• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қазан, 2022

Баспасөздің басты проблемасы қандай?

419 рет
көрсетілді

Елордада Astana Media Week-2022 апталығының екінші күнінде де ақпарат саласына қатысты маңызды мәселелерге кезек беріліп, мазмұнды кездесулер өтті. Бұл күні сала өкілдері сериал индустриясының жаңа кезеңі, жарнама нарығының болашағы, радио хабар таратудың жай-күйі, журналистердің кәсіби құзіретінің өзгеруі және басқа да тақырыптарды қызу талқылады. Сонымен қатар бас редакторлар форумында баспасөздің келешегі туралы пікір алмасты.

Медиа апталық аясында баспасөз өкілдері «Баспа БАҚ трансформациясы» тақырыбында өткен сессияда отандық газет-журналдардың келешегіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Аталған жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан баспасөзді қолдау бағытында атқарылып жатқан ілкімді іс-шаралар жөнінде айтылды. Көпшілікті елең еткізгені – басылымдарды қосымша құн салығынан босатудың қарастырылып жатқаны туралы жаңалық болды. Сонымен қатар газетті тарату ісінде де көптеген игі шаралар қолға алынбақ.

Жиын модераторы – «National Geographic Qazaqstan» журналының жа­уапты редакторы Айбын Шағалақ цифрлық жүйе дамыған сайын оқырманы азайып бара жатқан газет-журналдар ақпарат алаңындағы орнын сақтап қалуы үшін қандай қадамдар жасап жатыр деген сұрақты ортаға тастады.

Бұл ретте «Жас қазақ» газетінің редакторы Срайыл Смайыл баспасөздің ғұмырын ұзарту үшін нарыққа бейімделіп, табыс табудың тың тәсілдерін іздеу маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі күні редакция газетке оқырман тартумен қатар басылымның интернет ресурсын дамытуға да айрықша назар аударып отыр. Бұдан бөлек, продюсерлік орталық арқылы шағын фильмдер түсіру де жолға қойылған. Бұл да газет үшін қосымша табыс әкеліп отырған жоба.

– Осыдан он жыл бұрын қазақ газеттері жойылады деген болжамдар жасалған. Бірақ уақыттың өзі көрсетіп отырғандай, жоғала қойған жоқ. Қарыштап дамыған Жапонияның өзінде қазір жастарды кітапқа жақындату мемлекеттік тұрғыда қолға алынып жатыр. Өйткені цифрлы техника алдымен адам денсаулығына зиян. Интернет адамның ойлануына мүмкіндік бермейді, жалқаулыққа жетелейді. Сонымен қатар әлеуметтік желі дамыған сайын сауатты жазатындар қатары кеміп кетті. Алдымен ақпаратты сайтқа жедел орналастырып, сонан соң газетке сараптап берсек, ұтарымыз көп. Газеттегі сараптама, очерк, эссе, толық сұхбаттар бәсекелестікке төтеп берудің басты құралы болып қала бермек. Жасыратыны жоқ, көптеген ұжым ең әуелі қаржылық жағдайды шешуге тырысып, содан кейін ғана газеттің мазмұнына мән береді. Оқырманға сапалы өнім ұсыну үшін журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға, сараптамалық мақалаларға басымдық беруге баса назар аударған жөн, – дейді Срайыл Смайыл.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов басылымдар әу баста жаңа ақпараттық технологияларға тосырқай қарағанын айтады. Десе де, уақыт өте келе жаңашылдықтан айналып өту мүмкін емес екеніне көз жетіп отыр.

– Осыдан он шақты жыл бұрын дәстүрлі БАҚ өкілдері жаңа медиаға жатырқай қарағаны рас. Бірақ басылымды сақтап қалу үшін жаңашылдық көшінен қалмау маңызды екенін түсінді. Қазір басылымдардың барлығы дерлік жаңа технологиялардың көмегіне сүйеніп, ақпарат нарығында барынша бәсекеге қабілетті болуға әрекет етіп жатыр. Десе де, бұл үдеріс баяу жүріп жатқанын атап өткен жөн. Өз тәжірибеміз жайлы айтар болсақ, осыдан 5-6 жыл бұрын басшылықтың бастамасымен «Egemen Qazaqstan» газетінде арнайы стратегия қабылданған болатын. Оған сәйкес, ең алдымен газеттің мазмұнына өзгеріс енгізу, күнделікті ақпараттан гөрі талдауға, сараптамаға басымдық беру көзделді. Бұған қоса басылым сайтын қайта құрып, дербес ақпараттық ресурс ретінде дамыту қарастырылды. Сондай-ақ ақпаратық тапсырыс пен жарнаманы тек газетке ғана емес, сайтқа да көптеп тарту міндеті белгіленді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін бергенін көріп отырмыз. Қазір сайт оқырмандары да артты, жарнама берушілер де көбейген, – дейді Қамбар Ахметов.

Ал «Аргументы и факты» газетінің бас редакторы Евгений Грюнберг «трансформациялау көшінен қалып бара жатсақ та, жоғалтқан түгіміз жоқ» деген пікірде.

– Қиын-қыстау кезеңдерде басы­лымның таралымы төмендеген жоқ. Яғни трансформациялауға баса назар аудармасақ та ұпайымыз түгел. Кей­де интернет ресурстар таратқан ақпа­ратқа қарап, жаңашылдықтың игілігі сезіл­мейтінін айтқым келеді. Тақырыбы «жер жарады», шын мәнінде іліп алар ештеңе жоқ. Мұндай кезде толық зерттел­ген мақала ұсынатын басылымдардың мәр­тебесі жоғары екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас, – деді Е.Грюнберг.

Жиынның қорытынды сөзін айтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов отандық БАҚ-ты қолдау жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді. Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі күні министрлік отандық басылымдарды қосымша құн салығынан босату мәселесін қарастырып жатыр. Сонымен қатар біраз жылдан бері күрмеуі шешілмеген мәселе – газеттерді тарату ісін жолға қою бағытында нақты іс-шаралар қолға алынып жатқан көрінеді.