• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 28 Қазан, 2022

Келелі конференция

249 рет
көрсетілді

Астанада «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Аталған іс-шараға елімізден 1500-ден аса мұғалім мен ғалым қатысты, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланд, Жапония, АҚШ, Аустралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінен белгілі педагогтер келді.

Конференцияның салтанатты ашылуына Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қатысып, форум жұмысына сәт­тілік тіледі. Бұдан кейін іс-шара­ның ауқымды күн тәртібі «На­зар­баев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты да­мыту» атты баяндамасында ай­қын­дал­ды.

Жалпы, бұл форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам кон­­текстіндегі функционалдық са­­уат­ты­лық, жас мұғалімнің кә­сі­би дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инно­ва­циялар, мектепте жайлы орта құ­ру, инклюзивті және дербес­тен­дірілген оқыту, цифр­лық мұ­ғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интел­лекті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұра­ныс­қа ие басымдықтар бар.

Халықаралық конференцияға әлемдік білім беру саласының таны­мал өкілдері қатысты. Атап айтсақ, Финляндиядағы Ювяс­кюль университеті тобының Educ­luster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жө­нін­дегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд уни­вер­ситетінің балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емти­хандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көп­тілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония) секілді мәр­те­белі меймандар Аста­наға ат басын бұрып келді.

– Болашақ үшін біз қазір өзге­руіміз қажет. Бір сөзбен айт­қан­да, бұл – болашаққа дайындық. Осы конференциядан жағымды әсер алдым. Мен екі-үш жылдың көлемінде Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің эксперттерімен жұ­мыс істеп келемін. Біз жаңа бағ­дар­ламалар ойлап тауып, зият­керлік мектеп қызмет­кер­ле­ріне білім береміз. Сондықтан мен жаңа ақпарат беру үшін емес, серіктестікте болып, атқарылған жұмыс­тардың нәтижесін көру­ге келдім. Қазақстан мен Финлян­дия­ның білім берудегі ұқсастығы мынада: біз де шетелдік тәжірибені түбегейлі енгізбей оны отандық бағдарламалармен ұштастыруға тырысамыз, – деді Ювяскюль уни­верситетінің Edcluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш.

Ал Португалиядан келген Лу­со­­фон университетінің арна­йы білім беру кафедрасы дирек­то­рының орынбасары Люсия Лима-Родригес Астананы көр­геніне қуанышты екенін, конфе­рен­цияның жоғары деңгейде әрі қы­зықты өтіп жатқанын және Қа­зақ­станда оқушылардың білім алуына үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Менің конференцияға келу­де­гі мақсатым – ел мен эконо­миканың дамуы үшін мек­тепке дейінгі білім берудің маңыз­ды­лығы мәселесін көтеру. Мен ата-аналар үйде немен айналы­са­тыны, мұғалімдер мен тәрбие­ші­лердің іс-әрекеттері жайында айтамын. Сондай-ақ түрлі ше­бер­лік сабақтарын өткізіп, өзім­нің Ұлыбританияда 3,5 мың адаммен 17 жыл бойы жүргізген зерттеуімнің есебін ұсынамын. Мен өзім де көп нәрсе үйрену үшін келдім. Себебі конференция  халықаралық деңгейді өтеді, – деді Оксфорд университетінің балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж.

Өз кезегінде Корей білім бе­руді дамыту институтының ғы­лыми қызметкері Сунг Джи Парк технологиямен тығыз байланыс­ты білім беру тақырыбын ке­ңі­нен сөз етті. Бұл ретте жасанды интеллект жайында да айтып, оның дәстүрлі оқыту формасымен қалай үйлесім табатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ кореялық қонақ Назар­баев зияткерлік мек­теп­терінің тә­жірибесі Оңтүстік Корея мек­теп­терінің тәжірибесімен ұқсас екенін атап өтті.

Конференцияның жарқын сәттерінің бірі Нидерландтағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рә­сімі болды.

– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол шындықтың, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарт­тарын, сондай-ақ конкурстық ірік­теу жүйесінің халықаралық та­лаптарға сәйкестігін растайды, – деді RCEC сертификатын табыс­таған Арнольд Дж.Брауэр.

Сонымен қатар дәстүрлі конференция алаңында NIS-тің «Қа­зақстан халқына» қоры және «Aitas KZ» холдингімен бірігіп іске асырып жатқан «Ауылдық жер­дегі тірек мектептердің әлеу­етін дамыту» ауқымды жоба­сы­ның қаты­су­шы­ларына паспорт табысталды.

Алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мәселелері, соның ішін­де, ең алдымен, зерттеулердің са­пасы және ұзақ мерзімді әсер­ге арналған секциялық оты­рыс­тар­дың тұтас сериясы өтті. Сұ­­ранысқа ие секциялар қатарын ба­лаларға қа­уіп­сіз және жайлы орта – қала, ауыл мектеп құ­руға бағытталған арнайы отырыс­тар то­лықтырады. Бұған қоса ең­бек жолын жаңадан бастап жат­қан педагогтердің білік­тілігін арт­ты­ру­ға бағытталған арнайы секция NIS-тің тамыз айын­да ұйым­дас­тырған жас мұғалім­дер­дің рес­публикалық форумы­ның заң­ды жалғасы деуге болады.

Панельдік пікірталастар мен секциялық отырыстардың ауқым­ды топтамасы мұғалімнің кә­сі­би капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көр­сететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеуіне арналды. «Сөзден – іске» ше­бер­лік сабақтарында қа­зақтың ұлы ұс­таздарының шы­ғар­­­машылық мұ­ра­сы басты та­қы­рыпқа айналды. Олардың танымал туындыларына қазіргі бі­лім ошақтарындағы сұраныс жайында «Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы еңбектерін бастауыш сыныптарды оқытуда қолдану» атты ше­бер­лік сабағын дайындаған Білім беру бағдарламалары орта­лы­ғының өкілдері Қаламқас Бай­тенова, Перизат Биғазина, Жанат Қажығалиева баяндады.

Автограф-сессияда конферен­ция қатысушылары балаларға арналған қазіргі қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын жазып жүр­ген белгілі отандық жазушы­лар мен суретшілер – Сауран Қастеев, Әсел Имайо, Асқар Алтай, Мейірхан Жылқыбай, Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Ольга Гумирова, Зәуре Төреханмен кездесті.