Ел астанасындағы өткен ауқымды іс-шара Жамбыл ақын: «Екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің, қазақ пенен қырғызым, нағашым мен жиенім» деп жырлаған бауырлас һәм бір туған қырғыз өнеріне арналды. Бірнеше күн бойы қырғыз мәдениетіне қанықтық: киносын көрдік, әнін тыңдадық, суретіне таңғалдық, биіне қол соқтық. Жалпы, сонау «Манастан» тамыр тартатын қырғыз өнерінің қай саласында да ғажап бір үйлесім бар. Шыңғыс Айтматов, Төлемүш Өкеев, Болат Шәмшиев, Сүйменқұл Чоқморов, басқа да қырғыздың таланттары әлемдік деңгейдегі өнер жасады. Бәлки, бұл да әйгілі «Манастың» күші шығар.
Қырғыз киносы күндерінің ашылуымен басталған іс-шаралар көрмелер мен концерттерге, дөңгелек үстел мен спектакльге ұласты. Мәселен, кинокөрсетілім күндерінде «Акыркы көч» (режиссері Б.Мұқұл), «Дарак ыры» (режиссері А.Дайырбеков), «Шамбала» (режиссері А.Суйундуков), «Көл» (режиссері А.Суйундуков) картиналары ұсынылды.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесіп, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, Астанада Манас ескерткішін орнату, «Еуразия» кинофестивалін және көшпелілердің дүниежүзілік ойындарын өткізу мәселелері талқыланды.
Одан бөлек Ұлттық академиялық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов» форумы өтті. Іс-шара, ең алдымен екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуды мақсат етті. Атап айтқанда, тараптар екі заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының мәдениетаралық ынтымақтастықтағы рөлін талқылады. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шығармашылық және ғылыми зиялы қауымы қатысты.
Ал Ұлттық музейде қырғыз суретшілерінің шығармашылығына құрылған «Бастау» көрмесі ашылды. Дәл осы күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры сахнасында қырғыз өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Аталған кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель қатысты. Президенттер Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған «Ықылым мұрасы» көрмесімен танысты. Ал сахнада «Манас» эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды.
Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауырластығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейнесін сомдап, екі халыққа кең тараған ән-күйлерді орындады.
Ал келесі күні «Манас» эпосына арналған концерт және Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі мен Чалагыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті ұсынылды.
Қырғыз мәдениеті күндерінің салтанатты жабылуында Тоқтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Саманчынын жолу» спектаклі қойылды. Айта кетейік, бұл Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» шығармасының желісімен қойылған. Спектакльдің режиссері Марат Козукеев. Шығармада адамзат баласының соғысқа қарсылығы, бір тағдыр арқылы Жер бетіндегі барша әйелдің трагедиясы, өмір үшін күрес суреттеледі. Қойылым аталған театр репертуарына жуырда қосылған.
Салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ең алдымен қырғыз делегациясына алғыс айтты.
«Қырғызстанның мәдениеті күндері делегациясын бастап келген Алтынбек Мақсұтов мырзаға алғыс білдіремін. Сонымен қатар мәдени іс-шараға қатысқан 300-ден астам халық әртістері, халық ақын-жазушылары, кино майталмандары, ғылым докторлары және КСРО халық әртісі Самара Тоқтақұнова бастаған қоғам қайраткерлеріне зор алғыс айтамын. Ал бүгін, Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениеті күндерінің Тоқболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Саманчынын жолы» қойылымымен аяқталуының өзі символикалық мәнге ие», деді вице-министр.
Сондай-ақ ол Қырғызстанның театр өнерімен танысуымыз мұнымен бітпейтінін, қарашаның 1-7 күндері аралығында Алматы қаласында өтетін Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі аясында өз жалғасын табатынын атап өтті.
Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов та қазақстандық тарапқа іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін ризашылығын білдірді.
«Ұлттар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында жыл сайын түрлі халықаралық іс-шаралар өткізіп келеміз. Алайда Қазақстандағы бүгінгі мәдениет күндеріміздің маңызы ерекше. Қырғыз бен қазақтың бір туғандай жақын екені тарихта дәлелденген. Екі халықтың өнері мен мәдениеті, салт-дәстүрі тереңнен тамыр тартады. Қырғыз мәдениеті күндері аясында өткен әр тараптағы іс-шаралар жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Сол үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта екі жақты мәдени, әдеби, спорт, жастар саласындағы байланыстар беки түседі деген сенімдемін», деді қырғыз министрі.
Айта кетейік, Қырғызстан мәдениеті күндері делегациясын Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясатының министрі Алтынбек Мақсұтов басқарып келді. Мәдени іс-шараға Қырғызстаннан 300-ден астам адам қатысты. Атап айтсақ, халық әртістері, халық ақын-жазушылары, кино майталмандары, ғылым докторлары және КСРО халық әртісі Самара Тоқтақұнова бастаған қоғам қайраткерлері, Тоқтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Әбдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры, Камералық хор және камералық оркестр Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясы, Нұрдин Түгелов атындағы «Ақ марал» мемлекеттік би ансамблі, Шалағыз Исабаев атындағы «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қарамолдо Орозов атындағы халық аспаптар академиялық оркестрі, Асанқан Жұмахматов атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «Манас» ұлттық театры, Қырғызстан жазушылары, суретшілері мен кинематографистер одағы, Қырғызстан ұлттық тарихи музейі, «Ақақ» комузистері, дизайнерлер мен режиссерлер бар.