• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қазан, 2022

Мәдениет қызметкерлерінің мерейі

216 рет
көрсетілді

Өнерде жүрген 40 қарағандылыққа жаңа баспана бұйырды. Осы салада еңбек ететін, жылдар бойы үй кезегінде тұрған мамандарға пәтерлер Доскей ауылынан берілді. Облыс басшылығының айтуынша, алдағы уақытта тағы 100 пәтерлі екі үй ел игілігіне тапсырылмақ.

Аймақта мәдениет қызмет­кер­ле­рі­нің баспаналы болуы – облыс әкімі назарында тұрған мәселе. Бұған дейін бірқатар маман Саран және Ақтас кентінен пәтер алған-ды. Онда 30 пәтер кілті табысталған. Мұғалімдер мен дәрігерлер де үй­мен қамтылуда. С.Сейфуллин атын­да­ғы академиялық қазақ драма теат­рының труппа меңгерушісі Жанар Рахмановаға үш бөлмелі пәтер тиді.

– Кәмелетке толмаған екі балам бар. Бүгінге дейін пәтер жалдап кел­ген едік. Үйіміз – үш бөлмелі. Кең, еңселі, үлкен, бәрімізге жетеді. Қуаны­шымызда шек жоқ, – дейді Жанар Рахманова.

Сонымен қатар өңірде кеншілер, металлургтер және жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген ипотека бар. Мұның сыртында өзге де мемле­кет­тік бағдарламалар арқылы да баспана алғандар көп. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Республика күніне орай Теміртауда 90 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Ал жыл со­ңы­на дейін Қарағанды облысында түрлі бағдарламалар есебінен 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады деп күтілуде.

Мерекеде металлургтер мекені әлеуметтік нысандармен толыға түсті. Атап айтқанда, Теміртауда жаңа емхана ашылды. Емхана мемлекет жекеменшік әріптестік аясында екін­ші шағын ауданда салынды. Жаңа емханаға 20 мың адам тіркеле алады. Сондай-ақ теміртаулықтар қуа­нышын «Одиссей» мәдени-сауық­ты­ру кешенінің пайдалануға берілуі есе­лей түсті.

 

Қарағанды облысы