Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қарағанды қаласында орналасқан дағдарыс орталығындағы әйелдермен кездесті.
Орталық зардап шеккендерге әлеуметтік-психологиялық және құқықтық жәрдем көрсетеді. Салтанат Тұрсынбекова өз сөзінде қазіргі жағдайға қарамастан, кез келген қазақ әйелінің білім алуға, денсаулыққа, мансапқа, ұрып-соғусыз, қорлаусыз қалыпты өмір сүруге құқығы бар екенін айтты. «Әйелдердің жылағанын қаламаймын. Олардың қиналмауы үшін барымды саламын. Бұл үй сіздің уақытша панаңыз, еріксіз осында келуге мәжбүр болдыңыз. Өйткені сіз өмір мен өлімнің бірін таңдап, балаларыңызды құтқаруыңыз керек еді. Сіз өзіңізді қажетсіз сезінбеуіңіз керек. Сіз мықтысыз!», деп орталықтағы нәзік жандарға қолдау көрсетті.
Кандидат қазақ қоғамында әйелдерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек деп есептейді. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды бағып отырған азаматтардың зейнеткерлік жасын 58-ге дейін қысқартуды, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін (зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар және шәкіртақы) арттыруды енгізгенін айтты. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тиімді шараларды қабылдау да назардан тыс қалмайды. Айта кету керек, Салтанат Тұрсынбекова тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің мәселелерімен жақсы таныс. Ол бұған дейін «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасына бастамашы болғанын атап өткен жөн.