Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұжымды алдағы кәсіби мерекесі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнімен құттықтады.
«Он жылдан астам уақыт бұрын Президенттің Жарлығымен қазанның соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Құрметті әріптестер, менің шын жүректен құттықтауларымды қабыл алыңыздар! Сіздерге ерекше назар мен қамқорлықты қажет ететін адамдардың проблемалары жүктеледі. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, жұмыссыздардың және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының жағдайын жақсартуға қосып жатқан үлесіңіз айрықша. Мейірімділік жүректен шығады, жақсылық тілектен туады. Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері, осы айтулы күн қарсаңында сіздерге амандық пен бақыт тілеймін! Сіздердің еңбектеріңіз Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп, барлық бастамаларыңыз әрқашан сәттілікпен аяқталсын», деді Т.Дүйсенова.
Салтанатты жиын барысында ведомствоның 15 қызметкері «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар сынды түрлі марапаттарға ие болды.