Алатаудай алып құстың қос қанатын жайлаған қазақ пен қырғыз бауырластығы – қадым заманнан ән мен жырға, аңыз бен шығармаға айналған. Жыр алыбы Жамбылдың: «Екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің, қазақпенен қырғызым, нағашым мен жиенім» деген өлеңі тереңнен тамыр тартқан аталы сөз. Бір-біріне сәуле түсіріп, сын сағатта ұлт тағдырын зерделеген Әуезов пен Айтматов биігі – екі елдің әзелгі туыстық ұранын одан әрі айқындай түскендей.
Еліміздегі Қырғыз мәдениеті күндерінің аясында Ұлттық академиялық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» атты форумы өтті. Алқалы жиынға Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, әдебиеттанушы, Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров, ақын, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Ал Қырғызстан тарапынан Қырғыз Республикасының Батыры, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетхан Шерімқұлов, КСРО Халық әртісі Самарбубу Токтахунова, қоғам қайраткері, Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Розетта Айтматова, Қырғыз КСР Халық әртісі Рейна Чокоева, ҚР ҒА академигі Абдылдажан Акматалиев, Жазушылар одағының төрағасы Нурлан Калыбеков, Қырғызстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Саламат Садықовалар қатысты.
Кештің әлқиссасында жазушы, манасшы, жақында ғана Түркияда алты күн, алты түн «Манасты» жырлап, Гиннестің рекордтар кітабына енген Асан Ахматов жырдан үзінді оқып, жиылған қауымның рухын көтеріп, жігерін жаныды. Таудан құлаған тас бұлақтай дауылды шумақтар қырғыз даласының сексеуіл бұтағындай тарамдалған адыр-жазықтарын, жалынды, жалғандыққа төзбес отты мінезін танытқандай.
Жиын барысында сөз алған Бауыржан Омаров екі елдің арғы-бергі әдеби шежіресінен сыр суыртпақтап, мысал келтірді.
«Қазақ пен қырғыздың әдебиеті бір-біріне өте жақын, мәселен, бізде екі елдің әдебиетіне ортақ тұлғалар бар. Мысалы, Асан қайғы, Жиренше шешен, Толыбай сыншы біздің әдебиеттің басында тұратын тұлғалар ортақ. Тіпті біздің Қыз Жібегімізді қырғыздар өзінің он томдық әдебиетіне қазақтың мұрасы, көрші елдің мұрасы деп құрметтеп кіргізді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Айматовты айтар болсақ, біздің елде ең көп оқылатын жазушы деп айтуға болады. Оның шығармаларын, кейіпкерлерін оқырмандар жақсы көріп, сүйіп оқиды. Айтматовтың қазақ өмірінде рухани тұрғыдан қаншалықты орын алатынын білесіздер. Статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда Шыңғыс есімімен аталатын 9040 адам бар. Ал Чингиз есімі бар 1366 адам бар. Міне, қазақтың рухани әлемін жайлап алған тұлғаны осыдан біле беріңіздер. Біз Шыңғыс ағаның рухын қадірлейміз. Әрқашан рухы шат болсын, биікте болсын», деді ол.
Сондай-ақ форум аясында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған деректі фильм көрсетілді. Жазушылардың аумалы-төкпелі кезеңде ұлт тағдырын қыннан суырған қылыштай өткір, батыл үнмен шынайы жаза білгенін баян етті. Ойлау жүйесі космостық биікке көтерілген Айтматовтың бір халықтың тағдырына жасаған қыруар еңбегі әуезді сазбен баяулата жеткізілгенде, көңіл қылын тербетті.
Сөз кезегін алған Қырғыз Республикасының Батыры, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетхан Шерімқұлов толқып сөйледі, толғана, әр сөзін нықтап тіл қатты.
– Құрметті қазақ туғандар. Біріншіден сіздерді Республика күнімен құттықтаймын. Мейрам құтты болсын. Қазақ пен қырғыз қай кезеңде де бірге болып келеді, өйткені бізді Құдай қосқан. Бүгінгі тақырыпқа ойысар болсам, Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қырғыз тарихында өшпес атын қалдырған ұлы адам. Біз қазақ ақын-жазушыларын құрметтеп жақсы көреміз, соның ішінде Әуезовтің орны ерекше. Елуінші жылдары қырғыздар өзара дауласып, «Манас» эпосы керек пе, керек емес пе деп жатқанда Әуезов сол жиналысқа қатысып, «Манас» эпосының қырғыз елінің төл байлығы болып қалатыны жайлы айтып кеткен сөзі үлкен тақырыпқа жүк. Қырғыздар мұны еш уақытта ұмытпайды. Екіншіден, «Жәмила» повесі жөнінде дау туындап, мұндай шығарма қырғыз елінің бүгінгі менталитетіне, мораліне сай келе ме деп Шыңғыс Төреқұлұлын тұс-тұстан қудалау басталғанда, ең кесімді сөзін айтып, шығарманы әлемге жайған да Мұхтар Әуезов еді. Айтматовтың жолын ашып, дүниеге танытқан заңғар жазушының еңбегін бүгін жан-жүрегімізбен сезініп, рахмет айтамыз», – деді.
Мұнан соң белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов сөз алып, екі ел арасындағы тығыз рухани байланыс жөнінде толғады.
– Аса құрметті бүгінгі меймандар, бауырлар! Бүгінгі тақырыптың өзі, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов әлеміне арналып отыр. Бұл екі тұлғаға бүкіл әлем бізден бұрын баға беріп жатыр. Біз онымен мақтанамыз, мұхиттың шексіз тереңіндей қайнарынан сусындаймыз. Бүгін қатарларыңызда белгілі, елге танымал кісілер келіп отыр. Айталық, Саламат Садықова бүкіл қазақ таласатын қыз. Сондықтан да Саламат екі елге ортақ өнерпазымыз. Ал Мұратбек бауырымызды той-жиындарда, өнер адамдарының мерейтойларында болсын кездестіріп тұрамыз. Шыңғыс ағамыздың қарындасы Роза апамыз да бүгін біздің ортамызды толтырып отыр. Бір байқағаным, жеке басы әртүрлі жағдайды басынан өткеріп жатқан кісілер Әуезовті, Айтматовты оқып дертіме шипа табамын, өзімді қайраттандырып, өмірге көзқарасымды қалыптастырамын деп жатады. Қазақ пен қырғыздың бүкіл дүние жүзіне мақтана алатын рухани байлығы бар. Соны біз құнттап, ескеруіміз керек, – деді.
Бет-пішімі Шыңғыс Айтматовтың өзіне ұқсаған, қоғам қайраткері, жазушының қарындасы Розетта Төреқұлқызы Айтматова сөз тізгінін алып, елуінші жылдары үйіне Әуезовтің қонақ болғаны жөнінде қызықты естелігімен бөлісті. Тоқсанға таяған апамыздың бойынан Айтматовтың биязы, ұяң, адал, ізгіліксүйгіш мейірімді кейіпкерлерінің болмысын байқадық. Орынды, байыпты сөйлеген жазушының қарындасы көпшілікке жаңадан жазып шыққан «Ата-бейіт» кітабын үлестірді.
Айтматов әлемі – шуақты, ақ адал, кісі жанын езіп жіберердей нәзік әлем. Қос жазушыға арналған тағылымды отырыста біз сол әлемнің бөлшегін, атмосферасын сезінгендей болдық. Ізгілік атты алып ағашқа тамыр жіберген жазушы мұрасына тағы бір шомғандай, сол арқылы қайта түлеп катарсиске түскендей сезім кештік. Сірә, талант байлығы, тұлға ұлылығы деген осы болса керек.