен атқарып келеді.
Сессия қорытындысында облыс әкімі ҚХА көшбасшыларына құрмет грамоталары мен наградалар табыс етті. Олардың қатарында тұңғыш Достық үйінің іргесін қалауға зор үлес қосқан Лео Шик, Татьяна Кагерманова, Карен Нариманян, Күлбарам Етекбаева, Роза Цис, Александр Алексеенко, Майра Бейсеқанова, Галина Борисович, Евгений Шумахер, Александр Яковлев сынды өңірге белгілі адамдар бар.
– Ел Президенті атап өткендей, бүгінде этносаралық факторды саясаттандыруға жол бермеу үшін Ассамблеяның саяси реформалардағы рөлін күшейту қажет. Ассамблея мүшелері облыстық мәслихаттың, жұртшылық кеңестерінің құрамына енеді және ұлтына қарамастан адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. Ассамблея ақпаратты берудің және сындарлы диалог үшін жағдай жасаудың ең озық әрі заманауи құралдарын пайдаланады. Дәл осы адамдар елімізді өркендетуге бағытталған үйлесімді және ортақ жұмыстың үлгісі болып отыр, – деді Даниал Ахметов.
Жиында сөз сөйлеген облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарихшы Александр Алексеенко ұлтаралық қарым-қатынастардың жай-күйіне жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Ғалымның пікірінше, бұл саладағы түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алу үшін көпшілікпен жан-жақты түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу маңызды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі Алдияр Әубәкіров Өскеменде репрессия құрбандарына арналған ескерткіш орнату туралы ұсыныс білдірді. Жоба эскизі дайын, қаржы мәселесі шешілсе, ескерткішті келер жылдың 31 мамырында ашуға болады.
Ал республикалық татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері қауымдастығының президенті Ғабдулхай Ишмуратов Өскемендегі этноауылда татар елімен бірлесіп сабантой өткізуді ұсынды. Татарстанда біздің үлгіге сай Достық үйлері ашылған, олар Шығысқа келуге ниет білдіріп отыр. Аймақ басшысы идеяны қолдап, осы жөнінде Татарстан президентімен тікелей хабарласатынын жеткізді.
«Ассамблея жастары» қозғалысының мүшесі Аяулым Қарқын құрбы-құрдастарын ұйым жұмысына белсенді атсалысуға үндеді.
Концерттік бағдарламаға жиналған қауымды өзінің ауқымымен және жанрлық алуандығымен тәнті етті. Ұлттық және патриоттық ән-билер көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шығыс Қазақстан облысы